Күткен нәтижеге жете алмауымыз мүмкін
Еліміздегі квазимемлекеттік ұйымдардың басым бөлігінің басын біріктірген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Активтерді басқару және жекешелендіру дирекциясының басшысы Алмасадам Сатқалиевтың дерегінше, қазіргі уақытта жекешелендіру жоспарына қордың ірі 9 активі мен шағын 21 активі қатысып жатыр. 2016 жылдан бері қор 137 актив бойынша жекешелендіруді аяқтады: 84 актив 172 млрд теңгеге сатылып, 53 актив жойылған немесе қайта құрылған. Мұның барлығы Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жүзеге асып жатыр. А.Сатқалиев қор активтерін биыл жекешелендірудің қаупі бар екенін айтып отыр. Себебі биылғы жекешелендіру күткен нәтижеге қол жеткізбеуі мүмкін. «Үкіметке компанияларды жекешелендіру бойынша берген ұсынысымыздың негізгі мәні сапаға баса мән беру. Яғни, дәл биылғы жекешелендіру біз күткен нәтижеге қол жеткізбейді. Тіпті, бұл бағдарламаны іске асырудың белгілі бір қаупі де бар. Сол себепті индикативті мерзімдерді таңдап отырмыз», – дейді ол. Ең қызығы, егер жақсы инвестор табылып жатса, қор кейбір компанияларды жоспарланған мерзімінен бұрын сатуға дайын. Мәселен, келесі жылдың жекешелендіру жоспарына енген «Қазпоштаны» инвестор табылса, қор үшін тиімді ұсыныс жасалса, жекешелендіреміз деп отыр. Қор «Қазпоштаны» сату кезіндегі стратегиялық бағыт-бағдарды айқындауға кеңесші ретінде халықаралық KPMJ компаниясын тартқан. Ол компания ІРО бизнесінің ауқымын ескере отырып, «Қазпоштаға» стратегиялық инвестор тартуға кеңес берген. Ол инвестор бизнестің салалық профиліне, логистикалық жұмысына инвестиция салуға кепілдік беруі тиіс. Сондай-ақ «Қазпоштаға» мемлекеттік бағдарламалар аясында жүктелетін Үкімет міндеттемелерін толық орындауы шарт. «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы нарық-тың әлеуетті қатысушылар тарапынан «Қазпоштаға» қызығушлық болуы мүмкін деп болжайды. Себебі әлгі халықаралық кеңесші компания қорға «Қазпошта» жекешелендірілетін кезде ІРО-ға қатысуы мүмкін компаниялардың тізімін ұсыныпты. Ол тізімде Ресейден де, басқа мемлекеттерден де компаниялар бар көрінеді. Енді солардың қайсысы тиімді ұсыныс жасаса, «Қазпошта» солардың қанжығасында кетпек.Тасымалдаушы компанияларды сатуға қимай отыр
«Қазпоштаны» сатуға асығып отырған қор Air Astana, Qazaq Air әуекомпаниялары мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын қазір жекешелендіруге ниетті емес. Мұны қор басшылығы жекешелендіруге шығарылатын бірқатар компаниялардың ІРО-сына қатысты айтарлықтай қаупі болуымен түсіндіреді. Мысалы, аталған компаниялар баға жағынан да, көлемі жағынан да Үкімет қойған параметрлік базаларға жетпеуі мүмкін көрінеді. Сол себепті «Самұрық-Қазына» Үкіметке компаниялардың жекешелендірілу мерзімін өзгерту туралы ұсыныс жасапты. Сол ұсыныста келер жылы «Қазпошта» пен «Самұрық Энергоны» жекешелендіру айтылған. Ал Air Astana мен Qazaq Air, сонымен бірге «Самұрық-Қазынаның» тау-кен компаниясын 2022 жылы, «Қазақстан темір жолын» 2023 жылы жекешелендіру ұсынылған. ІРО-сы кейінге шегерілген компаниялар арасында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы бар. Үкімет қор ұсынысын мақұлдаған сияқты. «Осы компанияның ІРО-сын кейінге шегеру туралы ұсынысымызды қолдаған Үкіметке алғыс айтамыз. Жалпы, «ҚазМұнайГазды» ІРО-ға дайындау жөнінде айтарлықтай жұмыс жүргізілді. Халықаралық сарапшылармен ақылдасып, Лондонда, АҚШ-та инвесторлармен алдын ала кездесу өткіздік. Әйтсе де, мұнай мен газға инвестиция салатын инвесторлар дивидендтерге баса маңыз береді. Қазір инвесторлар үшін басты тренд – қысқамерзімді бағаның максимизациясы. Яғни, олар компанияның өз акционерлеріне жоғарылатылған дивидендті беруін күтеді» деген А.