ҰБТ: 1-күн
Биыл барлығы 135 мың оқушы мектеп бітірді. 111 мыңнан астамы ҰБТ тапсыруға ниет білдірді. ҰБТ-ның бірінші күні 51 пунктіде (44-і ауылда) 6,5 мың түлек тест тапсырды. Соның ішінде Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті түлектердің алғашқы легін қабылдады. «Айқын» газеті тестілеудің барысы мен аяқ алысын бақылап қайтты.
«Баласы бәйгеге шапса, анасы тақым қысатыны» белгілі. Тестілеу аумағына, алдымен ата-аналар жиналған-ды. Жауапты қызметкерлер тиісті шара қолданып, оларға университет алдында топтаспауын сұрады. Онлайн трансляция жүретінін егжей-тегжейлі түсіндіріп, қайтарып жіберді.
[caption id="attachment_52521" align="alignnone" width="1024"] ©Айтжан Мұрзанов[/caption]
Университет ғимаратында барлығы 261 түлек жиналды. Олар баррикадалық лентамен қоршалған тізбек арқылы 5 кезеңнен тұратын тексеруден өтті.
[caption id="attachment_52522" align="alignnone" width="1024"] ©Айтжан Мұрзанов[/caption]
Алдымен, 2 метр арақашықтықты сақтап, дезинфекциялайтын тоннель мен аяқкиімді залалсыздандыратын арнайы төсеніштен өтті.
[caption id="attachment_52523" align="alignnone" width="741"] ©Айтжан Мұрзанов[/caption]
Содан кейін олар санитайзермен қолды тазалап, дене қызуын өлшетті. Тестілеушілердің дене қызуын камера мен арнайы компьютер бақылады. Жүйенің артықшылығы туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Нұркенұлы айтып берді.
[caption id="attachment_52524" align="alignnone" width="1024"] ©Айтжан Мұрзанов[/caption]
«Ішінде градус өлшейтін жүйе тұр. Жүйеге камера мен арнайы компьютер кіреді. Камера қашықтықтан жазба жүргізеді. Инфрақызыл картина арқылы оқушының жағдайын бақылаймыз. Егер оның дене қызуы болса, бірден белгі береді. Мәселен, дене қызуы 37,38 градусты көрсетсе аудиторияға кіргізбейміз. Бүгін бір оқушының дене қызуы 37-ден жоғары болды. Біз оны үйіне қайтардық» дейді ҰТО директоры Дидар Нұркенұлы.
[caption id="attachment_52525" align="alignnone" width="1024"] ©Айтжан Мұрзанов[/caption]
Одан бөлек, бүгін коронавирус жұқтырған адамдармен байланыста болған 3 оқушы тестілеуге келмеді. Ұлттық тестілеу орталығы оларға ПЦР тест тапсыруға міндеттеді. Егер тест оң нәтиже көрсететін болса, жауаптылар ҰБТ-ны бөлек ғимаратта алатын болады.
Түлектердің дене қызуын анықтаған соң, смартфондарын кезекші қызметкерге тапсырып, белгіленген аудиторияға кірді.
[caption id="attachment_52526" align="alignnone" width="1024"] ©Айтжан Мұрзанов[/caption]
Бұдан бұрын хабарланғандай, аудиториядағы адам саны 2 есеге қысқарды. Олар 2 метр ара қашықтық сақтап, арнайы орынға жайғасты. Бір аудиторияда шамамен, 16-17 түлек тест тапсырды.
[caption id="attachment_52527" align="alignnone" width="1024"] ©Сурет интернеттен алынды[/caption]
Ұлттық бірыңғай тестілеу сағат 9:00-де басталды. Білім және ғылым министрі оқушылардың тексеруден өткеніне көзі жеткен соң, университет алдында журналистермен сұхбат құрды.
[caption id="attachment_52528" align="alignnone" width="1024"] ©Айтжан Мұрзанов[/caption]
Тестілеудің артықшылығын, биыл жоғары нәтиже күтетінін айтқан министр калькуляторға қатысты қоғам пікіріне жауап берді.
«Калькулятордың айтарлықтай көмегі тимейді. Баланың функционалдық сауаттылығы жоғары болса, есептеуге де басқасына да үлгерері анық» деп кесіп айтты Асхат Аймағамбетов.
[caption id="attachment_52529" align="alignnone" width="1024"] ©Айтжан Мұрзанов[/caption]
Сонымен, министр журналистер мен жауапты қызметкерлерге алғысын айтып, қайтып кетті. Түсірілім жұмысын аяқтаған журналистер де тарады. Қызметкерлер баррикадалық ленталар тізбегі жинап, оқушыға ыңғайлы етіп қайта құрды. «Айқын» газеті бірді-екілі маманмен бірге түлектердің тест тапсырып шығуын күтті.
[caption id="attachment_52653" align="alignnone" width="956"] Фото: Айзат Жолдасова[/caption]
10:30 шамасында шығармашылық саланы таңдап, 2 пәннен тест тапсырған оқушылар сыртқа шыға бастады. Түлектерді сырттан бақылап тұрдық. Біразын әңгімеге тарттық.
