Терең құрмет, сүйіспеншілік сезім
Осы хабарды естіген Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған «Түркі әлемінің ақсақалына» жеделхат жолдап, тезірек айығып кетуіне тілектестік білдірді. – Сырқаттанып қалғаныңызды өкінішпен естідім. Алладан шипа беруін тілеймін. Үнемі жеңіспен еңсерген күрестеріңіз секілді бұл сынақты да жігеріңізбен артқа тастайтыныңызға кәміл сенемін. Қандай да бір қажеттілік туындаған жағдайда қолымыздағы барлық мүмкіндігімізбен жаныңызда екенімізді жеткізгім келеді. Сізге деген терең құрмет пен сүйіспеншілік сезімімен жеке өзім және барша түрік халқы атынан тезірек сауығып кетуіңізді шын жүректен тілеймін, – деді Түркия президенті. Ресей президенті Владимир Путин сол күні жеделхат жолдады: – Мен Сізге осы қиын сәтте қолдау білдіргім келеді. Сіздің ерекше өмірлік энергияңыз, сергектігіңіз бен оптимизміңіз қысқа мерзімде вирусты жеңуге көмектеседі деп сенемін. Шын жүректен Сіздің толық айығып кетуіңізді тілеймін. Деніңіз сау болсын, – деді В.Путин. 18 маусымда Қырғыз Республикасының президенті С.Жээнбеков Н.Назарбаевқа қоңырау шалып, телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында Сооронбай Жээнбеков Елбасының құлан-таза жазылып кетуін және Қазақстан халқының игілігі жолында атқарып жатқан күнделікті қызметіне жақын арада оралуын тіледі. Нұрсұлтан Назарбаев қырғыз басшысына жылы лебіздері үшін ризашылығын айтып, бауырлас екі елдің арасындағы тату көршілік қатынастар одан әрі нығая береріне сенім білдірді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті атына Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтен де жеделхат келіп түсті. Өзбек көшбасшысы Елбасының коронавирус жұқтырғаны туралы хабарды үлкен алаңдаушылықпен қабылдағанына екпін түсірді. – Сізге осынау қиын-қыстау уақытта жан-жақты қолдау көрсетуге және жаныңызда болуға дайын екенімді жеткізгім келеді. Жақын арада Сіздің бұл вирусты жеңіп, сауығып кететініңізге сенімдімін. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Алла Тағала Сізге зор денсаулық, күш-қуат, ұзақ ғұмыр және жаңа табыс берсін деп тілеймін. Жақында өзіңізбен жүздесу мүмкіндігі туады деген үміттемін, – деді Шавкат Мирзиёев. Елбасы атына шетелден ағылған ізгі тілектерге толы телеграммалар мен хаттар легі жалғасуда.Ел ықыласы – рухани күш
Сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаев Елбасыға үндеу жолдады. –Бойыңыздағы ерік-жігеріңіз бен күш-қайратыңыз Сізге әрдайым барлық қиындықтан сүрінбей өтуге септігін тигізіп келеді. Сіздің асқақ рухыңыз бен табандылығыңыздың арқасында еліміз түрлі әлеуметтік және экономикалық дағдарыстарды еңсере білді. Сіздің дана, сарабдал саясатыңыздың нәтижесінде еліміз тәуелсіздік жылдарында мемлекеттіліктің берік негізін қалап, татулық пен тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді сақтай алды. Қазіргі таңда барша Қазақстан халқы Сіздің денсаулығыңызға алаңдап, қобалжуда. Дегенмен, Сіздің бұл сынақтан да сүрінбей өтетініңізге кәміл сенеміз. Салиқалы саясатыңыздың сабақтастығы аясында еліміз әлі талай биік белестерді бағындырады. Сіздің Құрметті Сенатор болуыңыз да біз үшін үлкен абырой және зор мақтаныш! – дей келе, Сенат басшысы Тұңғыш Президентке зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және Отанымыздың өсіп-өркендеуі жолындағы қызметіне толайым табыс тіледі. Мәжіліс депутаттары да Елбасының тезірек сауығып кетуін тілеп, хат жолдады. Депутаттық корпус Н.Назарбаевтың сарқылмас күш-қуаты мен ерік-жігері оған коронавирус індетін жеңуге мүмкіндік береріне сенім білдірді. «Тұңғыш Президенттің кез келген жағдайдан жол табатын ерекше қабілеті қиын-қыстау уақытта еліміздің сын-тегеуріндерге төтеп беріп, болашаққа сеніммен қарауына мүмкіндік береді. Осы күндері барлық қазақстандықтың Елбасыға шынайы жанашырлық танытуы халықтық қолдауды айғақтайды. Біз Нұрсұлтан Әбішұлының тезірек сауығын және ұзақ ғұмыр сүруін тілейміз», – деді Мәжіліс депутаттары. Қазақстан халқы Ассамблеясы арнайы үндеу таратты. Бұл ұйымға Елбасы төрағалық ететіні мәлім. «Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Әлемге таралған коронавирус Сізді де айналып өтпегені туралы жаңалық әрбір қазақстандықтың – ел патриоттарының жүрегінде алаңдаушылық тудырды. Өзіңіз бірнеше рет ескерткендей, індет өте қауіпті екені анықталды. Бүгінде Қазақстанның барша азаматтары Сіздің тапсырмаларыңыздың толығымен орындалғанын көріп отыр: азаматтар бұрын-соңды болмаған әлеуметтік көмек алды. Президент Қ.