Сатқалиев мұнай бағасының бүгін аса жоғары болмай тұрған кезеңінде бұл компанияға инвесторлар тарапынан да қызығушылық аз екенін айтып қалды. Есесіне, «Қазатомөндіріс» компаниясының акцияларын сатып алуға ниетті қазақстандықтардың саны көбейіп тұр. Ол заңды да. Себебі «Қазатомөндіріс» әлемдегі уран индустриясының көшбасшысы саналады. Алмасадам Сатқалиев бұл компания нарықтың қазіргі құбылуына қарамастан, кез келген акциясын сатылымда жақсы өткізе алатынына сенетінін жасырмады. Оның айтуынша, компанияға қатысты бір рет ІРО, екі рет SPO өткізілген. Осылайша, Лондон қор биржасында, «Астана» халықаралық қаржы орталығында компанияның 25 пайызы сатылған. Сарапшылар «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының соңғы рет сатылған акцияларының 6,28 пайызын бірегей сатылым деп бағалаған. Айта кетерлігі, 2019 жылы компания акциясын сатып алуға қазақстандықтардан 121 өтінім келсе, 2020 жылы 564 өтінім түскен. Яғни, өзінің инвестициялық салымын банк депозиттеріне ғана емес, акцияларға да салғысы келетін қазақстандықтар көбейіп келеді.«Қазақтелекомды» неге қимады?
«Қазақтелеком» компаниясының 10 пайыз акциясы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ға сатылған болатын. А.Сатқалиевтің айтуынша, бұл шешімді Мемлекеттік комиссия қабылдаған. «Бұл шешім не үшін қабылданды? Қазіргі экономикалық жағдайда біз телекоммуникация мен ІТ қызметтер нарығы ынталандыруға ие болып, қызмет аясы кеңейген салалардың біріне айналғанын көріп отырмыз. Яғни, онлайн қызметтер көлемі артты, интернет-сервистер іске қосылып, бұл нарық инвесторлар үшін тартымды салаға айналып келеді. Осы жағдай ерекше ескерілді», – дейді ол. «Қазақтелеком» мемлекет үшін стратегиялық актив болғанымен, бағаланбай отырған актив. Сол себепті бұл активті мемлекет бақылауына қалдырып, халық үшін пайда көбірек түсетіндей жұмыс жүргізу жоспарланып отыр екен. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Үкіметке жолдаған ұсынысында «Қазақтелекомның» сатып алушысы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры болса деген өтініш жасалған. Үкімет те, Ұлттық банк та бұл ұсынысты қолдаған. Бізге жеткен ақпарат бойынша, қазіргі уақытта Ұлттық банк пен қор арасында келіссөздер жүріп жатыр. Баға индикаторы ретінде акцияның нарықтық белгіленімі ескеріледі. Қор басшылығы бұл келісім компаниядағы басқа акционерлердің мүддесіне нұқсан келмейді деп сендіріп отыр. Себебі жаңа келісім акционерлер құрылымын жақсартады әрі корпоративтік басқару жүйесін жетілдіреді деген үміт бар. Көріп отырғанымыздай, квазимемлекеттік сектордағы компанияларды қазіргі уақытта сатудың аса тиімді болмайтын түрі бар. Бір жағынан, сатпаса тағы болмайды. Өйткені Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында квазимемлекеттік сектор жұмысының тиімділігін арттыруды тапсырды. Содан бері Есеп комитетінің қор жұмысының тиімділігіне көңілі толған емес. Кеше Парламент Сенатының отырысына қатысқан Есеп комитетінің басшысы Наталья Годунова мемлекеттік компаниялар республикалық бюджетті табыс көзіне айналдырып алғанын мәлімдеп, тағы да қорды сынға алды. Дәйегіне дерегі дайын екен, 2007-2019 жылдар аралығында холдингтерге ұлттық ресурстар есебінен 7,5 трлн теңге берілгенін айтып салды. Ең бастысы, холдингтердің бұл қаражатты жалпыұлттық мақсатқа жұмсалғанына мониторинг жүргізілмейтінін де қадап айтты.Халима БҰҚАРҚЫЗЫ