Владислава, 62 мектеп-лицейінің түлегі:
«Тестілеу қиын болған жоқ. Мүлдем қобалжыған жоқпын. Бәрі жақсы өтті. Күмән мен қобалжу ғимараттың сыртында қалған сияқты. Бұрындары ҰБТ-ның атын естігенде қорқыныш басым болатын. Іс жүзінде бәрі басқаша екен. Архитектор болғым келеді. Сондықтан тестілеуді екі пәннен тапсырдым. Келген сұрақтарды ескерсек, сәтті тапсырған сыңайлымын» дейді Владислава.
[caption id="attachment_52531" align="alignnone" width="1024"] ©Айтжан Мұрзанов[/caption]
Білуімізше, тестілеушілердің арасында Ақмола облысынан келген оқушылар бар. Соның бірі – Айдос Жеңісұлы. Ол Степногорск қаласындағы Бөгенбай Батыр атындағы спорт мектебін бітірген. Оның айтуынша, спорт мектебінен 2 бала ҰБТ тапсыруға келген. Екеуі де шығармашылық емтиханға қатысатындықтан 2 пәннен тест тапсырған.
«Грек-рим күресімен айналысамын. Бірнеше медальдарым бар. Спорт шебері атағына үміткермін. Көп ойланбай, бейімім болғандықтан шығармашылық емтихан тапсыруға бел байладым. Келешекте дене шынықтыру пәні мұғалімі болғым келеді. Л.Гумилев атындағы Еуразия университетіне оқуға тапсырамын» дейді Айдос Жеңісұлы.
[caption id="attachment_52655" align="alignnone" width="1276"] Фото: Айзат Жолдасова[/caption]
Байқағанымыз, тестілеуге кіргенімен көбі қандай мамандық таңдарын білмейді. Бұл жайт бізді қайран қалдырды. «Неге?» деп сұрағанымызда «бұл қиын сұрақ» деп жауап қайтарды. Не дерімізді білмей тосылып қалдық. Сонда оқушының мамандық таңдай алмауына кім кінәлі?
[caption id="attachment_52532" align="alignnone" width="1024"] ©Айтжан Мұрзанов[/caption]
Арслан Дүйсенов, 62 мектеп-лицейінің түлегі:
«Бәрі жақсы өтті. Бастысы, өзіңе сенімді болуың керек. «Кім болғың келеді?» дедіңіз бе? Қиын сұрақ. Бастапқыда саясаткер болғым келді. Бірақ қалауым орындалмайтын сыңайлы. Жақсы адам болу маңызды емес пе? Мәселен, өзім жақсы адам боламын» дейді ол.
Ойындағысын бүкпесіз айтып берген кейіпкеріміздің таңдау пәні – математика мен физика. Ол аталған пәндерді қоғамда сұраныс бар болғандықтан таңдағанын жасырмады. Арслан қос пәнді қорғаныс белбеуіне теңеді. Оның не инженер, не физик атануға құлқы жоқ. Егер бизнесте тауы шағылып, басқа салада жолы болмай жатса, физика-математикаға қайта оралмақ.
Жанерке Жангелдіқызы, № 34 мектеп түлегі:
«Жыл басынан бері «Достық» білім беру орталығында оқыдым. Қай тұрғыдан алып қарасаңыз да, ҰБТ-ға толық дайын болдым. Тестілеуді 68 баллмен бастадым, соңғы тест тапсырғанымда 99 балл жинадым. Таңдау пәнім – дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілі. Бүгін тест кітапшасы қолыма тигенде бірінші дүниежүзі тарихы пәнін белгіледім. Өйткені ұстазым мені жан жақты дайындады. Ағылшын тілімен қатар қытай тілін меңгергім келеді. Аударма ісі мамандығын таңдаймын» дейді ол.
[caption id="attachment_52656" align="alignnone" width="1276"] Фото: Айзат Жолдасова[/caption]
№ 34 мектеп түлегінің таңдауы елордадағы IU университетіне түскен. Алғашында Алматыдағы жоғары оқу орындарының біріне құжат тапсырғысы келген. Алайда пандемия жеткіншектің жоспарын түбегейлі өзгерткен. Жанерке Жангелдіқызының келер жылы мектеп бітіретін түлектерге айтары бар.
«Мейлінше дайындықты ерте бастаңдар. Кейін ақылы оқығанша, қазір ақша төлеп, оқу орталығында қосымша білім алыңдар. Естуімше, келесі жылы ҰБТ онлайн форматта өтеді. Бұл анағұрлым қиын деп ойлаймын. Биылғы түлектерге айтарым, уайымдаудың қажеті жоқ. ҰБТ өмірлік сын емес. Екінші рет тапсыруға мүмкіндік бар. Бастысы, өмірге, білім алуға деген құштарлықты жоғалтпаңдар» дейді Жанерке Жангелдіқызы.
[caption id="attachment_52657" align="alignnone" width="1276"] Фото: Айзат Жолдасова[/caption]
Сағат 12-ден асқанда университет алдында баласын күткен ата-ана мен мектеп оқушылары жинала бастады. Полиция қызметкерлері сан рет ескерткенімен елегені аз.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