Арбадағы анасын аялаған азамат әлемдік нарыққа шығатын фильм түсіргісі келеді
Арбадағы анасын аялаған азамат әлемдік нарыққа шығатын фильм түсіргісі келеді
387
оқылды
Қолымыз қалт ете қалса, телефонға телміретін әдетіміз емес пе? Әлеуметтік желіде арбаға таңылған ана мен баланың суретін көріп, бірден сол парақшаға кірдім. Мақсаттың сал ауруымен өмірге келген анасы Айсараның қилы тағдыры жайлы аз-кем сөз қозғаған жазбасынан кейін оқырманы көбейе түсті. Желідегі жұрт басқа түскен қиындыққа мойымаған қайсар ана мен ес білгелі оған қамқор болып келе жатқан баласына қарап еріксіз сүйсініп, ет жүрегі елжіреді. Одан бері арада біраз уақыт өткен еді. Бір күні жекесіне жолдаған хабарламама жауап келмеген соң, іштей «көрмеген шығар, мүмкін мүлде жауап бермейтін де болар» деп түйдім. Алайда арада 2-3 күн өткенде кейіпкер өмір жолы жайлы тарқатып айтып беруге келісті. Бұдан кейін де бірер күн күтуге тура келді. Өйткені ол анасының жанынан көп ұзай алмайтын еді. Түсінікті болу үшін бәрін басынан бастайық.                                               Арман құшағындағы Айсара  width= Айсара 1959 жылы сал ауруымен өмірге келеді. Дәрігерлер оның бұл диагнозбен ұзақ өмір сүрмейтініне сенімді еді. Таңғаларлығы, ол мейірімді, адамдармен тез тіл табысатын ашық-жарқын қыз болып өсті. Қыз бала әкеге жақын болады ғой. Айсараның әкесі Төреқұл Айманов өз ортасында беделді кісі болатын. 17 жасында соғысқа өз еркімен аттанып, 1945 жылы аман-сау оралды. Елге келгесін экономика саласына еңбек сіңірді. Айсара дегенде әкенің шығар жаны бөлек. Оның қиналғаны жанына аяздай батқан әке ауруынан айықтырамын деп талай жерге барып, табанынан таусылды. Бірақ тағдырға шара бар ма? Амал жоқ, бәрін қабылдауға тура келді. Айсараның балалық, жастық шағы жанында жүрген құрдастарына ұқсамады. Денесін толық басқара алмайтын қыздың сөйлесе тілін ешкім түсінбейтін. Достары сияқты асыр салып ойнағысы, билегісі келді. Ал мектеп формасын киіп, басына бантик тағып, мектепке бару ше?!. Бұл – оның үлкен арманы. Қаршадай қыз арманының орындалмайтынын түсінетін. Сөмкесін асынып мектепке кетіп бара жатқан құрбыларына терезеден телміре қарап, олардың әрбір әрекетін қызыға тамашалаумен уақыт шіркін зымырап өте берді. Бірақ Айсара үшін емес. Оған өмір бір орында тоқтап тұрғандай көрінетін...

