Мәселе – сөзде емес, қаріпте...
Мәселе – сөзде емес, қаріпте...
334
оқылды

– Жаңа әліпби, жаңа емле, жаңа жазу – жалпы реформаның жай-күйі қалай болып жатыр?

– Қазақ жазуын латын гра­фикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіруді отандық тілтану­шы­ларымыз «жалпыхалықтық ре­фор­ма» деп атап жүр. Расымен, жазу өмірімізді реттейтін, тіпті бола­ша­ғымызды да айқындап отыратын қызметті иеленуде. Сондықтан жа­зуға жасалған өзгеріс бүкіл қоғамға, оның санасына жасалған өзгеріспен бірдей. Енді осы рефор­маның барысы қандай? Алғашқы нәтиже алатын уақыт болып та қалды емес пе? Осындайда «нәти­же бар ма?» деген сұрақтар туады. Алдымен соған жауап берейік.

Латындандыруға қатысты бар­лық шаралар Үкіметтің 2018 жыл­дың 13 наурызында бекіткен Қазақ жазуын қадам-қадаммен жаңа әліпбиге көшіру жоспарына сәй­кес жүргізіліп келеді. 2018 жылы Жаңа емле ережелерін әзірлеу, оны сынамадан өткізу, қалың жұртшы­лыққа насихаттау, соңында мақұл­дау жоспарланған еді. Ахмет Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары іргелі және қолданбалы зерттеулердің нәтижелеріне сүйене отырып, емле ережелерінің жобасын әзірлеп берді. Ол ереже ғылымға табан тірейді, бірақ ол ғалымдарға ғана арналған ғылыми құжат емес. Ол – қазақтілді этномәдени қа­уым­дастыққа ортақ қоғамдық құ­жат. Себебі, емле жазуға қатысты, ал жазу – халықтың күнделікті өмірімен қоса, керек десеңіз, та­рихи өмірін де жасайтын, жүйе­лейтін, тәжірибесін сақтап, ұрпақ­қа жеткізетін құрал. Сондықтан мұндай жалпыхалықтық маңызы бар құжатты ғалымдар қазіргі қазақтілді жазарманның тілдік санасына лайықтап жасауды да көздеді. Сонымен бірге, осы жазу арқылы қалыптасатын «латынша» жазатын болашақта ұрпақтың да мұқтажын болжап, ескеруді естен шығармады деп айта аламын. Осындай күрделі мәселені тек бір ғылыми орталықтың күшімен ше­шу мүмкін емес, осы себепті, Тіл комитеті жанындағы Тілдерді үй­лестіру орталығы «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталық» болып кеңейтіліп қайта құрылды. Былтыр орталық 3 мыңға жуық жазып-сызатын қазақтілді қауым­нан жаңа емле жобасын сауал­на­малар арқылы сынамадан өткізді, 21 400-ден астам азаматтардың алдына еліміздің танымал ғалым­дары мен қоғам қайраткерлері, дәрістер, семинарлар арқылы емле жобасын жұртшылыққа көзбе-көз түсіндіріп шықты. 12 000 адамға та­ратпа материал үлестірілді, 350 000 адам радиохабарлары­мыздан, 1 365 000 адам әлеуметтік желі, 505 714 адам орталықтың ин­тернет ресурстарынан, 425 950 өңірлік БАҚ-тан, 654 000 телеар­на­лардан біз жариялаған материал­дар арқылы жаңа әліпби мен емле туралы ақпарат алды. Сөйтіп, был­­тыр тұңғыш жалпыхалықтық дик­тант ұйымдастырылып, 1 644 775 аза­мат қолына қалам алып, жаңа әліпбимен жазды. Сонда орталық барлығы 5 млн-дай азаматымызды қатыстыра отырып, осы жазу ре­формасы туралы насихат жұмысын атқарған екен. Биыл да бұл іс бел­сенді түрде жалғасын тауып отыр.

