«Біз Абайды насихаттауды жалғастыра береміз» – Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова
«Біз Абайды насихаттауды жалғастыра береміз» – Мәдениет және  спорт  министрі Ақтоты Райымқұлова
290
оқылды
Осы уақыт ішін­де мә­дениет саласында қандай игі істер ат­­қарылды? Нен­дей кемшіліктер болды? Нені жүзеге асыра алдық? Ми­нистрдің бұ­ған айтар ойы қандай? Бүгінгі әңгі­ме­міз де осы төңіректе өрбіді.  – Құрметті Ақтоты Рахметоллақызы, мәдениет пен спорт саласы тізгінін ұстағаныңызға 1 жыл бол­ды. Дегенмен бұл саланы жетекке алған адам­ның үнемі көзге көрінбейтін «от пен оқтың» ор­тасында жүретіні жасырын емес. Осы 1 жыл ішінде қан­дай нәтижелі жұмыстар атқарылды? Неге қол жеткіздік? – Бүгінгі күні министрлік өз жұмысында Елба­сы­ның «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың же­ті қыры» мақалаларын, Мемлекет басшысының «Сындарлы  қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақ­тылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жол­дауының Қазақстан Республикасындағы туризм, тілдерді дамыту бағдарламаларын басшылыққа ала­ды. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәдениеті жоғары, тари­хи танымы орнықты, ойы сергек елдің рухы да биік» деген сөзін негізге алсақ, мәдениет пен өнер­дің, спорт пен туризмнің ел дамуындағы, мем­лекеттің мәртебесін арттырудағы, тәуелсіз Қа­зақстанды танытуда үлесі орасан екені сөзсіз. Бұл ретте біздің жұмысымыздың негізгі бағыт­та­рының бірі мәдениет және спорт қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыру дер едім. Мемлекет басшысының Жол­дауын іске асыру шеңберінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мә­дениет және өнер ұйымдары қыз­меткерлерінің жалақысы респуб­ликалық деңгейде 50%-ға, ол орта есеппен алғанда 96 мыңнан 139 мың теңгеге дейін, ал өңірлерде 35%-ға, сәйкесінше 96 мыңнан 126 мың тең­геге дейін өсті. Жалпы, мұндай өсім шамамен 34 мың адамды қамтыды. Сондай-ақ 2020 жылдың ба­сынан кәсіптік қызметін тоқтатқан және кәсіби еңбек өтілі кемінде 20 жыл болатын балет әртістеріне ай сайын соңғы 3 жылдық орташа жалақысының 60%-ға дейінгі мөлшерінде төлем берілетін болды. Спорт саласындағы жаттық­тырушы-оқытушылардың, мұға­лім­дердің, 4 мектеп-интернат, кол­ледж бен спорт колледжі тәр­биешілерінің, балалар-жасөс­пі­рімдер спорт мектебі жаттық­ты­рушы-оқытушыларының жала­қы­сы көтеріледі. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтеріне сабақтан тыс спорт жаттығуларын жүргізгені үшін базалық лауазым­дық жалақының 100% мөлшерінде қосымша ақы беріледі. Бұдан басқа, Спортшылардың допингке қарсы зертханасының, Ұлттық допингке қарсы орталық­тың қызметкерлеріне, Дене­шы­нықтыру және спорт жөніндегі республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының, Спорт­ты дамыту дирекциясының қыз­меткерлері мен жаттық­ты­рушы­ларына лауазымдық жалақының 100% мөлшерінде жаңа қосымша ақы белгіленді. Осылайша, олар­дың жалақысы 2 есе артты. – Әлемді жаулаған пандемия мәдениет саласына да өз ықпалын тигізбей қойған жоқ. Жоспарланған дүниенің көбі өтпей қалды. Спорт­тық шаралар кейінге шегерілді. Бұл пандемиядан не түйдік? Дұрыс айтасыз. Елімізде төтенше жағдай енгізілген күннен бастап көптеген ұйымдар қашық­тан жұмыс форматына көшті, бар­лық мәдени-бұқаралық және