Пандус бар, бірақ талапқа сай емес
Пандус бар, бірақ талапқа сай емес
458
оқылды
Оның 43 мыңнан астамы Алматыда. Байқап отырғандай, бір шаһардың өзінде кішігірім қаланың тұрғындарымен тең тағдыр теперішіне ұшыраған мүгедек жандар тұрады. Әрине, алып шаһарда олардың көп екені көзге ұрып көрініп тұрған жоқ. Өйт­кені олардың көпшіліктің көзіне түспе­уінің түрлі себептері бар. Оның ең басты­сы – мүмкіндігі шектеулі азамат­тардың жүріп-тұруына қолайлы жағ­дайдың жасалмауы. Ол – пандустардың ыңғайлы еместігі, қоғамдық көліктерге отырудың қиындығы, инватаксилердің аздығы, тағы әрі қарай жалғасып кете береді. Тіпті, еліміздің ең алып шаһары Алматының өзінде қонақүйлерде мүм­кіндігі шектеулі жандарға арналған нө­мірлердің аз екені ақиқат. Осындай толып жатқан олқылық­тардың салдары­нан қаншалықты білімді, білікті, қоғамға пайдасын тигізіп, жұмыс істегісі келген­мен, өкінішке қарай олар­дың бар мүм­кіндігін қолдан шектейміз. Сондықтан да бұл мәселе бойынша көп жағдайда сын айтылып жатады. Қарапа­йым ғана мы­сал, бір қараған адам барлық үйде, ғимаратта пандус бар деп ойлайды. Бар екені де рас, өйткені талап солай. Әйт­се де, гәп оның сапасында. Мемлекетара­лық құрылыс нормасына сәйкес, пандус­тың бір көтерілуінің максимальді биіктігі 0,8 метрден аспауы тиіс. Ал ені 1 метрден кем болмауы керек. Пандустың беткі қаба­ты да үлкен рөл ойнайды. Оның тайғанақ немесе борпылдақ болмауын ескеру қа­жет. Дегенмен көптеген пандус осы талап үдесінен шықпай жатады. Өкініштісі, біздің пандустардың көбі өте тік болып келеді. Онымен қоларбадағы кісі түгіл, дені сау азаматтардың өзі көтерілуі қиын. Негізі пандус тек мүмкіндігі шектеулі жандарға ғана емес, егде кісілерге, аяғы ауыр әйелдерге, бесікарбамен, велоси­педпен баласын серуендетуге шыққан аналар мен түрлі жарақат алып, жүріп-тұруы қиындаған азаматтарға да керек.  

Айыппұл мәселені түпкілікті шеше ала ма?

– «Қазақстан Республикасының мү­гедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заң­намасына сәйкес, мүгедектердің әлеумет­тік және көлік инфрақұрылым нысанда­рына қолжетімділігі болмаған жағдайда лауазымды адамдарға 50 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 120 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 200 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, – дейді қалалық Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің бас­шысы Айдынжан Нарматов. Сонымен қатар ол департамент қалада адам көп жиналатын нысандарда апта сайын мү­гедектерге бе­йімділігі бойынша мони­торинг жүргізі­ле­тінін айтады. Сондай-ақ шағын және орта бизнес басшыларына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері ша­ғын және микро кәсіпорындардың ие­леріне қатысты ереже бұзушылықты жою үшін 146 ұсыныс хат жіберілген. Әйтсе де, айыппұл мен ескерту ұсынысхаты талай жылдан бері қордаланған мәселені түпкілікті шеше ала ма? Мәселе сонда. Қалалық мүгедектер қоғамы төрағасы Әли Аманбаев тұрғын үй, дүкендер, мей­рамханалар, қалалық мекемелер мен жеке бизнес-орталықтардың басым бөлігі пандустардың тек есеп үшін, бар деп көз қылып елге көрсету үшін ғана жасалғанын айтады. Олардың көбі талапқа сай емесін тілге тиек еткен ол бұл ең осал тұсымыз екеніне тоқталды. Өйткені өте тік болып орналасқан пан­дустардан қоларбамен көтерілу оңай емес. Осы талап қанша жерден айтылып, күн тәртібіне шығарылса да, мәселе бір шешімін таппай келеді. Тіпті, жаңадан бой көтерген ғимараттар мен тұрғын үйлердің пандустарының өзі пайдалануға өте қолайсыз екені көзге ұрып тұрады. Осындай кемшін тұстары бола тұра, жаңа пайдалануға берілген үйлер мен мекеме­лердің сапаға байла­ныс­ты құрылған комиссияның бақылауынан қалай өтіп кеткеніне таңғаласың.  

Жұмыспен қамтылу да көңіл көншітпейді

Әли Аманбаевтың айтуынша, Алма­тыдағы қоғамдық көліктердің 70 пайыз­дайы мүмкіндігі шектеулі жандардың ыңғайына бейімделген. Қолжетімді. Бірақ жүргізушілер аялдамаға дұрыс тоқтамайды немесе мүгедек жандар үшін 3-5 минут артық тоқтап тұрғанды қиынсынады. Осы­дан біраз уақыт бұрын тура осындай жағ­дайға өзіміз де куә болған жайымыз бар. Қоғамдық көліктер мен бағдаршам­дарға арнайы дыбыстық қондырғылар орнатылуы тиіс. Бұл зағип және көзі на­шар көретін жандар үшін қажет. За­ғиптар мен нашар көретіндер үшін аял­дамаларды хабарлайтын дауыстық опциямен автобус­тар толық қамтыл­маған. Алматыметро­политен пандустары да жиі сынға алынады. Дегенмен ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Қалада кейінгі жылдары мүм­кіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруы үшін бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Мысалы, Алматы халықаралық әуежайында қоларбамен көтерілетін ың­ғайлы пандустардан бөлек, зағип жандар үшін жол сілтейтін дауысты сызбалар бар. Ал сөйлей алмайтын жандар тіркеу бө­лімінде сурдоаударма қызметін пайдалана алады. Мүмкіндігі шектеулі жандар туралы әңгіме қозғалғанда олардың жұмыспен қамтылу мәселесін де айналып өте ал­май­мыз. Заңнамаға сәйкес, барлық кә­сіп­орын мүгедек жандар үшін 2-4 пайызға квота беруі тиіс. Өкінішке қарай, заң талаптары орындалмайды. Квота бойын­ша жұмыспен қамту деңгейі төмен. Ал­дағы уақытта еңбекпен қамту орталық­тары, кәсіпкерлік басқармасы саланың ҮЕҰ және кәсіп­одақпен бірге осы ба­ғытта жүйелі жұмыс­тарды жүзеге асыруы қажет. Біз бүгін әңгіме өрбіткен тақырып жиі қозғалғанмен, мәселе жақын арада түп­кілікті шешімін табар түрі жоқ. Кедергісіз орта бұл тек пандус жайы ғана емес, оның артында адамдардың тағды­ры, құқығы тұр. Дамыған елдерде бұл мәселе әлдеқашан шешімін тапқан. Тіпті, олар үшін бұл тақырыпты мәселе етіп көтерудің өзі ұят болар. Әйтсе де, дамыған елдердің қата­рына қосылуды мақсат еткен біз үшін аталмыш мәселе таяу мерзімде шешілуі тиіс екенін айту – біздің парыз.  

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