Осы шаралар жемісін беріп, өздеріңізге белгілі, 2018 жылдың желтоқсанында «Егемен Қазақ­стан» газетінде мақұлданған емле жобасы жарияланды. Ендігі ке­зекте 2020 жылы қазақ мектебіне баратын бүлдіршіннің оқулығы латын әліпбиінде сауатты басылып шығуы үшін қажеттің бәрін жа­сауымыз керек. Сонымен бірге, тек білім беру ғана емес, заң шы­ғару, сот ісі, қаржы қызметі, мәде­ниет саласы мен ақпарат құрал­да­рындағы – қоғамдық өмірдің бар­лық саласындағы тілдік ке­ңіс­тікті латын әліпбиіндегі жазуға кө­шіруге қажетті инфрақұры­лым­ды жасау, яғни кеңтаралымды ор­тологиялық құралдарды, кирил­шеден латыншаға автоматты түрде ауыстыратын қолжетімді IT қо­сымшаларды, латынәліпбилі қазақ пернетақтасын әзірлеп, тарату; ре­форманың идеологиялық база­сын қалыптастырып, қолдап оты­ру, яғни жаңа әліпбидің, жаңа жа­зудың, сол сияқты латынша са­уатты жазатын тұлғаның әлеу­мет­тік беделін арттыру арқылы мем­лекеттік тілдің қолданыс мә­дениетін жақсарту шараларын жүргізу; жаңа жазудың практи­калық базасын жасақтау, яғни жұрт­тың жаңа емлемен жазу са­уатын ашу, қолдағдысын қалыптас­тыруға арналған оқыту курстарын, дәрістер, олардың оқу-әдістемелік құралдары мен семинарлар, қала берді БАҚ беттеріндегі түсіндіру, үйрету бұрыштарын, латын әліп­биінде көркем, ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиеттерді басып шы­ғару, тренерлер әзірлеу ісі жал­ғаса береді. 2024 жылы қазақ аза­маттардың төлқұжаттары латын әліпбиімен жазылып ауыстыры­лады, ал 2025 жылы тіліміздің графикалық кеңістігі түгелдей латыншаға көшірілуі керек.

– «Тіл-Қазына» ұлттық орта­лығы немен айналысады? Алға қандай міндеттер қойды?

– «Тіл-қазына» орталығы – тіл саясатын жүзеге асырушы басты мекемелердің бірі. Ол қоғамдағы мемлекеттік тілдің қолданысын ке­ңейту, мәдениетін жақсарту бойынша жүйелі шараларды іске асырып отыр, латын графикалы әліпбиді енгізудің ғылыми-прак­тикалық мәселелерімен де айна­лысып келеді. Осы мақсатта орта­лықта ғылыми кеңес құрылды. Емле ережелерін жетілдіру үшін ғалымдарымызға теориялық зерт­теу нәтижелері қаншалықты ма­ңызды болса, қоғамдық санадағы жаңа жазуға қатысты үміттер және латынмен жазуға кедергі келті­ретін, не болмаса керісінше, оны жылдам үйренуге септігін тигізетін стереотиптер туралы практикалық білім де соншалықты маңызды. Міне, осындай практикалық мәні зор білімдерді, ұсыныс-пікірлерді жинақтау, сынамалар, сауалнама, сараптамалар өткізу ісімен біздің орталық айналысып келеді. Бұл істерді орталық Үкімет жанындағы латынға көшіру ұлттық комиссия­сының орфографиялық жұмыс тобының жұмысын ұйымдастыру арқылы жүзеге асырып отыр. Ор­талықтағы «Орфография бас­қармасы» осы бағытта жұмыс атқарып отыр.

Ал біздегі «Әдістеме басқар­масы» биыл мақұлданған емле ере­желері негізінде ересек аза­мат­тарды оқыту міндетін орындауда. Бүгінгі күнге дейін жыл басынан бері 300-дей азаматқа латын әліп­биі мен емле ережелері бойынша 72 сағаттық білім жетілдіру кур­сы­ның сертификаты тапсырылды. Бұл курстан өткен қазақ тілінің мамандары жаңа жазудың қыр-сырына өз мекемелеріндегі әріп­тестерін оқыта алады. Курстың өңірлерге арналған 12 сағаттық жеделдетілген нұсқасы да аймақ­тардағы жаңа жазуды игеруге деген мұқтаждықты өтейді. Осы күнге дейін «Тіл-қазына» орталы­ғының ұйымдастыруымен еліміз­дің барлық өңірінде білім жетілдіру курстары өтіп, 800-ден астам аза­матқа сертификат берілді.

