Бүгінде көптеген ірі дәріхана желісі бір қолға 20-дан артығын сатпай жатыр. Өзге өңірлерде медициналық маска саудадан мүлдем жоғалып кетіпті. Сонда пандемия өршіген төрт ай ішінде қарапайым қорғану құралдарының өндірісі сол бойы жолға қойылмаған ба?
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақстанда медициналық бетперде шығаратын 4 жаңа кәсіпорын жыл соңына дейін іске қосылатынын мәлімдеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, еліміздің бетперде бойынша 6 айға деген қажеттілігі – 111,2 миллион дана. Рас, өткен кезеңде көптеген адам маска киюге мән бермегені мәлім. Дегенмен коронавирустың өлім-жітім көрсеткіші күрт өскендіктен бұрын мұндай дерттің барына күмән білдіріп жүрген адамдар да бетін бүркемелеуге ден қоя бастады. Тиісінше, енді сұраныс күрт артуда.
– Бүгінде осы салада 9 отандық кәсіпорын бар, олардың қуаты тәулігіне 490 мың медициналық бетперде жасауға жетеді. Өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында осы жылдың соңына дейін 4 жаңа кәсіпорын ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Б.Атамқұлов.
Оның айтуынша, егер осы жобалар қолданысқа берілсе, онда қолданыстағы кәсіпорындармен бірге тәулігіне 1,1 миллион дана бетперде жасай алады.
Әрине, бір реттік қорғаныш құралы нарықтың сұранысын толық қанағаттандыруға жетпейді. Сондықтан мемлекет жуып, қайта киюге болатын көп реттік маскалар өндірісіне де баса көңіл бөлетін болады. Ресми статистика бойынша Қазақстан жарты жыл ішінде 144 млн дана көп реттік бетперде тұтынады. Алайда кәсіпорындар тәулік сайын оның тек 413 мыңын өндіре алады.
«Халықты қажетті бетперде көлемімен қамтамасыз ету үшін біз тігін кәсіпорындарында көп мәрте қолданылатын профилактикалық, қорғау маскаларының өндіріс көлемін тәулігіне 800 мың данаға дейін ұлғайтуды қарастырудамыз», – деді министр.
Үкімет тапсырмасымен жергілікті әкімдіктер өздеріндегі тігін кәсіпорындарымен келісім жасап, көп мәрте қолданылатын бетперденің үлкен қорын құру жұмысына кірісіпті.
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетованың 2020 жылғы 22 мамырдағы қаулысына сәйкес, тамақ, киім-кешек, азық-түліктік емес тауарлар сататын сауда орындарында, «Қазпошта» бөлімшелерінде, вокзалдарда, әуежайларда, фитнес залдарда, қоғамдық тамақтану нысандарында және басқасында кассирлер, жүргізушілер, сатушылар, аспаздар, даяшылар және келушілермен араласатын өзге де қызметкерлер бетперде сыртында, кемінде 2 рет ауыстырылатын қолғап киіп қана халыққа қызмет көрсетуі тиіс.
Медициналық қолғаптарға қажеттілік 83,7 миллион жұпты құрайды. Қазіргі уақытта елімізде 2 кәсіпорын тәулігіне осы өнімнің 330 мың жұбын жасайды. Алда өндіріс көлемін тәулігіне 460 мың жұпқа дейін арттыру жоспарланыпты.