Айыппұл мәселені түпкілікті шеше ала ма?
– «Қазақстан Республикасының мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңнамасына сәйкес, мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігі болмаған жағдайда лауазымды адамдарға 50 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 120 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 200 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, – дейді қалалық Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Айдынжан Нарматов. Сонымен қатар ол департамент қалада адам көп жиналатын нысандарда апта сайын мүгедектерге бейімділігі бойынша мониторинг жүргізілетінін айтады. Сондай-ақ шағын және орта бизнес басшыларына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері шағын және микро кәсіпорындардың иелеріне қатысты ереже бұзушылықты жою үшін 146 ұсыныс хат жіберілген. Әйтсе де, айыппұл мен ескерту ұсынысхаты талай жылдан бері қордаланған мәселені түпкілікті шеше ала ма? Мәселе сонда. Қалалық мүгедектер қоғамы төрағасы Әли Аманбаев тұрғын үй, дүкендер, мейрамханалар, қалалық мекемелер мен жеке бизнес-орталықтардың басым бөлігі пандустардың тек есеп үшін, бар деп көз қылып елге көрсету үшін ғана жасалғанын айтады. Олардың көбі талапқа сай емесін тілге тиек еткен ол бұл ең осал тұсымыз екеніне тоқталды. Өйткені өте тік болып орналасқан пандустардан қоларбамен көтерілу оңай емес. Осы талап қанша жерден айтылып, күн тәртібіне шығарылса да, мәселе бір шешімін таппай келеді. Тіпті, жаңадан бой көтерген ғимараттар мен тұрғын үйлердің пандустарының өзі пайдалануға өте қолайсыз екені көзге ұрып тұрады. Осындай кемшін тұстары бола тұра, жаңа пайдалануға берілген үйлер мен мекемелердің сапаға байланысты құрылған комиссияның бақылауынан қалай өтіп кеткеніне таңғаласың.Жұмыспен қамтылу да көңіл көншітпейді
Әли Аманбаевтың айтуынша, Алматыдағы қоғамдық көліктердің 70 пайыздайы мүмкіндігі шектеулі жандардың ыңғайына бейімделген. Қолжетімді. Бірақ жүргізушілер аялдамаға дұрыс тоқтамайды немесе мүгедек жандар үшін 3-5 минут артық тоқтап тұрғанды қиынсынады. Осыдан біраз уақыт бұрын тура осындай жағдайға өзіміз де куә болған жайымыз бар. Қоғамдық көліктер мен бағдаршамдарға арнайы дыбыстық қондырғылар орнатылуы тиіс. Бұл зағип және көзі нашар көретін жандар үшін қажет. Зағиптар мен нашар көретіндер үшін аялдамаларды хабарлайтын дауыстық опциямен автобустар толық қамтылмаған. Алматыметрополитен пандустары да жиі сынға алынады. Дегенмен ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Қалада кейінгі жылдары мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруы үшін бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Мысалы, Алматы халықаралық әуежайында қоларбамен көтерілетін ыңғайлы пандустардан бөлек, зағип жандар үшін жол сілтейтін дауысты сызбалар бар. Ал сөйлей алмайтын жандар тіркеу бөлімінде сурдоаударма қызметін пайдалана алады. Мүмкіндігі шектеулі жандар туралы әңгіме қозғалғанда олардың жұмыспен қамтылу мәселесін де айналып өте алмаймыз. Заңнамаға сәйкес, барлық кәсіпорын мүгедек жандар үшін 2-4 пайызға квота беруі тиіс. Өкінішке қарай, заң талаптары орындалмайды. Квота бойынша жұмыспен қамту деңгейі төмен. Алдағы уақытта еңбекпен қамту орталықтары, кәсіпкерлік басқармасы саланың ҮЕҰ және кәсіподақпен бірге осы бағытта жүйелі жұмыстарды жүзеге асыруы қажет. Біз бүгін әңгіме өрбіткен тақырып жиі қозғалғанмен, мәселе жақын арада түпкілікті шешімін табар түрі жоқ. Кедергісіз орта бұл тек пандус жайы ғана емес, оның артында адамдардың тағдыры, құқығы тұр. Дамыған елдерде бұл мәселе әлдеқашан шешімін тапқан. Тіпті, олар үшін бұл тақырыпты мәселе етіп көтерудің өзі ұят болар. Әйтсе де, дамыған елдердің қатарына қосылуды мақсат еткен біз үшін аталмыш мәселе таяу мерзімде шешілуі тиіс екенін айту – біздің парыз.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