спорт­тық іс-шаралар тоқтатылды. Бірақ қалыптасқан жағдайға қарамастан, біз бұл сын-қатерді барлық мәдениет, спорт және ту­ризм ұйымдарының қызметін «қай­та жүктеуге» мүмкіндік ретін­де қарастырдық. Министрлік жұ­мыстың жаңа бағыттарын енгізді және күн сайын іс-шаралар кес­тесін азаматтардың рухани, мә­дени және моральдық байытылуы, сондай-ақ әртүрлі жастағы аза­маттардың спорттағы белсенділігін қолдау қажеттілігін ескере отырып, өзін-өзі оқшаулау кезеңінде ха­лықтың зияткерлік дамуына ба­ғыттап жұмыс істеді. Сахналық шығармаларды, му­зей құндылықтарын, тарихи-мә­дени мұра нысандарын, кітап қор­ларын, фильмдерді және жалпы саланы цифрлау бойынша алдын ала жүргізілген жұмыстың нәтижесінде халықтың бұл мәж­бүрлі демалысын барынша қо­лайлы және пайдалы өткізуі үшін онлайн режимде бөлісуге мүм­кіндік бергенін атап өту қажет. Мәселен, министрліктің Instagram желісінде «Оқырман кітабы қандай?» атты қазақстандық мәде­ниет қайраткерлері бастаған және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қол­дау көрсеткен әркім өзі оқып жат­қан кітаптары, газеттері мен жур­налдарының тізімін ұсынған чел­лендж көрермендер мен оқыр­ман­дардың ризашылығына бөленді. Уақытын тиімді өткізгісі келе­тіндер мен одан да көп кітап оқы­ғысы келетіндер үшін www.kazneb.kz порталында 24/7 режимінде қазақстандық ұлттық электронды кітапхана жұмыс істеп келді және ол әрбір қазақстандық үшін тұратын жеріне қарамастан қолжетімді болды. Бұдан басқа, Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп әзірлеген «Карантиндегі жұлдыз» онлайн жобасына көрермендер тарапынан жылы пікірлер айты­лып, жазылып жатыр. Жоба іске қосылған сәттен бастап қазақ­стандық өнер жұлдыздарының қатысуымен қаралымы 15,0 млн көрерменге дейін жеткен 30 он­лайн концерт өткізілді. Карантин кезінде министрліктің бастама­сы­мен «Қазақфильм» АҚ қорындағы 223 ұлттық фильм «Хабар», Qazaqstan, «Еларна», Kazakh TV, «КТК», «Жетісу» телеарналарына ақысыз негізде берілді. Бүкіл әлемде індетпен күрес­кен дәрігерлерге қолдау көрсету мақ­сатында қазақстандық әнші Ди­маш Құдайберген жаңа компо­зи­ция­сын орындап, «Астана Опе­ра» театрының жетекші солисі Майра Мұхамедқызы әлем дә­рігерлеріне ән арнады. Күні кеше ғана Майра Мұхамедқызының осы клипін Еу­ропалық тарату ода­ғы өте жоғары бағалап, аталған туындыны Одаққа мүше елдер аумағында көрсету ту­ралы ұсыныс хат жолдап жатқаны жайлы ақ­жолтай жаңалық жетті. Алғаш рет қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылды­ғына арналған «Абай және рухани мұра» атты халықаралық онлайн конференция жұмысына Қытай, Түркия, Венгрия, Ресей елдерінің спикерлері және қазақстандық ға­­лымдар, өлкетанушылар, жазу­шы­лар мен ақындар қатысты. Он­лайн конференция Zoom.us плат­фор­масы арқылы өтіп, тікелей эфир­­ді 7 мыңнан астам адам қара­ған. Сондай-ақ әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Әбу Насыр әл-Фараби мұрасы және қазіргі заман» атты халықаралық онлайн конференция өтті. Конференцияға Ұлыбритания, Сирия, Тәжікстан, Түркия, Қазақстан және басқа да елдердің ғалымдары қатысты. – Қарап отырсақ, биыл мерей­тойлар жылы десек те болады. Әл­бетте, сол ерекше даталардың ішін­де шоқтығы биігі – Абайдың 175 жылдық мерейтойы. Еліміздегі қазіргі жағдайға байланысты ұлы ақынның мерейтойын тойлау