Ізгі тілек – ұлт қуаты
Ізгі тілек – ұлт қуаты
296
оқылды
Алғашқылар қатарында АҚШ-тың жетекші басы­лы­мы New York Times «Қа­зақ­станның жалпыұлттық ли­дері Нұрсұлтан Назарбаев­тың COVID-19 тесті оң нә­ти­же көрсеткенін» жеткізді. Бір мезгілде осы деректі әлемнің барлық ақпарат агент­тігі таратты. Өзге ел­дердің лидерлері Қазақ­станның Тұңғыш Прези­ден­тіне тез сауығып кетуін ті­леп, жеделхаттар жолдай бас­тады. 18 маусым күні Елбасының бас­пасөз қызметі суыт хабарды жа­рия етті. «Қазақстанның Тұңғыш Пре­зидентінің коронавирус жұқ­тырғаны белгілі болды. Осыған байланысты Елбасы оқшауланды. Бірақ алаңдауға еш негіз жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев қашықтан жұмыс істеуді жалғастыра береді» делінген хабарламада. Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев ізгі ықылас-ние­тін білдірді. – Өкінішке қарай, корона­ви­рус біздің Тұңғыш Президентіміз – Елбасыны да айналып өтпеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың тезірек сауығып кетуін ті­лей­мін. Ол – рухы мықты адам!  Оның бүкіл өмірі күреске толы, сон­дық­тан ол бұл сынақты да жеңіл ең­се­реді деп сенемін», – деді Қ.Тоқаев.  

Терең құрмет, сүйіспеншілік сезім

Осы хабарды естіген Түркия пре­зиденті Режеп Тайып Ердоған «Түркі әлемінің ақсақалына» же­дел­хат жолдап, тезірек айығып ке­туіне тілектестік білдірді. – Сырқаттанып қалға­ныңыз­ды өкінішпен естідім. Алладан шипа беруін тілеймін. Үнемі жеңіс­пен еңсерген күрестеріңіз се­кіл­ді бұл сынақты да жіге­ріңіз­бен артқа тастайтыныңызға кә­міл сенемін. Қандай да бір қа­жеттілік туындаған жағдайда қо­­лымыздағы барлық мүмкін­дігі­міз­бен жаныңызда екенімізді жеткізгім келеді. Сізге деген те­рең құрмет пен сүйіспеншілік сезі­мімен жеке өзім және барша тү­рік халқы атынан тезірек сауы­ғып кетуіңізді шын жүректен ті­лей­мін, – деді Түркия президенті. Ресей президенті Владимир Пу­тин сол күні жеделхат жол­дады: – Мен Сізге осы қиын сәтте қол­дау білдіргім келеді. Сіздің ерекше өмірлік энергияңыз, сер­гектігіңіз бен оптимизміңіз қыс­қа мерзімде вирусты жеңуге кө­мектеседі деп сенемін. Шын жүрек­тен Сіздің толық айығып кетуіңізді тілеймін. Деніңіз сау бол­сын, – деді В.Путин. 18 маусымда Қырғыз Рес­пуб­­ликасының президенті С.Жээнбеков Н.Назарбаевқа қоңырау шалып, телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында Сооронбай Жээнбеков Елбасының құлан-таза жазылып кетуін және Қазақстан халқының игі­лігі жолында атқарып жатқан күнделікті қызметіне жақын арада оралуын тіледі. Нұрсұлтан Назарбаев қырғыз басшысына жылы лебіздері үшін ризашылығын айтып, бауырлас екі елдің арасындағы тату көршілік қатынастар одан әрі нығая береріне сенім білдірді. Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті атына Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтен де жеделхат келіп түсті. Өзбек көшбасшысы Елбасының коронавирус жұқтыр­ғаны туралы хабарды үлкен алаң­дау­шылықпен қабылдағанына екпін түсірді. – Сізге осынау қиын-қыстау уақытта жан-жақты қолдау көр­сетуге және жаныңызда болуға дайын екенімді жеткізгім келеді. Жақын арада Сіздің бұл вирусты жеңіп, сауығып кететініңізге сенімдімін. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Алла Тағала Сізге зор денсаулық, күш-қуат, ұзақ ғұмыр және жаңа табыс берсін деп тілеймін. Жақында өзіңізбен жүздесу мүмкіндігі туады деген үміттемін, – деді Шавкат Мирзиёев. Елбасы атына шетелден ағыл­ған ізгі тілектерге толы телеграм­малар мен хаттар легі жалғасуда.  

Ел ықыласы – рухани күш

Сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаев Елбасыға үндеу жолдады. –Бойыңыздағы ерік-жігеріңіз бен күш-қайратыңыз Сізге әрдайым барлық қиындықтан сүрінбей өтуге септігін тигізіп келеді. Сіздің асқақ рухыңыз бен табандылығыңыздың арқасында еліміз түрлі әлеуметтік және экономикалық дағдарыстарды еңсере білді. Сіздің дана, сарабдал саясатыңыздың нәтижесінде еліміз тәуелсіздік жылдарында мемлекеттіліктің берік негізін қалап, татулық пен тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді сақтай алды. Қазіргі таңда барша Қазақстан халқы Сіздің денсаулығыңызға алаңдап, қобалжуда. Дегенмен, Сіздің бұл сынақтан да сүрінбей өтетініңізге кәміл сенеміз. Салиқалы саясатыңыздың сабақтастығы аясында еліміз әлі талай биік белестерді бағындырады. Сіздің Құрметті Сенатор болуыңыз да біз үшін үлкен абырой және зор мақтаныш! – дей келе, Сенат басшысы Тұңғыш Президентке зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және Отанымыздың өсіп-өркендеуі жолындағы қызметіне толайым табыс тіледі. Мәжіліс депутаттары да Елба­сының тезірек сауығып кетуін тілеп, хат жолдады. Депутаттық корпус Н.Назарбаевтың сарқылмас күш-қуаты мен ерік-жігері оған коронавирус індетін жеңуге мүмкіндік береріне сенім білдірді. «Тұңғыш Президенттің кез келген жағдайдан жол таба­тын ерекше қабілеті қиын-қыс­тау уақытта еліміздің сын-тегеурін­дерге төтеп беріп, болашаққа се­нім­мен қарауына мүмкіндік бере­ді. Осы күндері барлық қазақ­стан­дықтың Елбасыға шы­найы жа­нашырлық танытуы халықтық қол­дауды айғақтайды. Біз Нұрсұлтан Әбішұлының тезірек сауығын және ұзақ ғұмыр сүруін тілейміз», – деді Мәжіліс депутаттары. Қазақстан халқы Ассамблеясы арнайы үндеу таратты. Бұл ұйымға Елбасы төрағалық ететіні мәлім. «Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Әлемге таралған коро­навирус Сізді де айналып өтпе­гені туралы жаңалық әрбір қа­­зақстан­дықтың – ел патриот­тары­ның жүрегінде алаңдаушылық тудырды. Өзіңіз бірнеше рет ескерткендей, індет өте қауіпті екені анықталды. Бүгінде Қазақ­станның барша азаматтары Сіз­дің тапсырмаларыңыздың толы­ғымен орындалғанын көріп отыр: аза­маттар бұрын-соңды болма­ған әлеу­меттік көмек алды. Президент Қ.Тоқаев пен ел Үкіметі халықты пан­демиядан қорғау, ел экономикасы мен азаматтардың әл-ауқатын жан-жақты қолдау бағытында ауқымды шаралар кешенін жүзеге асырды. Осының бәрі халқымыздың сын сағатта Сіздің ерік-жігеріңізге және кемең­герлігіңізге деген шексіз сенімінің арқасында мүмкін болды» делінген үндеуде. Бүгінде халқымыз Елбасының сауығып кетуіне тілек білдіруде. Барлық дін өкілдері Жаратушыдан жақсы тілектердің қабыл болуын сұрайды. Азаматтарымыздың жанашырлығы Елбасыға рухани күш пен сергектік сыйлап, аурудан толық айығуына көмектеседі деген сенім бар. Тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай дүрлігіс пен алаңдаушылыққа ешқандай негіз жоқ екенін айтты. «Ай басталғалы Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс кестесі аса тығыз, қауырт болды. Ол бірқатар екіжақты келіссөздер жүргізді, ресми тұлғаларды қабылдады. Сондай-ақ Елбасы отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Мысалы, телевизиялық түсірілімді ұйымдастыру үшін ғана жалпы саны 40-тан аса адам жұмылдырылды. Оның арасында шетел азаматтары да болды. Тұтастай алғанда, Н.Назарбаевтың денсаулығына қатысты жағдай медициналық қызметтердің бақылауында. Дүрбелеңге түсуге, қобалжуға себеп жоқ. Елбасы коммуникацияның заманауи ар­наларын пайдаланып, қашықтан жұмыс істеуін жалғастыруда», – деді А.Үкібай. Оның айтуынша, бекітілген хаттамаға сәйкес, Тұңғыш Прези­денттің өзге адамдармен жеке қарым-қатынастары шектелді. Бұған дейін Елбасының қатысуы­мен өтеді деп жоспарланған кейбір іс-шараларға Н.Назарбаев бейнеконференция байланысы көмегімен онлайн режимде қатысатын болады. Elbasi «Ресми жаңалықтар жариялан­ған алғашқы минуттардан бастап көңілін мазасыздық жайлаған азаматтардан хат-хабарлар және тезірек айығу туралы ізгі тілектер келіп түсе бастады. Журналистер, достары, жақын және алыс шетелдегі әріптестері Елбасыға мықты денсаулық пен күш-қуат тілеп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдау білдірді. Елбасы Кеңсесіне еліміздің барлық өңірлерінен жеделхаттар мен хаттар толассыз ағылуда. Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға және барлық ізгі ниетті жандарға өз атына айтылған ыстық лебіздері үшін ризашылығын білдіреді», – деді Айдос Үкібай.  

Ардагерлер Елбасымен бірге

Әлеуметтік желілерде Тұңғыш Президентке дертіне шипа тілеген көптеген пост жариялануда. Оған да талдау жасап өтуді жөн көрдік. Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Ауған ардагерлерінің, өзінің және Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының атынан Елбасыға ем қонып, тезірек сауы­ғып шығуын тіледі. «Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирус дертіне шалдыққаны туралы хабарды қобалжи қабыл­дадық. Ұлтымыздың өр рухының айқын айнасына, жемісті жалға­сына айналған Қазақстанның жаңа мемлекеттілігінің негізін қалаған тұлға – Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл – даусыз аксиома. Ендеше Тәуелсіздікті ұлық тұтып, тұрақтылықты қадірлейтін әр азамат бүгінде Ұлы даладан, қазақ арасынан шыққан, әлем таныған тарихи тұлғамыздың тілеуін тілесе керек. Алла шипасын берсін Сізге, Нұраға!» деп жазды Бақытбек Смағұл Facebook парақшасында.  

Жастар Елбасыны үлгі тұтады

«Nur Otan» партиясының Саяси кеңесі бюросының мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас­шысы Дәулет Кәрібек Елбасының коронавирусқа тапсырған тесті оң нәтиже бергені жастар көңіліне қаяу салғанын жеткізді. «Мемлекет құрудың жауап­кершілік жүгін мойымай арқалаған біздің Елбасымыз арыстандай айбатты, қыран құстай қанатты тұлға! Сіз бұл сынақты да жеңіп шығасыз деп кәміл сенеміз» деп жазды ол өз парақшасында. Жас ұрпақ өкілдері еліміз қа­шанда Елбасымен бірге еке­нін айтуда. Мысалы, өзге универ­ситеттер қатарында Nazarbayev University студенттері де «Біз Сізбен қашан да біргеміз!» деп хат жолдады. Оған Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу қосылған. «Былтырғы желтоқсанда Қы­тайда басталған, жергілікті мәселедей болып көрінген COVID-19 індеті бірнеше ай ішін­де ауқымды апатқа, жаһандық індетке айналып, қоғамдағы және елдер арасындағы қарым-қатынас сипатын дереу өзгертті. COVID-19 инфекциясының алапат қарқынмен таралуы қоғамдағы әлеуметтік қатынастардың өзгер­уіне, адамдардың оқшаулануына соқтырды. Пандемия адамзатқа зиянын тигізеді» дей келе, озық ғылым ордасының оқытушылары мен студенттері Тұңғыш Прези­дентке мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.  

Металлургтер Елбасын қамқор тұтады

Өскемен титан-магний комби­натының металлургтері Нұрсұлтан Назарбаевқа қолдау білдірді. «УКТМК» АҚ президенті Асем Мамутова комбинаттың ұжымы атынан Тұңғыш Президентке коронавирустан тездетіп айығуына тілектес екенін жеткізді. «Өскемен титан-магний ком­бинаты» АҚ-ның еңбек ұжымы және басқармасы атынан Сізге шын жүректен қолдау білдіргіміз келеді. Біз Сіздің тезірек жазылып кетуіңізді тілеген барлық тілектерге қосыламыз. Қазақстанның тәуел­сіздік алуы және қалыптасуы, әлеуметтік-экономикалық дамуы және қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсаруы Сіздің атыңыз­бен тікелей байланысты. Сіздің даналығыңыз, саяси ерік-жігеріңіз, күш-қуатыңыз, сонымен қатар алға қойған мақсаттарға жетуде табандылық танытуыңыз арқасында Қазақстан бірлік, бейбітшілік және қоғамдық келісімді жоғары құндылық тұтқан мемлекетке айналды», – деді металлургтер. Олар Елбасыға салаға тұрақты қамқорлық көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс айтты. Соның нәти­жесінде, бүгінде қазақстандық титан бүкіл әлемге танылған бренд болып отыр. Сондай-ақ мұнай өңдеушілер де халық тілегіне қосылатынын мәлімдеді. Өз үндеуінде Павлодар мұнай-химия зауытының жұмыс­шылары қажырлы әрі қайратты тұлға ретінде Н.Назарбаев бұл дертті жеңеріне сенім білдірді.  

Интеллигенциядан жылы лебіз

Ұқсас үндеуді Нұр-Сұлтан қаласының зиялы қауым өкілдері де жолдады. Facebook парақшасында жарияланған лебіз хатқа мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, жазушы Сұлтан Оразалин, академик Ғарифолла Есім, ақын Қонысбай Әбіл, ақын Несіпбек Айтұлы, ақын Серік Тұрғынбеков, Қазақстан елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, профессор Аяған Бүркітбай, профессор Серік Негимов, режиссер Талғат Теменов және басқалары қол қойған. «Аса мәртебелі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы! Өмірдің талай қиын­дығы мен кедергісін еңсеріп, халқымызға тәуелсіз мемлекет, баянды бақыт сыйлау жолында табанды еңбек етіп келе­сіз. «Халқымның табанына батқан тікен менің маңдайыма тисін» деген ізгі ниетіңіз бен қажыр­лы еңбегіңізді жұрт жақсы біледі. Сондықтан елін, жерін сүйген, ұлтының қамын ойлаған ар­да азаматтың денсаулығына алаң­даған, оның аман-саулығын тілеген халықта есеп жоқ. Сіз саналы ғұмырыңызда салауатты өмір салтын ұстанудың, денсаулықты күтудің өнегелі үлгісін көрсе­тіп келесіз. Рухыңыздың мықтылы­ғы­мен, қайраткерлігіңіз бен жіге­ріңіз­дің арқасында бұл дертті де еңсеретініңізге кәміл сенеміз. Сек­сеннің сеңгіріне шыққан мерейлі жа­сыңызды ел болып атап өтіп, тоқсанның торқалы тойын көре бергейсіз. Өзіңізге тек зор денсаулық, амандық тілейміз!» деп жазды зиялылар. «Nur Otan» партиясының мү­шесі Евгений Недельский елімізде коронавирус пандемиясы күш алып бара жатқанына назар аудартты. Күн сайын індет жұқтырғандар саны артуда. «Достар, COVID-19 ешкім­ді де аямайды. Барша қазақстан­дықтарға жүгінгім келеді: сани­тар­лық талаптарды мүлтіксіз сақ­тайық, өзімізді және жақын­­дарымызды қорғайық! Әрқай­сы­мызға, әсіресе індетпен күрестің алғы шебінде жүрген медицина және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне тағат-төзім, ден­саулық тілеймін. Олар азамат­тардың өмірі үшін күресуде. Қоғам­дық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Халыққа қажетті барлық қызметтерді ұсынуда. Күрделі кезеңде халыққа қамқор болып жүрген барлық еріктілерге жеке алғыс айтқым келеді. «Nur Otan» партиясы кезекті рет халық алдында жауапкершілік пен бірліктің үлгі­сін көрсетуде. Бүгінде Елбасы – пар­тия Төрағасы Нұрсұлтан Назар­баевтың коронавирусқа шал­дық­қаны белгілі болды. Тұңғыш Президентке мықты денсаулық және жылдам жазылып кетуді тілеймін. Қазақстанға Сіздің еңбегіңіз сіңді», – деді Е.Недельский.  

Елдос СЕНБАЙ