  Орындалған арман

Қатарлас құрбылары бойжетіп, өмірлік серігін тапты. Ана атанып жатқандары да бар. «Шіркін, мен де осындай керемет сезімге бөленсем ғой!» дейді үмітін үзбей. Бірақ дәрігерлердің балалы бола алмайтынын нықтап айтқанын есіне алды.  Ішкі рухы мықты еді бәрібір. Басына түскен сынаққа төзе білді. Тағдырына налып, өмірден баз кешіп кеткен жоқ. Бала асырап алмақшы болып, Балалар үйіне барды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың бала асырап алуына рұқсат жоқ екен. Сонда да тәуекелге бел байлап, талай есікті қақты. Өкініштісі, бұл әрекетінен ештеңе шықпады. Енді не істейді? Өмір бойы қу тізесін құшақтап өтпек пе? Ата-анасы болса қартайған, ал бауырлар үйлі болып, өз жөнімен кеткен. Қалған өмірін жалғыздықпен өткізгісі келмеген қыз ойлана келе әке-шешенің рұқсатын алып, маңызды шешім қабылдады. Бұл жолы басын үлкен қатерге тікті. Сәби сүйсем деді. Көпшіл, мейірімді қыздың әңгімесі жарасатын достары да аз емес. Ортасына сыйлы, абыройлы азаматпен жақсы араласып жүргеніне біраз уақыт болған. Шыққан тегін, өскен ортасын бір кісідей біледі. Баласына әке болатын адам... Иә, соны таңдады. Балалы болған соң оның мойнына ешқандай міндет жүктемейтін болып келісті. Осыдан кейін бақытына орай, Айсараның бойына бала бітті. Арбаға таңылған қыздың өміріне мән кіргендей болды. Бірақ арпалысқа толы күндер әлі алда екен. Жүктілік кезінде жергілікті перзентхана тіркеуге қоюдан, босандырудан түбегейлі бас тартты. Ал дәрігерлер бұл жаңалықты естігеннен өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, айқайға басты.  Қанша тырысқанымен, ақ халаттылар Айсараны баланы алдыруға көндіре алмады.  width= Жамбыл облысы Шу қаласында тұратын Айсара бар үмітін арқалап, жанына әпкесін ертіп,  Алматыға жолға шығады. Бірақ барған жерінің бәрі оны қабылдаудан бас тартты. Өйткені бұл үлкен жауапкершілік екені белгілі.  Ақырында анасы «қандай да бір сәтсіздік болған жағдайда, отбасымыз ешқандай кінә артпайды» деп қолхат жазып берді. Осылайша Айсара босанардан бір жарым ай бұрын алып шаһардағы Ана мен бала денсаулығын қорғау ғылыми орталығында болды. Жаратушының жарылқауы шығар, айы-күні жетіп шекесі торсықтай ұлды жарық дүниеге әкелді. Кесар отасы сәтті өтті. Ғажайып дерсіз, алғашында оның дені сау сәбиді өмірге әкелгеніне дәрігерлерден өзге ешкім сене қоймады. 1993 жылдың 3 маусымы. Бұл күн – Айсара үшін мереке. Құрсағын жарып шыққан періштесімен қауышқан сәтте еңіреген ананы дәрігерлер тоқтата алмады. Қандай керемет сезім! Ол шынында, дәл осы кезде өмірінде бірінші рет, 34 жасында бақыттан жылаған еді...                                                             Зерек бала Мақсат Екі айлық сәбиін алып үйіне оралғанда құттықтап келушілер көп болды. Кейбіреуінің ішінде күмән бары да рас. Алайда алақандай ғана сәбиін емірене емізіп отырған Айсараны өз көзімен көргенде қалай сенбесін! Баласының атын өзі Мақсат деп қойды. Айсараның ендігі арманы баласы екеуі тұратын үй салу еді. Осы оймен бірінші топтағы мүгедектігі үшін мемлекет беретін жәрдемақысын жинап, үйдің құрылысына қажетті заттарды түгендеуге кірісті. Оған табаны күректей он жыл уақыты кетті. Үйді салуға ағасы мен інісі көмектесіп, бұл арманы да орындалды.  width= Бала тәрбиесін де естен шығармау керек. Қайсар ананың үкілеген үміті болған Мақсат небәрі 4 жасында оқуды, есеп шығаруды үйреніп, зерек болып өсті. Сол үшін де 1-сыныпқа барғанда сабақта іші пысып отыратын. Осыдан кейін үздік оқушыны лицейге ауыстырды.   Мақсат
 – Жамбыл облысы Шу қаласындағы «Жібек жолы» мектеп-лицейінде 9-сыныпқа дейін оқыдым. Бәрі қатал болатын. Сабақты түсінбейінше үйге қайтпайтынбыз. Түске дейін оқитынбыз. Сабақ біте салысымен үйге асығамын. Өйткені сырқат анам күтіп отыр. Келгесін дереу тамақ әзірлеп беремін. Басқа да үй тірлігі бар. Сосын базарға барып майда-шүйде заттар әкелемін. Мен сабаққа кеткенде анам  үй ауласында тұрып сол заттарды сататын. Анама оңай болмады. Өйткені оның тілін ешкім түсінбейтін, ақша қайтарғанда қиналды. Бірақ қолынан келгенше тырысып, жұмыс істей берді.    Достарым күнде футбол ойнауға шақыратын. Бірақ анамнан, үй тірлігінен босай алмаймын. Аптасына бір рет қана 1-2 сағатқа барамын. Бір күні оған да кешігіп қалдым. Барсам ойын аяқталыпты. Әрине, көңіл күйім түсті, жыладым. Небәрі 6 жастамын. Бірақ дәл осы кезде анамның 12 жасында еңбектегенін, ал өз аяғымен ешқашан жүрмегенін есіме алдым. Бұл кезде анамның әке-шешесі, яғни менің нағашы ата-әжем бұл өмірде жоқ. Анама менен басқа ешкім қамқор бола алмайтынын түсіндім,  – деп еске алады Мақсат.
Мақсат 12-ге келгенде бір танысы кір жуатын машина алып береді. Демалыс күні күн ұзақ кір киімдерді жуатын ол бұған қатты қуанды. Аздап көшеге шығатын болды. Көргенде көзіне оттай басылатын бұл машина үйінде әлі тұр екен. Қазір де Мақсатқа көмектесіп келеді.  width=
– Үй тірлігін істеуді анамның өзі үйретті. Бәрін айтып, қадағалап отыратын. Анам қатал болды. Тазалықты жақсы көреді. Қазір де солай. Шаруашылыққа да жақын. Шағын бақшамыз болды. Түрлі жеміс-жидек егетінбіз. Мен 6 жасқа  толғанда анам 40-та еді. Осы  уақыттан кейін денсаулығы нашарлай бастады. Мен де осы кезде ес жинап, шаруаға икемделдім. Бұл да Құдайдың бұйрығы шығар, – дейді ол.
 width= Ана мен бала ойласа келе, Алматыға баруға шешім қабылдады.  Күннен-күнге сырқаты меңдеген Айсараның мақсаты баласының білім алып, маман болғанын көру еді. Осылайша 9-сыныпты аяқтаған Мақсат Алматы политехникалық колледжіне техник-бағдарламашы мамандығына оқуға түсті. Компьютердің тілін жақсы түсінетін. Бұл үшін анасына алғыс айтады. Өйткені оған 7-сыныпта зейнетақысын жинап, жақсы компьютер сатып алып берген болатын. Бала болып далаға шығып асыр салып  ойнап көрмеген ұлының  жағдайы ананың жанына батқан ғой. Мақсат 2-курста бағдарламалау мамандығы бойынша үздік студенттер қатысқан республикалық олимпиаданы жеңіп алады. Анасына уәде еткен қызыл дипломға да қол жеткізді. Осы уақытта олар Алматыда Айсараның үлкен ағасы Қанаттың үйінде тұрды. Бақытына орай жеңгесі Салима да қолынан келген көмегін аямайтын ақкөңіл жан болып шықты. Оқуын бітірген соң Мақсат пен анасы  ауылға оралады. Енді мақсат – ауылдағы үйді сату. Мақсат жұмысқа орналасып, анасы екеуінің өмірін өзгертуді ойлады. Оған білімі, қарым-қабілеті де жететін еді. Өмірде бәрі адам ойлағандай бола бермейді ғой. Бірнеше айдан кейін қыс мезгілінде Мақсаттың анасы Айсара құлап, омыртқасын зақымдап алды. Бұлшық еттері де жиі құрысып қалатынды шығарды. Осыдан кейін төсек тартып жатыр. Мақсат үшін ауыр күндер басталды. Енді анасына ерекше күтім керек. Күн сайын массаж жасайды, шомылдырады, тамағын береді. Барлық күтімін өзі жасайды. Тіпті, анасын білікті мамандарға да көрсетті. Тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндігі болмағасын, қаржы жағынан қинала бастады. Ал дәрігерлер анасына ешнәрсе көмектеспейтінін, қалған өмірін осылай өткізуге тура келетінін айтқан. Бірақ үміт үзгісі келмеді. Мүгедектер үйіне өткізуді тіпті ойына алғысы келмейді. Енді не істемек?  width=

Фильм түсіру – мақсатым

Арманы мен өмірін анасының жолында құрбан етуге дайын. Бірақ күні-түні ауыратын адамның күтімін жасап, үйден шықпай отыру оңай емес қой. Бір күні өзінің барлық жағынан әлсірей бастағанын сезді. Сонда да шыдап келеді. Шыдап жүре берер ме еді, анасының қиналған көз жасын көрмегенде. Амал жоқ, өзін ыңғайсыз сезінсе де бар күшін жинап, басындағы жайды жұртқа айтуға тура келді. Қуанышқа орай, ана мен баланың оқиғасын естіген ел оларды рухани, материалдық тұрғыда қолдады. Екеуін бүгінгі күннің батырына балады. Мұндайды анасы да, баласы да күтпеген еді. Мейірімді адамдар алға қарай жүруге көмектесті. Мақсат ең алдымен анасын емдетті. Емнің шипасы болып, анасының беті бұрынғыдан бері қарады.  width= Бүгінде Мақсаттың жасы 27-де. Анасымен бірге Алматыдан 40 шақырым жердегі Мыңбаев ауылында тұрады. Бірге оқыған, жақсы араласатын достарының өзі басындағы жағдайды көпшілікпен бірге біліп, таңғалыпты. Жаңалыққа жаны құмар азамат  күтуші жалдап, отбасын асырау үшін мамандығы бойынша жұмыс істеп, басқа да да кәсіпті қолға алып көрді. Мұндай жұмысқа келісетіндердің де басында түрлі мәселе болатыны жасырын емес қой. Күтушілер көп тұрақтамады. Анасы хабарласқанда істеп жатқан жұмысын тастай салып, үйіне келетін. Мұндай жағдай бірнеше мәрте қайталанды. Бастаған бизнесін де тастауға тура келді...
– Әкемнің кім екенін білемін. Ол кісі де мені таниды. Бір-бірімізді сирек көреміз. Анаммен келіскендей, оған ешқандай шағымым жоқ, ешнәрсе күтпеймін, талап етпеймін. Өзінің отбасы бар, – дейді Мақсат.
Рас, адам деген темір емес қой, мойындау керек. Анасына қарап келе жатқанына 21 жыл болыпты. Бүгінде өзінің денсаулығы да сыр бере бастаған.
– Өмір деген жақын адамдарыңмен мәнді ғой. Шаршай бастасам, анамның жүзіндегі мейірімді, күлкіні көріп шабыт аламын. Ол қазір қозғалмай, төрт қабырғада қамалып отырса да, өмірдің әрбір сәтін бағалай біледі, көңілді болуға тырысады. Адамдарға ерекше мейіріммен қарайды, ашық-жарқын. Дұрыс сөйлей алмаса да, телефонмен хабарлама жаза алады, керек затына тапсырыс бере алады. Туған күнімде мені сыйлықсыз қалдырған емес, – дейді кейіпкеріміз.  width=
  Мақсаттың  ендігі арманы – қазақ халқының, оның ішінде аналардың даналығын, қайсарлығын әлемге паш ететін фильм түсіру. Бұл ойынан қазақстандық режиссер Асхат Маемиров пен ресейлік режиссер Сергей Дворецкий хабардар. Әрине, бұл істің жүзеге асуына жан-жақты қолдау қажет-ақ.
 width= – Бәрі уақыттың еншісіндегі дүние. Әлемдік нарыққа шығатын, адамға ой салар сапалы фильм болса деймін, – дейді Мақсат Айманов.
Біз баяндаған оқиға сондай фильмнің сюжетіне сұранып тұр емес пе?! Сіз не дейсіз?
(Фото: Мақсат Аймановтың жеке мұрағатынан алынды)