Орталық терминологиялық жү­йені, ономастикалық кеңістігі­мізді жаңа жазумен реттеу жұмыс­тарын да ұйымдастырып отыр. Осы міндетті сәтті орындау үшін терминдерді стандарттау бойынша жауапты органдардың жұмысын үйлестіру аса маңызды. Жаңа әліпбиге көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы термино­ло­гиялық топ жетекшілігі Білім және ғылым министрлігіне берілген, ал терминологиялық комиссия жұмысын Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырады. Бұл тұста осы екі жұмыс та бір ми­нистрліктің құзырында болса, терминнің мәселесін шешу оңай болар еді.

«Тіл-қазына» орталығында жас­­тар көп. Олар орталықтың за­ма­­науи жобаларын жүзеге асыруға күш жұмылдырып отыр. Латын­не­гізді қазақ әліпбиінің емле ере­желерін көпшілікке таныстырып, меңгертуде жаңа технология­лардың маңызы зор. Былтыр республикалық «Тіл-Қа­зы­на» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекшілігімен латын әліпбиін меңгертуге аса қажетті бірнеше IT жоба әзірленіп жұртшылық игілігіне берілді. Со­лардың бірі әрі маңыздысы – Qazlatun.kz ұлттық порталы. Атауы айтып тұрғандай, бұл ұлттық пор­талдан қазақ әліпбиінің латын графикасына көшу барысы туралы барлық деректі таба аласыздар. Ең қажеттісі Qazlatun көпфункцио­налды конвертері, ол электронды мәтінді кирилден латынға, төте жазуға және керісінше аудару қызметін ұсынады.

Латын әліпбиімен танысқысы келетін балақайлар үшін «IQdos» мультфильмі мен «Durys sóıleıik» анимациялық ролигі, сонымен бірге, 3D графикасымен жасалған толықметражды «Селтең сері» анимациялық фильмі әзірленді. Ақпараттық-жарнамалық, таным­дық, түсіндірмелі бағытта 30-дан астам бейнематериал түсірілді. Олар «Қазақстан», «Хабар», «Елар­на» республикалық телеарна­ла­рынан көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ Youtube, Tilalemi арналарында да орналастырылды.

Қарапайым деңгейдегі мем­лекеттік тілді және латын графи­касы негізіндегі қазақ тілінің әліп­биі мен жаңа емле ережесін та­ныстыру, үйрену, жазу және оқу дағдыларын қалыптастыруға ар­нал­ған веб-сервис – Tilqural.kz порталы жасалады. Мемлекеттік тілге арналған веб және IT инфра­құрылым бойынша Sozdikqor.kz әзірленді. Ол – әртүрлі сала сөздері мен тұрақты сөз тіркестерін, қазақ тіліндегі көне, кірме, жаңа сөздер­дің мағынасын көруге мүмкіндік беретін платформа. «Сөздікқор» порталының іздеу жүйесі арқылы сөз мағынасының түсіндірмесін, синонимін, антонимін, омонимін, фразеологиялық тіркес немесе сөйлем құрамындағы қолданысын көруге болады. Оның iOs, Android үшін мобильді қосымшалары мен telеgram-бот қосымшасы әзір­ленген.

– Емле ережелері мақұлданды деп айттыңыз. Мақұлданғаннан кейін заңдық күшіне енді ме? Емлеге қатысты пікір, ұсыныс көп. Сонда ереже тағы түзетіле ме?

– Мақұлданған соң, емле ере­желерін бекіту керек. Онсыз бұл құжаттың реттеушілік мәртебесі болмайды. Ал мұндай мәртебе аса қажет. Әліпби ауыстырған елдердің тәжірибесінде оны жоғары мем­лекеттік орган бекітеді. Бізге де осы тәжірибе тиімді болар еді. Асы­лында, мемлекеттік тіл туралы заң қабылданғаны, жаңа әліпбиі­міздің мәртебесі сонда бекітілгені дұрыс болар еді. Бұл жаппай са­уатты жазу-сызудың тез қалыпта­суына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, бүгінге дейін мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту мен мәдениетін арттыруда қордаланып қалған барлық мәселенің мықты шешімі болар еді.