бары­сы қалай болып жатыр? – Еліміздегі соңғы қолға алын­ған шараларды ескере отырып, Президент тапсырмасына сәйкес, Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубли­калық жоспардағы білім және танымдық 300-ге жуық әртүрлі форматтағы жоба онлайн фор­мат­қа көшірілді. Сонымен қатар бірқатар ірі көлемдегі халықаралық және республикалық іс-шара та­мыз-қараша айларына ауысты­рыл­ды. Бұл мерейтой өз деңгейінде өткізілмейді деген сөз емес. Қазіргі қоғамда болып жатқан жағдайды ескере отырып, біз Абайды на­сихаттау жұмыстарын жалғастыра береміз. Ұлы ақынның еңбектерін насихаттап, шараларымызды азаматтарға зиян келтірмейтіндей, қауіпсіздікті сақтай отырып, тиімді жолдармен өткізуді қарасты­рудамыз. Мемлекет басшысы «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты ма­қаласында мемлекеттік және ха­лықаралық деңгейдегі ауқымды іс-шаралардың бәрі той тойлау емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, руха­ни тұрғыдан дамуымыз үшін өткі­зілуі керек деген болатын. Біз бұл ретте мәдени шараларды ұйы­м­дастыруда ысырапшылдыққа жол бер­меу қажетіне ден қойып отырмыз. Оқушылар арасында екі ке­зеңнен тұратын «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты республи­калық байқау ұйымдастырып, Абай мұрасы туралы электронды ғылыми-инвентарлық каталог шығару жоспарлануда. Кәсіби емес орындаушылар арасында «Абайдың өнері» атты бейнебайқау және «Көзімнің қарасы» атты вир­туалды концерт өткізу жоспарлан­ған. Сонымен қатар қазір «Abai world challenge» атты Абайдың өлеңдерін әлемнің 10 тілінде оқу­дың халықаралық бейнемара­фонына дайындық жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Ең маңызды іс-шаралар қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың және ЮНЕСКО Бас директоры О.Азуленің қатысуымен Семей қаласында өтеді деп жоспарлап отырмыз. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қо­рық-музейі бас ғимаратының ау­мағында «Абай ұлдарымен» ес­керткішінің ашылуын, ЮНЕСКО-мен бірлесіп «Абай мұрасы және әлемдік руханият» халықаралық ғылыми-практикалық конфе­рен­циясын өткізбекпіз. Қазақстандық эстрада жұлдыздары мен опера әншілерінің қатысуымен көрермен залы 5 000 орынға есептелген көпфункционалды мәдени-спорт кешенінде әдеби музыкалық шара өткізу жоспарлануда. Қазір ұлы ақынның негізгі мерейтойлық шарасы өтетін «Этноауыл» этномәдени кешенінің ашылуына қызу дайындық жүріп жатыр. Бұған Абай ауданында жоспарланған мәдени және спорттық іс-шараларды қоссақ болады. Сондай-ақ 2020 жылдың 14-15 қазанында ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәте­рінде танымал отандық және ­шет­елдік абайтанушы ғалым­дардың, әдебиеттанушылардың, жазушы­лардың, ақындардың қатысуымен Халықаралық ғылы­ми-практи­калық конференция және мерей­тойлық гала-концерт өткізу жос­пар­ланған. – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына 3 жыл болды. Бағдарлама аясында қыруар шаруа атқарылды. Олардың сәтті жүзеге асқандары – «100 жаңа есім», «100 жаңа кітап», «Туған жер», «Зама­науи қазақстандық мәдениет» жо­балары. Жүзеге аспаған бағдар­ламалар бар ма? – Осыдан 3 жыл бұрын 12 сәуір күні Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың тамыры терең, мағынасы ауқымды ұлттық кодымызды сақ­тап қалуға және рухани құнды­лы­ғымыз бен адамгершілік