Сын айтып, сенім білдірді
Сын айтып, сенім білдірді
170
оқылды
Талқылау соңында құжаттар мақұлданды. Енді оны қос палата бірлескен оты­рысында бекітуі тиіс. Сонда Парламент қазіргі Үкіметке сенім білдіргенін паш етеді. Дегенмен, жиын барысында біраз сын айтылды, түйткілді мәселелер тілге тиек етілді. Мысалы, 2019 жылы Өңірлерді дамыту мембағдарламасын жүзеге асыруға 307,5 миллиард теңге жұмсалған. Соның 1 миллиардқа жуығы (997 млн) игерілмепті. Игерілген миллиардтардан келген қайтарым мен пайда шамалы. Қаржыландырылған жобалар өндірістің өсуіне серпін бермеді. Тек қалаларда көшет пен гүлзар отырғызу, шағын сәу­лет туындыларын орнату секілді ағым­дағы абаттандыруға, инженерлік коммуникацияларды қалыпты деңгейде ұстап тұруға шығындалған. Оның үстіне, ауыл халқын орта­лық­тандырылған ауызсумен қамту 84,4%-ды құрады. Ол ауылдарда 6,5 миллион адам тұрады. Шынында, ауылдықтардың 7,7 миллионы құбырмен үйіне дейін келе­тін таза суға қол жеткізуі тиіс бола­тын. Сондықтан сенаторлар осы бағдарламада қойылған «өңірлердегі ха­лықтың әл-ауқатын жақсарту» мақ­сатына қол жеткізілмеді деген байламға келді. Ал қабылданған шаралар және басқару­шылық шешімдер тиімсіз деп танылды. Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунованың айтуынша, Үкімет мұнайға тәуелділіктің төмендеуіне қол жеткізбеді. 10 жыл бойы өңдеуші сектордың үлесі 11%-дан аспауда. Экспорттың құры­лымында минералды өнімдер 70%-ды құрайды. – Халықтың нақты табысы 5,5%-ға өскен. Алайда халықтың шығысында азық-түлік тауарларының үлесі 50%-ға дейін жетті. Тіпті, Ресей мен Беларусьте тамақ шығыны табыстың бір ширегінен аспайды. Дамыған елдерде одан да төмен. Халықтың банктердегі кредиті өсіп барады. 2019 жылы тұтыну кредиттерінің өсуі халықтың атаулы табысының 15%-ынан асып түсті. Жалпы алғанда, мем­лекет көрсеткен айтарлықтай қол­дауға қарамастан, соңғы 5 жылда ел эконо­микасындағы банк секторының рөлі төмендегені байқалады. Оның активтері ЖІӨ-ге шаққанда 2015 жылғы 60%-дан өткен жыл қорытындысында 40%-ға дейін кеміді. Банктердің несие қоржыны ЖІӨ-ге шаққанда екі есеге қысқарды. Берешектің өсуі жалғасуда. Бизнес үшін қолжетімді және «ұзын» ақша бұрын болмады, сол бойы жоқ, – деді Есеп комитетінің басшысы. Бюджетті жұмсау кезінде 2019 жылы 428 миллиард теңге тиімсіз пайдаланылып кеткен. Бұл алдыңғы жылғыдан 3 есе артық. Мәселен, Қазақстанда «сақалды» жобалар көп. Яғни, басталуын басталып, алайда түрлі себеппен аяқталмаған, әйт­се де халық үшін маңызды жобалар же­терлік. Өңірлерде жалпы құны 52 млрд теңгені құрайтын осындай 43 жоба анықталып отыр. Оларға 34 миллиард салынған. Ал жобалардың қашан аяқ­та­латыны туралы тіпті болжам да жоқ. Жүзеге асырылып жатқанына 10 жылдан асқан 1 жоба, 5 жылдан 10 жылға дейінгі 23 жоба, 5 жылға дейінгі 19 жоба табылды. Оларды аяқтау үшін енді қосымша ресурс­тар сұралады.  

А.ШӘРІП