– Жазушы көзқарасымен ал­ғанда, болашақта латын әліпбиінің ұтымды тұсы не болмақ?

– Небәрі 28 төл дыбыстан тұратын сөзімізді 42 әріппен жазып жүр едік, енді 32 әріппен жазамыз, жазушының уақыты 10 әріпке үнемделетін болды. Шын мәнінде, жаңа әліпбимен жаңарған жазу рухымызды жаңғыртады дегенге сенемін. Қазір тілімізге күніне бәленбай ұғым мен заттың атауы шет тілінен еніп жатыр. Оларды аудар­ғанын аударып, баламасы барын төл сөзімізбен атап жатыр­мыз, ал жұртшылық сол күйі аудар­май қабылдап жатқаны қан­шама?! Бұларды кирилше орыс ем­лесімен жазамыз, орысша жаз­ған соң, орысша айтамыз. Бүгінгі халық орысшаға судай, бөкебай (пуховой), болыскей (польский), жәшік (ящик), берен (француз­ский), бөрене (бревно), әтбекет (адвокат) деп кезінде қазақша­ла­ғандай, қазіргі шеттілдік сөздерді кирилмен игеріп, мәселен, әлбөм, көмпүтер, әкүмүләтір, кәлкүләтір, ведіміс, ведімістік деп жазсақ, орысшаға әбден үйреніп қалған соң, қабылдаудың өзі қиын. Ал латынмен игеріп жазғанда тұрқы álbom, kompúter, akúmúlátir, kálkú­latir, vedimis, vedimistik боп көзге жеңіл, көңілге қонымды бола кетеді. Әрі бұлардың дыбысталуы да қазақша болады. Сондай деймін-ау, гәп қаріпте екен! Латынмен қазақша­ланған сөз қарсылық тудырмайды. Міне, латыннан ұтатынымыз көп болса, соның ұлт болашағы үшін ең не­гізгісі де, пайдалысы да осы, ол – барлық сөзді қазақ мәті­нінде қазақшалап жазу! Ал қазақша жазып-сызған ұрпақтың ұлттық тілде ойлау жүйесі жаңғырады, өз тілінің қорынан жаңа ұғым, түсі­нікке атау іздеу әрекеті жанданады, өзінше ойлап, дүниені өзінше та­ныған қоғам ғана құл болып кет­пейді. Оны біз тарихтан жақсы білеміз.

– Латынмен жазған ұрпақ қазір­гі кирилмен жазған ұрпақтан қалай ерекшеленеді?

– Келесі жылы мектепке бар­ған бала латын әліпбиімен жазып-сызады. Бұл ұрпақ латынжазулы сананың иесі болады. Себебі, ол қоғам өміріне белсене араласатын жасқа келгенде, айналамызда тек латынша графикалық кеңістік қалыптасып үлгереді. Ағылшын тілін білетіндер саны артады, ағылшын мен қазақтың әліпбиі бірдей болған соң, осы тілдегі кеңістік өкілдері қазақ жазуын түсінбесе де оқи алады, керісінше, қазақша жазып-сыза білетін бала, түсінбесе де, ағылшын тіліндегі ақпаратты оқи алатын болады. Орыстан келген сөздердің легін игеріп жүрген қазақ тіліне, енді ағылшыннан келген сөздерді иге­руге тура келеді. Ал әлемдік тілден келетін ақпарат легі орыс тілінен келетін ақпараттан әлдеқайда қарқынды, әлденеше рет ауқымды. Сондықтан болашақ ұрпақ атадан мұра болған тілімізді сақтау үшін біздің ұрпақ шешкеннен де күрделі мәселелерді шешеді. Ол – ағыл­шын тілі арқылы келген әсерді ұлттық тілде игеру. Дегенмен қазір ұлттық жазудың негізін қалып­тас­тырып берсек, болашақта тіл сала­маттығын сақтауда туындайтын кез келген мәселені шешу оңай болады.

Әңгімелескен

Айна ХАСАН