жағынан мемлекеттің дамуына елеулі әсері бар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Осы бағдарлама аясында Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстанның қасиетті жерлер географиясы», «Жаhандағы зама­науи қазақстандық мәдениет», «Қа­зақ әліпбиінің латын графи­касына көшуі», «Архив-2025» атты арнайы жобаларды іске асыруда. Атап айтсақ, «Қазақстанның қасиетті жерлер географиясы» арнайы жобасы бойынша 2017 жылдан бері жалпыұлттық маңызы бар қасиетті нысандардың тізіміне 256 нысан (оның ішінде 23 тарихи-мә­дени ескерткіште ғылыми-реста­вра­циялық жұмыстар аяқталды) және жергілікті маңызы бар ны­сандар тізіміне – 575 нысан енгі­зілді. 2019 жылы өңірлерден тағы да 200 нысанды қосуға өтінім келіп түсті. Бағдарлама аясында «Қасиетті Қазақстан» энциклопе­диясының ІІІ томының тұсаукесері өтті. Биыл IV томының тұсаукесе­рі жоспарланған. Қазір осы энци­клопедияға материалдар жинау жұмыстары жүргізілуде. Энцикло­педияның IV томында ШҚО, СҚО, Павлодар, Түркістан облыс­тары мен Шымкент қаласының киелі нысандары бойынша толық мәліметтер беру және қамту жос­парлануда. 2019 жылы Алматы облысында «Таңбалы», Түркістан облысында «Отырар» мұражай-қорықтарының сапар-орталығы құрылысы аяқталды. 2020 жылдың І жартыжылдығында Қарағанды облысында «Ұлытау» сапар-орта­лығының құрылысын аяқтау жос­парлануда. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстарының 95%-ы аяқталды.  

«Лотереялар және лотерея­лық қызмет туралы» заңның 1-ба­бы 13-тармағына сәйкес Қазақстан Үкіметінің 2017 жыл­­ғы 10 ақпан­дағы № 48 қаулысымен 15 жыл мерзімге елі­міз­дегі жалғыз лотерея операторы болып «Сәтті Жұлдыз» АҚ белгіленді. Осыған байланыс­ты, еліміздегі барлық лоте­рея­­лық іс-шараны өткізуге тек осы мекеме ғана құқылы. Жо­­ғарыда айтылған­дардың негізінде, әлеуметтік желі­лерде ын­таландыру ұтыс ойында­рын өткізу лотерея қызметі болып есептелмейді және министрліктің реттеу саласына кірмейді.

  Елбасының тапсырмасына сәйкес, түгел түркі дүниесінің бе­сігі Түркістан қаласын қалпына келтіру, абаттандыру жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Киелі мекендегі «Түркістан» тарихи қала­шығының басты компоненті Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның ескерткіші болып жарияла­нуына байланысты 2019 жылдың ақпан айында қалашықтың даму жоспары Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде таныстырылды. Сонымен қатар министрлік шетелдерде заманауи қазақстан­дық мәдениетіміздің жетістіктерін көрсету мақсатында «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты арнайы жобаны жүзеге асы­руда. 2017 жылы «Алтын адамның» әлем музейлеріне шеруі іс-шарасы бастау алды. 3 жылда аталған іс-шара аясында көрмелер әлемнің 26 елінде өтті (Беларусь, Ресей, Әзер­байжан, ҚХР, Польша, Түркия, Татарстан, Өзбекстан, Солтүстік Македония, Венгрия, Чехия, Малай­зия, Грекия және т.б.). 2018-2019 жылдары алғаш рет қазақстандық авторлардың ең үздік әдеби шығармаларын (поэзия және проза бойынша) БҰҰ-ның 6 тіліне аудару жобасы іске асы­рыл­ды. Сондай-ақ қазіргі қазақ поэ­зия­сының антологиясы мен қазіргі қазақ прозасының антоло­гиясы БҰҰ-ның 5 тілінде шыға­рылды. Сондай-ақ, Нью-Йорк қа­ла­сын­дағы Barclays Cente кон­церт за­лында Қазақстанның АҚШ-тағы мәдениет күндері ая­сын­да Димаш Құдайбергеннің шы­ғар­машылық концерті табысты өтті. – Осыдан 2 жыл бұрын Мемле­кет басшысының шешімімен шілде айының соңғы жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып белгіленді. Былтыр бұл мерекені ел бойынша жоғары деңгейде атап өттік. Қазір жағдай басқаша. Еліміз пандемия­мен күресіп жатқан тұста мерекелік шараның өткізілуі қалай болмақ? Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 12 маусымдағы Жар­лы­ғымен ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау және жаңғырту идеясы төңірегінде қоғамды одан әрі біріктіру мақсатында шілденің бірінші жексенбісі «Ұлттық дом­быра күні» болып белгіленді. Мәдениет және спорт ми­нистр­лігі 2020 жылдың 5 шілде­сінде Нұр-Сұлтан қаласында «Ас­тана Опера» мемлекеттік опера және балет театры ғимаратының алдындағы алаңда Мемлекет бас­шысының қатысуымен өңірлермен тікелей телекөпір форматында Қа­зақстанның барша тұрғындары үшін «Ұлттық домбыра күнін» өт­кізуді жоспарлап отыр. Тікелей эфир форматында 2 сағаттық му­зыкалық бағдарлама ұсынылады. Бұл іс-шараны республикалық арналардың бірінен тікелей эфирге қосу жоспарлануда. Тікелей қосылым арқылы әр­бір аймақ, дәстүрлі өнер туралы презентациялық бейнефильмдер ұсынатын болады. Онда бірегей мектептер мен домбыра, дәстүрлі ән салу мектептері, өңірдің көр­некті тұлғалары сөз алып, әрі қарай өңірлік ұжымдардың өнер көрсетуі жоспарланған. Нұр-Сұлтан қаласы уақытымен 12.00-де Қазақстанның барлық облыстарынан қатысушылар Құр­манғазының «Сары-Арқа» күйін бірлесіп орындайды. Сондай-ақ этнографиялық музей кешені мен қолөнер шеберлерінің көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап отыр­мыз. Алаңда киіз үйден тұратын этноауыл-этнографиялық музей кешені мен музыкалық аспаптар дайындайтын қолөнер шеберле­рінің көрмесі өткізіледі. – Сіз басқарып отырған ми­нистрлік сан саланы қамтиды. «Ойын бизнесі туралы» заң жобасы қоғамда қызу талқыланғанын бі­леміз. Сіздердің кей бастамалары­ңызды құптағандар да болды, қарсы шыққандар да кездесті. Жалпы, букмекер кеңселері, бәс тігу, ло­терея мәселелеріне қатысты пікі­ріңізді білсек? – Ойын бизнесі дегенде, ең алдымен қарапайым азаматтардың мүддесін ойлауымыз керек, туын­даған мәселелерге солардың көзі­мен қарауға тиіспіз. Бүгінде Қа­зақстанда жалпы саны 76 лицензия берілген екен. Оның ішінде 11 – казино, 13 – ойын автоматтары залы, 41 – букмекер кеңсесі­не, қалған 11-і тотализаторларға тие­сілі. Министрліктің реестрінде букмекер кеңсесінің 1 171 кассасы мен 32 тотализатор кассасы бар. Яғни, әлемде қанат жайған ойын бизнесінің біздің еліміздегі дамуы да қарқынды екен. Міне, осы айтылған букмекер­ кеңселері мен тотализатор­лардың орташа жылдық айналымы 45 млрд теңгенің шамасында болып шықты. Тек өткен жылдың өзінде ел қазынасына осындай ұйым­дардың салық пен басқа да түсім­дерінен 15,2 млрд теңге табыс түскен екен. Бұл сала 2007 жылдың 12 қаңтарынан «Ойын бизнесі туралы» заңмен реттеліп келеді. Алайда уақыт өте аталған құжаттың құмар ойындарының шырмауына түсіп жатқандар мәселесін толық реттей алмай отырғанын байқадық. Бәс тігу орындарында жасы бар, жасамысы бар соңғы ақшаларын ұттырып, өмірден баз кешкен оқиғалар жиілеп кетті. Жалпы, «лудомания», яғни құмар ойынға құш­тарлықты, бой алдыруды Халықаралық денсаулық