Тесттің жоғы тіленші етті
Мадина Хитуова – жүктіліктің 39-шы аптасындағы ана. Айы-күні жетіп тұр.«Перзентхана COVID-19 вирусын анықтау үшін анализ тапсырғаным туралы анықтама талап етуде. Аяғым ауырлағанда емханаға есепке тұрғанмын. Ондағылар жүктіліктің 36-аптасында тестілеуден өтіп, перзентханаға сол анықтамамен баруым керегін хабарлады. Содан 4 маусымда анализ тапсырып, коронавирустың жоғын білдім. Енді ПТР-тесттің нәтижесі перзентханаға түскен күні 7 тәуліктен асып кетпеуі қажет екені белгілі болды. Әне-міне туамын деген жағдайдамын. Алайда ондай тест тапсыру мүмкін болмай тұр. Емханамда талдау алуға қажетті құтылар бітіп қалыпты. 19 маусымда емханадағылар зертхананың алдағы сәрсенбіге дейін жұмыс істемейтінін жеткізді. Мұндай жағдайда аналар не істемек? Баяғыдай үйде босана ма?!» деп ашынады ана.Әрине, вирустан ада екенін растайтын қағазы жоқты қабылдап, перинаталдық орталықтар өзге аналардың басын қауіпке тіге алмайды. «Сол да мәселе ме? Емханада жағдай жоқ болса, жеке зертханада ақылы өтпей ме?» дер біреулер. Бірақ олар да еш кепілдік бермейді. Біріншіден, тест нәтижесін екі-үш күн, тіпті бір апта ұстауы мүмкін. Екіншіден, мүлдем бермей қоятын кезі де кездеседі.
«Мен Шымкенттегі Темірлан тасжолы бойында орналасқан Invivo лабораториялар желісінің бөлімшесінде коронавирусқа тест тапсырдым. Содан бері біраз күн өтті, жауап жоқ. Телефонына қоңырау шалсам, көтермейді. Сайтындағы чатқа жазсам, елемейді. Билік жеке зертханаларға осындай маңызды құзыр бермес бұрын клиенттер сауалына жауап беруге міндеттемегені қынжылтады. Мемлекет онсыз да тегін тестілеумен қамтамасыз етпеді. Ал маған бұл анықтама өте қажет болып тұр. Онсыз жұмысқа шыға алмаймын», – дейді Александр Куцкий.Оксана Аристова күйеуі Андрейдің жағдайына алаңдайды.
«Жұбайыма кеше шұғыл түрде операция жасалуы тиіс еді. Коронавирусқа арналған жұғын-мазокты қалалық емханаға алдын ала тапсырдық. Нәтижесі күні бүгінге дейін дайын емес», – дейді. Жағдайымыз күтпейтінін айтып түсіндірсек, ұғынатын адам жоқ» деген Теміртау қаласының тұрғыны Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың көмегіне жүгінді. Министрдің өзі бүгінде ауруханада осы індеттен емделіп жатқаны мәлім.Ұлттық экономика министрлігінің маманы Анар да коронавирус жұқтырыпты. Ол дертке шалдыққанын о баста білмеген. 14 маусымда онда тұмаудың белгілері пайда болады.
«Мемлекеттік қызметкерлерге Президент Іс басқармасының емханасы қызмет көрсетеді. 15 маусымда дәрігердің қабылдауында болдым. Бұл емханаға ризамын. Уақытында COVID-19 талдауын тапсыруға бағыттады. Ертесіне таңғы 9-да бойымда КВИ бар екені анықталды. Балаларым болса, «Медикер» емханасында тіркелген. Төрт балам бар. 16 маусымда телефон шалып, болған жайды баяндадым. Ешкім де үйге келген жоқ. «Медикер» ЖШС қызметкерлері анализ алу үшін құты-пробирка жоғын сылтауратты. Және қашан болатыны да белгісіз көрінеді. Үш балам да ауыра бастады. Белгілері тұмауға ұқсайды. Шынында, не екенін білмейміз», – дейді Анар.
Лаборанттың халін кім ойлар?
ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының санитарлық-эпидемиологиялық сараптама мен мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалының басшысы Жанар Сүлейменова зертханалардың жаман жақтарын ғана көре бермей, жетістіктеріне де мән беруге шақырады. «Мысалы, елімізде 1 тәулікке жасалатын тест саны 3 ай ішінде ғана 6 мыңнан 30 мыңға дейін артты. Осылайша, айына шамамен 1 миллион тест жасалады. Бастапқыда мұндай зерттеулермен тек Ұлттық сараптама орталығының лабораториясы ғана айналысатын. Енді тестілеуге «Олимп», Invivo, Invitro және басқа да жеке медициналық зертханалар қатысуда. Бірқатар медициналық ұйым да тестілеуді жолға қоюда. Тұтастай алғанда, Қазақстанда 50-ден аса лаборатория жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта монополия да жоқ, өзара бәсекелестік те жоқ. Бәріміз бірлесіп, елді тестілеумен қамтуға жұмылудамыз», – деді ол. Ж.Сүлейменова вирусологиялық және ПТР зертханалар қызметкерлері наурыздан бері тәулік бойы жұмысқа көшкеніне назар аудартты. «Полимераздық тізбекті реакция (ПТР) әдісі диагностикалаудың аса қымбат түрі саналады. Бұл саланың кадрлармен жабдықталуы әрдайым төмен болатын. Себебі бұған дейін ондай тестілеуге деген сұраныс аз еді. Сондықтан осы әдісті меңгерген барлық лаборант жұмысқа тартылып отыр. Оларға да оңай емес, ұйқысыз түндер, шектен тыс жүктеме. Ерігіп жүрген ешқайсысы жоқ. Оны азсынсаңыз, нуклеин қышқылын қолмен бөліп алу – үнемі мұқият болуды талап ететін өте күрделі іс. Инфекциясы бар материалмен жұмыс істеу де үлкен қауіп. Зертханашы әріптестеріміз әлеуметтік желіде шуламай, проблемасын жаһанға жария етпей, үнсіз ғана іс тындыруда. Олардың арасында да COVID-19 жұқтырып алғандар бар. Маман тапшы болғандықтан, емделіп шыға сала қайтадан қатарға тұрып жатыр», – деді Жанар Сүлейменова. Зертханашылардың айтуынша, ПТР талдау – баршаның көзі үйренген жалпы қан талдауы, тіпті қан биохимиясы емес. Бұл – өте күрделі процесс: алдымен нуклеин қышқылын бөліп алу, содан соң оның көшірмелерін көбейту керек. Бұл вирустың генетикалық материалының бөлшектерін «ұстап алу» үшін жасалады. Талдауды орындауға 6-8 сағат жұмсалады. Әрине, экспресс-тест деген бар, бірақ ол көбіне, асқына бастаған дертті ғана әшкерелейді. Зертханалық ПТР тестілеу оған қарағанда дәлірек. Қажетті жабдықтар мен қондырғылар да қарқынды пайдалануға шыдамай, бұзылып қалатын көрінеді. Оны жөндеу, запас бөлшектерін тауып ауыстыру лабораториялардың өткізу қабілетіне кері әсер етеді. Бұған қоса, зертханалар да санитарлық режимді және биоқауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға міндеттелген. Сәйкесінше, жұмысын доғарып, есік-терезесін қымтап, нысанды, қондырғыларды жоспарлы санитарлық өңдеу шараларын жүргізеді. Ондай күндері тестілеу саны 15 мыңға дейін құлдырайды. Салдарынан, қабылданған сынамалар мен берілмеген нәтижелер қордаланып қалады. Бұл қоғамда өткір сын дүмпуін туғызады. Пандемия барлық елге, сондай-ақ медицинаның әр саласына сын болды. Коронавируспен күрес аяқталмай, бұл сынақтан олардың қалай шыққанын айту қиын. Оның үстіне, Қазақстанда індет тек күш алып бара жатқаны аңғарылуда. Ендеше COVID-19 тестінің қымбаттығына, МӘМС қорының өз қатысушыларын онымен тегін қамтудан қалыс қалғанына қатысты сын пікірлер тасқыны үдей беруі мүмкін.Елдос СЕНБАЙ