Тоқаев пен ел Үкіметі халықты пандемиядан қорғау, ел экономикасы мен азаматтардың әл-ауқатын жан-жақты қолдау бағытында ауқымды шаралар кешенін жүзеге асырды. Осының бәрі халқымыздың сын сағатта Сіздің ерік-жігеріңізге және кемеңгерлігіңізге деген шексіз сенімінің арқасында мүмкін болды» делінген үндеуде. Бүгінде халқымыз Елбасының сауығып кетуіне тілек білдіруде. Барлық дін өкілдері Жаратушыдан жақсы тілектердің қабыл болуын сұрайды. Азаматтарымыздың жанашырлығы Елбасыға рухани күш пен сергектік сыйлап, аурудан толық айығуына көмектеседі деген сенім бар. Тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай дүрлігіс пен алаңдаушылыққа ешқандай негіз жоқ екенін айтты. «Ай басталғалы Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс кестесі аса тығыз, қауырт болды. Ол бірқатар екіжақты келіссөздер жүргізді, ресми тұлғаларды қабылдады. Сондай-ақ Елбасы отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Мысалы, телевизиялық түсірілімді ұйымдастыру үшін ғана жалпы саны 40-тан аса адам жұмылдырылды. Оның арасында шетел азаматтары да болды. Тұтастай алғанда, Н.Назарбаевтың денсаулығына қатысты жағдай медициналық қызметтердің бақылауында. Дүрбелеңге түсуге, қобалжуға себеп жоқ. Елбасы коммуникацияның заманауи арналарын пайдаланып, қашықтан жұмыс істеуін жалғастыруда», – деді А.Үкібай. Оның айтуынша, бекітілген хаттамаға сәйкес, Тұңғыш Президенттің өзге адамдармен жеке қарым-қатынастары шектелді. Бұған дейін Елбасының қатысуымен өтеді деп жоспарланған кейбір іс-шараларға Н.Назарбаев бейнеконференция байланысы көмегімен онлайн режимде қатысатын болады. «Ресми жаңалықтар жарияланған алғашқы минуттардан бастап көңілін мазасыздық жайлаған азаматтардан хат-хабарлар және тезірек айығу туралы ізгі тілектер келіп түсе бастады. Журналистер, достары, жақын және алыс шетелдегі әріптестері Елбасыға мықты денсаулық пен күш-қуат тілеп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдау білдірді. Елбасы Кеңсесіне еліміздің барлық өңірлерінен жеделхаттар мен хаттар толассыз ағылуда. Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға және барлық ізгі ниетті жандарға өз атына айтылған ыстық лебіздері үшін ризашылығын білдіреді», – деді Айдос Үкібай.Ардагерлер Елбасымен бірге
Әлеуметтік желілерде Тұңғыш Президентке дертіне шипа тілеген көптеген пост жариялануда. Оған да талдау жасап өтуді жөн көрдік. Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Ауған ардагерлерінің, өзінің және Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының атынан Елбасыға ем қонып, тезірек сауығып шығуын тіледі. «Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирус дертіне шалдыққаны туралы хабарды қобалжи қабылдадық. Ұлтымыздың өр рухының айқын айнасына, жемісті жалғасына айналған Қазақстанның жаңа мемлекеттілігінің негізін қалаған тұлға – Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл – даусыз аксиома. Ендеше Тәуелсіздікті ұлық тұтып, тұрақтылықты қадірлейтін әр азамат бүгінде Ұлы даладан, қазақ арасынан шыққан, әлем таныған тарихи тұлғамыздың тілеуін тілесе керек. Алла шипасын берсін Сізге, Нұраға!» деп жазды Бақытбек Смағұл Facebook парақшасында.Жастар Елбасыны үлгі тұтады
«Nur Otan» партиясының Саяси кеңесі бюросының мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Дәулет Кәрібек Елбасының коронавирусқа тапсырған тесті оң нәтиже бергені жастар көңіліне қаяу салғанын жеткізді. «Мемлекет құрудың жауапкершілік жүгін мойымай арқалаған біздің Елбасымыз арыстандай айбатты, қыран құстай қанатты тұлға! Сіз бұл сынақты да жеңіп шығасыз деп кәміл сенеміз» деп жазды ол өз парақшасында. Жас ұрпақ өкілдері еліміз қашанда Елбасымен бірге екенін айтуда. Мысалы, өзге университеттер қатарында Nazarbayev University студенттері де «Біз Сізбен қашан да біргеміз!» деп хат жолдады. Оған Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу қосылған. «Былтырғы желтоқсанда Қытайда басталған, жергілікті мәселедей болып көрінген COVID-19 індеті бірнеше ай ішінде ауқымды апатқа, жаһандық індетке айналып, қоғамдағы және елдер арасындағы қарым-қатынас сипатын дереу өзгертті. COVID-19 инфекциясының алапат қарқынмен таралуы қоғамдағы әлеуметтік қатынастардың өзгеруіне, адамдардың оқшаулануына соқтырды. Пандемия адамзатқа зиянын тигізеді» дей келе, озық ғылым ордасының оқытушылары мен студенттері Тұңғыш Президентке мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.Металлургтер Елбасын қамқор тұтады
Өскемен титан-магний комбинатының металлургтері Нұрсұлтан Назарбаевқа қолдау білдірді. «УКТМК» АҚ президенті Асем Мамутова комбинаттың ұжымы атынан Тұңғыш Президентке коронавирустан тездетіп айығуына тілектес екенін жеткізді. «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ-ның еңбек ұжымы және басқармасы атынан Сізге шын жүректен қолдау білдіргіміз келеді. Біз Сіздің тезірек жазылып кетуіңізді тілеген барлық тілектерге қосыламыз. Қазақстанның тәуелсіздік алуы және қалыптасуы, әлеуметтік-экономикалық дамуы және қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсаруы Сіздің атыңызбен тікелей байланысты. Сіздің даналығыңыз, саяси ерік-жігеріңіз, күш-қуатыңыз, сонымен қатар алға қойған мақсаттарға жетуде табандылық танытуыңыз арқасында Қазақстан бірлік, бейбітшілік және қоғамдық келісімді жоғары құндылық тұтқан мемлекетке айналды», – деді металлургтер. Олар Елбасыға салаға тұрақты қамқорлық көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс айтты. Соның нәтижесінде, бүгінде қазақстандық титан бүкіл әлемге танылған бренд болып отыр. Сондай-ақ мұнай өңдеушілер де халық тілегіне қосылатынын мәлімдеді. Өз үндеуінде Павлодар мұнай-химия зауытының жұмысшылары қажырлы әрі қайратты тұлға ретінде Н.Назарбаев бұл дертті жеңеріне сенім білдірді.Интеллигенциядан жылы лебіз
Ұқсас үндеуді Нұр-Сұлтан қаласының зиялы қауым өкілдері де жолдады. Facebook парақшасында жарияланған лебіз хатқа мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, жазушы Сұлтан Оразалин, академик Ғарифолла Есім, ақын Қонысбай Әбіл, ақын Несіпбек Айтұлы, ақын Серік Тұрғынбеков, Қазақстан елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, профессор Аяған Бүркітбай, профессор Серік Негимов, режиссер Талғат Теменов және басқалары қол қойған. «Аса мәртебелі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы! Өмірдің талай қиындығы мен кедергісін еңсеріп, халқымызға тәуелсіз мемлекет, баянды бақыт сыйлау жолында табанды еңбек етіп келесіз. «Халқымның табанына батқан тікен менің маңдайыма тисін» деген ізгі ниетіңіз бен қажырлы еңбегіңізді жұрт жақсы біледі. Сондықтан елін, жерін сүйген, ұлтының қамын ойлаған арда азаматтың денсаулығына алаңдаған, оның аман-саулығын тілеген халықта есеп жоқ. Сіз саналы ғұмырыңызда салауатты өмір салтын ұстанудың, денсаулықты күтудің өнегелі үлгісін көрсетіп келесіз. Рухыңыздың мықтылығымен, қайраткерлігіңіз бен жігеріңіздің арқасында бұл дертті де еңсеретініңізге кәміл сенеміз. Сексеннің сеңгіріне шыққан мерейлі жасыңызды ел болып атап өтіп, тоқсанның торқалы тойын көре бергейсіз. Өзіңізге тек зор денсаулық, амандық тілейміз!» деп жазды зиялылар. «Nur Otan» партиясының мүшесі Евгений Недельский елімізде коронавирус пандемиясы күш алып бара жатқанына назар аудартты. Күн сайын індет жұқтырғандар саны артуда. «Достар, COVID-19 ешкімді де аямайды. Барша қазақстандықтарға жүгінгім келеді: санитарлық талаптарды мүлтіксіз сақтайық, өзімізді және жақындарымызды қорғайық! Әрқайсымызға, әсіресе індетпен күрестің алғы шебінде жүрген медицина және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне тағат-төзім, денсаулық тілеймін. Олар азаматтардың өмірі үшін күресуде. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Халыққа қажетті барлық қызметтерді ұсынуда. Күрделі кезеңде халыққа қамқор болып жүрген барлық еріктілерге жеке алғыс айтқым келеді. «Nur Otan» партиясы кезекті рет халық алдында жауапкершілік пен бірліктің үлгісін көрсетуде. Бүгінде Елбасы – партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирусқа шалдыққаны белгілі болды. Тұңғыш Президентке мықты денсаулық және жылдам жазылып кетуді тілеймін. Қазақстанға Сіздің еңбегіңіз сіңді», – деді Е.Недельский.Елдос СЕНБАЙ