сақтау ұйымы ресми түрде отбасын ойран қылар жүйке аурулары сана­тына жатқызған. Соңғы жылдары еліміздегі жеке медициналық ме­кемелер мен оңалту орталықтарына «лудоманияға» шағым айтып келушілер саны күрт артқан. Мә­се­лен, 2018 жылы мұндай адамдар саны – 203 болса, былтыр бұл көрсеткіш 421-ге жеткен. Ал биыл­ғы жылдың 4 айында 534 болыпты. Әлбетте, мұндай жағдайдың көп­шілігінде (99%-ында) ойынқұмар­лардың туған-туыстары шағым айтып келеді. Бұдан өзге ойын бизнесіндегі жеңіл ақша мен жедел баюға құштарлық та елдегі қыл­мыс­тық ахуалды нашарлатуға өз үлесін қосуда. Тек 2019 жылы бук­мекер кеңселері мен тотализа­торларда 17 қылмыс жасалған. Міне, осы деректерден-ақ «Ойын бизнесі туралы» заңға өз­герістер енгізу қажеті туындағанын байқау қиын емес. Аталған құжатқа біздің министрлік бірқатар өзгерту енгізуді ұсынды. Ол ұсыныста­рымыз Парламент Мәжілісінің 12 жұмыс тобында жан-жақты талқы­ланып, заң жобасына депутаттар тарапынан 150-ден астам өзгеріс енгізілді. Олар: букмекер кеңсе­ле­рі мен тотализаторлардағы ақша айналымын қадағалау, көлеңкелі кәсіптің жолын кесу мақсатында арнайы есепке алу орталығын құру, құмар ойынның құрығына түскен жанның жақындары сот арқылы оны казинолар мен ойын автомат­тарына жолатпау туралы шешімге қол жеткізіп, бауыры, жолдасы, жанашырының қауіп шеңгелінен босап шығуына ықпал ете алатыны дер едім. Естеріңізде болса, елдегі кази­ноларды жаппай Қапшағай мен Бурабайдағы арнайы аймаққа көшіру жұмыстары 2007 жылы шыққан заң шеңберінде жүзеге асырылған болатын. Әрине, сол бекітілген аумақты кеңейтуге талпыныс болды. Бірақ біз ондай ұсыныстарды қабылдамай, міне мына букмекер кеңселері мен тотализаторларды да сол осыдан 13 жыл бұрын бекітілген ойын аймақтарына көшіру туралы талап енгізіп отырмыз. Мәжілісмендер мақұлдауын алған аталған құжат 1 маусымнан Сенат депутаттарының қарауына өтті. – Соңғы кездері елімізге таны­мал «жұлдыздар» әлеуметтік желі­лерде түрлі ұтыс ойындарын ойна­туды әдетке айналдырды. Олардың бұл әрекеті қоғамда қызу талқы­ланып жатыр. БАҚ-та әншілер ту­ралы жағымсыз пікір қалыптасқаны да жасырын емес. Жалпы, заң бо­йынша әртістердің ұтыс ойындарын ұйымдастыруға құқықтары бар ма? Министр ретінде, өнер адамы ретінде көзқарасыңызды білсек. – «Лотереялар және лотерея­лық қызмет туралы» заңның 1-ба­бы 13-тармағына сәйкес Қазақстан Үкіметінің 2017 жылғы 10 ақпан­дағы № 48 қаулысымен 15 жыл мерзімге еліміздегі жалғыз лотерея операторы болып «Сәтті Жұлдыз» АҚ белгіленді. Осыған байланыс­ты, еліміздегі барлық лотереялық іс-шараны өткізуге тек осы мекеме ғана құқылы. Жоғарыда айтылған­дардың негізінде, әлеуметтік желі­лерде ынталандыру ұтыс ойында­рын өткізу лотерея қызметі болып есептелмейді және министрліктің реттеу саласына кірмейді. Жалпы, Мәдениет және спорт министрлігі өнер саласында жүрген азаматтар­дың ондай күмәнді ұтыс ойын­дарына атсалысуын құптамайды және халық сеніміне ие болған әншілерімізді мұндай іс-әрекеттен аулақ болуға шақырады. – Биыл әншілердің фонограм­мамен ән салуын шектейтін заң жо­басы талқылана бастады. Осы құ­жаттың жайы қалай болып жатыр? – Мәдениет саласындағы нор­мативтік-құқықтық базаны жетіл­діру мақсатында қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне фо­нограмманы пайдалану мәселесін реттеу мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заң әзірленуде. Құжат қа­зір Парламент Мәжілісі депутат­тарының қарауында. Депутаттар­дың түзетуі шеңберінде «Мәдениет туралы» заңның 7-бабы 35-10) тар­мақшасында музыкалық туын­дыны орындау кезінде фонограм­маны пайдалану туралы көрер­менге алдын ала хабарлау ережесін әзірлеу және бекіту жөніндегі уәкі­летті органның құзыретін көз­деу ұсынылады. Яғни, кез келген орындаушы концертінде айтыла­тын әннің қаншасы жанды дауыста болатынын көрерменге алдын ала ескертуге міндеттеледі. – «Ұлттық киноны қолдау мем­лекеттік орталығындағы» дауға қатысты не айтасыз? Жалпы, ұлт­тық киноға бөлген қаржының қайта­рымы бола ма? – Бүгінгі күні Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының төрағасына қатысты құзырлы ор­гандар тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондықтан бұл іске қатыс­ты алдын ала қандай да бір пікір айту ертерек деп санаймын. Тиісті тергеу жұмыстарының ақырын күтейік. Заңнамада қазақстандық және шетелдік бизнес-құрылымдар үшін кинобизнесті тартымды ете­тін, Қазақстан аумағында фильм­дер шығару мен ұлттық фильмдерді прокаттау кезеңінде салықтық же­ңіл­діктер мен басқа да қолдау шара­лары көзделген. Айталық, кино өндіріс кезінде 12% мөлше­рін­де ҚҚС-нан (қосымша құн са­лы­ғынан), ұлттық фильмдерді про­­кат­тау кезінде 20% мөлшерінде КТС-нан (корпоративтік табыс са­лы­ғынан) босату, сондай-ақ шет­елдік өндірушілер үшін 30%-ға дейін субсидия қарастырылды. Сонымен қатар аталған заң аясында тұңғыш рет инвесторлар мен жеке капиталды тарту мақса­тында ұлттық фильмдерді мемле­кеттік қаржыландырудың жаңа тәсілі енгізілді. Мәселен, егер осы күнге дейін барлық фильмдер 100% мемлекет тарапынан немесе жекеменшік есебінен қаржылан­дырылса, заң қабылданғаннан кейін коммерциялық жобалар мемлекеттік-жекеменшік қаражат есебінен ішінара екі жақтан қаржыландырылуы мүмкін. Ал 3 жылдан кейін фильмдер шығару бойынша мемлекеттік бюджетке түсетін жүктеме 30 % төмендемек. Сондай-ақ прокаттаудан түс­кен түсімнің 20% мөлшеріндегі қаржы жаңа жобалар өндірісіне бағытталатын болады. Бұл ретте біз кино түсіремін деген кісілердің қызығушылығын оятуды, оларды жан-жақты ынталандыруды басты мақсат еткенімізді айта кеткім келеді. Әрине, кез келген өзгеріс қандай қоғамда болмасын қол­данысқа ешқандай қарсылықсыз еніп кете алмайды. Осыны ескере отырып, біз қолданыстағы заң­наманы жетілдіру бойынша ар­найы жұмыс тобын құрып, сала­ның ескерілмей қалған түйткілді тұстарын жетілдіру шараларын қолға алдық. Бұған дейін кино саласы «Мә­дениет туралы» заңның 6 тармағы­мен ғана реттеліп келгенін, жаңа заңымыздың кем-кетігі алдағы уа­қытта қоғам өкілдерінің талқы­ла­уымен сапалы деңгейге көтеріле­тініне сенімдімін. Бүгінде еліміздің кино өнді­рісін дамытуға Қазақстанның мақта­нышына айналған «Қа­зақфильм», 114 жеке киноком­пания және 12 анимациялық компания жұмыс істеп жатыр. Осындай ауқымды нарықтың жұмысын жүйелеп жолға қою, саланың ілгерілеуіне ықпал ететін негізгі құрал, ол – осы заңымыз. Оның сапалы бо­луына мүдделі тараптың барлы­ғына, құжаттың заман талабына сай өзгеруіне атсалысамын деген мамандардың бәріне «бірігіп биіктерді бағындыра берейік» деген ұсыныс, өтініш айтқым келеді. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАС