«Қазақстан мұнайсыз өмір сүруді үйренуі керек» – Бауыржан Исабеков
«Қазақстан мұнайсыз өмір сүруді үйренуі керек» – Бауыржан Исабеков
329
оқылды
Алдағы тамыз айына дейін елімізде Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысы аясында 2025 жылға дейінгі cтратегиялық жоспардың жаңа редакциясы әзірленеді. Бұл құжат еліміздің  экономикалық бағдарының негізгі бағыттарын анықтайды. Осы орайда, экономиканы әрі қарай дамытуға қатысты ұсыныс жасап жүрген экономист Бауыржан Исабековті сөзге тарттық.  – Бауыржан Нарзуллаұлы, ел экономикасына  құрылымдық өзгеріс керек екенін жиі айтып жүрсіз. Бұл ұсынысыңызды Мемлекет басшысына да жолдадыңыз. Сіздің ұсынысыңыздың ерекшелігі неде?  – Менің көптен бері көтеріп келе жатқан мәселем: бүгінгі таңда кешіктірмей қолға алатын жұмысымыз – экономикалық өсімді көбейту емес, экономикалық дамуды қамтамасыз ету болуы керек. Себебі біз экономиканы әрі қарай мұнайға тәуелді  етіп қоймауымыз керек. Иә, тәуелсіздік жыл­дары Қазақстанда шикізат секторларының (мұнай-газ, тау-кен және ауыл шаруашылығы) өсуіне байланысты экономикалық өсім оң нәтиже көрсетті. Алай­да қатыгез нарықтық орта өнер­кәсіп әртараптандырылмай, экономикамыз әлжуаз күйінде қалып қоятынын көрсетті. Өйткені шикізат бағасы сыртқы факторлардың ықпалынан тұрақ­сыз болып, бірнеше рет дағдарысты циклға душар болды. Сондықтан елімізде экономикалық даму болмаса, ұлттық консолидация, экономикалық қауіпсіздік және лайықты өмір сүруге қол жеткізе алмаймыз. Қазақстанның экономикалық моделіндегі сөзсіз өзгерісті талап ететін негізгі фактор – «мұнай дәуірінің» аяқталуы. 1973 жылғы мұнай дағдарысынан бастап ОПЕК елдері мұнайдың әлемдік бағасына әсер етіп келеді.  Алайда қазіргі уақытта ОПЕК-тің мұнайға жоғары бағаны картельдік тұрғы­дан белгілеу кезеңі аяқталып келеді. Картель бағаларын жоғары деңгейде ұстау АҚШ-тағы тақтатас мұнайын өндірушілер ғылым мен техниканың соңғы жетістігін тиімді пайдаланып жатыр. Ал біз мұнай өнімінің өзіндік құнын бәсекеге қабілетті ете алмай отыр­мыз. Мұнай бағасын төмендетудің бірінші кезеңі – 2014 жылы, екінші кезең 2020 жылы басталды. Тақтатас мұнай өндіру технологиясы, бала­малы энергияның дамуы және электромобильге көшу – «мұнай дәуірінің» аяқталу процесінің негізгі себебі.  Бұл Қазақстан неғұрлым тезірек мұнай өнімдерінсіз өмір сүруді үйренсе, соғұрлым жақсы болады дегенді білдіреді. Экономикада құрылымдық өзгерістерді қолға алу қажет дегенімнің басты себебі  – осы. – Экономикада құрылымдық өзгеріс жасауға ұзақ уақыт қажет болмай ма және ол өзгеріс неден басталуы керек деп ойлайсыз?  –  Мұнай бағасының қалыпты төмендеуі мұнай саласының дәуірі аяқталғанын, яғни экономиканың қарапайым, кәдуілгі бір саласына айналғанын білдіреді. Бұл факт Қазақстанға моносалалық және шикізаттық экономикадан арылу­ға жол ашады. Экономиканы әртараптандыру тетіктері арқылы, мейлінше дайындығы жоғары тауарлар мен қызмет көрсетудің негізінде бизнес субъектілерін тұрақты негізде қомақты пайдаға бағыттауға мүмкіндік бар. Отан­дық бизнес үшін нарықта сұра­нысқа ие тауарлар мен қызметтер көрсететін салалар көбеюі керек. Құрылымдық өзгерістер болуы үшін мемлекеттік басқару орган­дары, кәсіпкерлер, банкирлер мен экономикаға қатысушы басқа да субъектілердің ойлау және шешім қабылдау жүйесінде үлкен өзгеріс болуы керек. Бұл өзгеріс бізге жаңа экономикалық модельге көшуге негіз болады.  

Отандық бизнес үшін нарықта сұранысқа ие тауарлар мен қызметтер көрсететін салалар көбеюі керек. Құрылымдық өзгерістер болуы үшін мемлекеттік басқару органдары, кәсіпкерлер, банкир­лер мен экономикаға қатысушы басқа да субъектілердің ойлау және шешім қабылдау жүйесінде үлкен өзгеріс болуы керек.

  Қазақстанның қазіргі даму деңгейіндегі либералды эконо­микалық модель жұмыс істей алмайды. Либерализм идеологтері мен оны уағыздаушы елдердің өзі, мысалы  АҚШ, Ұлыбритания экономикалық ұлтшылдық ұста­нымына, яғни экономикалық мемлекеттік менеджментте сыртқы және ішкі әсер етуші факторлардың тиімді қатынасына көшіп жатыр. Әрине, Қазақстан либералды модель аясында эконо­микалық өсуді қамтамасыз етті және жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім (сатып алу қабілеті паритеті) бойынша ТМД елдері арасында көшбасшылыққа қол жеткізді. Алайда либералды нарық моделінде шетелдік инвестициялар есебінен эконо­миканың шикізат секторлары, ең алдымен мұнай-газ секторы ғана  дамуға мүмкіндік алды. Ал шикізаттың жоғары тауарлық дайындығына қол жеткізетін өңдеу салалары шетелдік инвес­торлар үшін тартымсыз бо­лып қала берді. Экономикамыз шикізат экспортына бағдарланған сипат алды. – Сонда Үкіметтің эконо­микамызды шикізатқа тәуелді етпеу үшін жасап отырған әрекеті нәтижесіз деп санайсыз ба? – Мемлекет экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылту үшін көп талпыныс жасады, ол – рас. Бірақ мемлекеттің экономикадағы рөлі мен мұнай­дың жоғары бағасы негізінде туындаған либералды көзқараспен айтарлықтай нәтижеге қол жет­кізу мүмкін емес. Себебі елдің жеке банк жүйесі негізінен сауда операцияларын несиелеуге бағытталып, өнеркәсіптегі өндіруші кәсіпорындарды қаржыландырудан іс жүзінде бас тартты. Мемлекеттік даму институттары құрылды. Алайда олардың жекелеген индустриялық жобаларды қаржыландырудағы тәжірибесі сәтті бола бермеді. Салдарынан өңдеуші секторға салынған ішкі инвестиция  тым аз болды, тіпті бөлінбеді деуге болады. Осылайша, қазіргі либералды экономикалық модельде Қазақ­стан дамудың орташа деңгейі бар елдер қатарына ғана қосылды. Мысалы, ІЖӨ-нің жан басына шаққанда 10 мың АҚШ долларды құрады. Алайда мұнай бағасына байланысты қол жеткізілген экономикалық даму деңгейі тұрақсыз күйінде қалып отырды. Қазақстан   қазіргі либералды экономикалық модельмен жүрсе, өзінің басты стратегиялық мақсаты – 2050 жылға қарай дамыған 30 елдің қатарына кіру мүмкіндігінен айырылады. – Неге? – Себебі Қазақстан өзінің экономикалық моделін батыстың ескірген экономикалық пара­дигмасында нарықтық экономика жағдайында  екі іргелі модель негізінде жүзеге асыруға тырысты: бірі – неолиберализм, екіншісі  –нео-кейнсианизм. Екі модельде де мемлекетке макроэкономикалық  деңгейде реттеуші рөлі берілген: мысалы, неолиберализмде мемле­кет ақша массасын реттеу, нео­кейнсианизмде мемлекеттік басқару органдары мемлекеттік сұранысты салық саясаты арқылы реттеу қарастырылған. Ал Шығыс Азия елдерінің соғыстан кейінгі жылдардағы даму тәжірибесі бұл догмаларды жоққа шығарады. Мысалы, соғыстан кейінгі Жапония, Оңтүстік Корея және Тайваньның экономикалық модельдері батыс елдерінің парадигмасына сәйкес келмейді. Шығыс Азияның осы елдерінің экономикалық модельдері, ең алдымен эконо­миканы мемлекеттік жоспарлауды жекеменшік экономикада ше­бер қолданумен ерекшеленді. Бұл елдерде мемлекет  макро­экономикалық реттеуді ғана жүзеге асырып қоймай, экономикалық дамудың басым бағыттарын толығымен анықтады. Шын мәнінде, Шығыс Азия елдерінде бүкіл экономика біртұтас корпорация ретінде жұмыс істеді. Соғыстан кейінгі кезеңде Батыс елдерінің экономикасымен салыстырғанда,  Шығыс Азия елдері ғана бәсекеге қабілетті болды деп сенімді түрде айта аламыз. Олардың модельдерінің жетістігі капитализм түбегейлі стратегиялық үйлестіру мен басқаруды қажет ететіндігімен түсіндіріледі. Бұл елдер дұрыс экономикалық модель арқылы шикізат өндірмей-ақ әлемдегі бәсекеге қабілетті ең дамыған елдердің қатарына кіре алатынын дәлелдеді. – Ал бізге Шығыс Азия елдерінің жетістігін қайталауға мүмкіндік бар ма? – Әрине, біріншіден,  аталған елдер сияқты, Қазақстан да маңызды геосаяси және геоэкономикалық жағдайға ие. Екіншіден, Шығыс Азия елдері әлемдік мұхит арқылы әлемдік нарыққа шыға алады. Ал бізге жаңа Жібек жолының арқасында  әлемдік нарыққа қол жеткізуге әбден болады.Үшіншіден, қазақстандықтардың менталитеті, отбасылық құндылықтарға деген сенімі Қазақстанды Шығыс Азия елдерімен бір қатарға қоюға болады. Төртіншіден, Қазақстан қазіргі даму кезеңінде Шығыс Азия елдеріне тән ұлттық шоғыр­ланудың жеткілікті жоғары деңгейіне жетті. Осылайша, Қазақстан өзінің экономикалық моделін құру үшін үлкен экономикалық, географиялық және табиғи мүмкіндіктерге ие деп айтар едім. – Ендеше Қазақстанның жаңа экономикалық моделінің негізгі ерекшелігі қандай болмақ? – Қазақстанның бүкіл эконо­микасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаттарының негі­зінде бірыңғай тиімді корпоративті басқару стандартына сүйенуі керек. Яғни, ірі мемлекеттік  және жеке корпорациялардың, шағын және орта бизнестің (ШОБ) өнеркәсіп секторының жұмысын мемлекет үйлестіруі керек. Бұл жерде ұлттық  даму мақсаттарына бағытталған мүдде болуы қажет. Мемлекет бизнес, ғылыми және сараптамалық қоғамдастықпен серіктестікте экономикалық  дамудың ба­сым бағыттарын анықтайды. Міндетті және ынталандырушы сипаттағы бес және біржылдық мемлекеттік жоспарлар жүйесі болуы қажет. Мемлекеттік органдар мен компаниялар үшін міндеттелген, жеке бизнес субъектілеріне ынталандырушы сипаттағы тетіктер болғаны құба-құп. Қабылданатын жаңа мемлекеттік жоспарлардың негізгі мақсаты – елдің жеделдетілген индустрияландыруын қолға алуы қажет.   mynai Мемлекеттік инвестициялық бағдарламалар мемлекеттік жоспарлардың ажырамас бөлігі болғаны жөн. Мемлекеттік инвестициялық бағдарламалар, ең алдымен бесжылдық мемле­кеттік  жоспарға енгізілген өнеркәсіптік  жүйе құрайтын жобаларды қайтарымды негіз­де қаржыландыруды мақсат етуі қажет. Мемлекеттік қаржы­ландырумен қатар, жүйе құрай­тын жобалар міндетті түрде жеке инвесторлар мен екінші деңгейлі банктерден қосымша қаржыландырылуы тиіс, яғни мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік қағидаты негізінде жүзеге асырылуы тиімді бол­мақ.  Сосын бүкіл жұмыстың ашықтығына қол жеткізу үшін жүйе құраушы жобалар Парламентте жіті қарастырылып, бекітілуі қажет. Мемлекеттік  жоспардың негізі экономиканың басым секторларында қосымша құн тізбектерін (ҚҚТ) құрайтын ұлттық индустриялық жобалар  міндетті түрде болуы керек. Мемлекет дайын өнімді шығару негізінде отандық қосымша құн тізбектерін (ҚҚТ) құруда жеке бизнеске көңіл аударып, алға жылжып отырса деймін. Үкіметтің мемлекеттік  жоспар­лар шеңберіндегі ұлттық инно­вациялық жобаларын жүзеге асыру жұмысы жобалық ме­неджменттің негізінде ұйым­дастырылғаны жөн. Ұлттық бәсекелестік стратегиясы, яғни шығындарды азайту стратегиясын іске асыру үшін қосымша құн тізбектерінің экономикалық  және ұйымдастырушылық моделі міндетті түрде жүзеге асырылуы керек. – Сіз айтқан ұсыныстардың басым бөлігі  қазір де бар емес пе? Мысалы, мемлекеттік-жекеменшік институты жұмыс істеп жатыр, индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бар, әр саланың 5 жылдыққа арнаған бағдарламалары да жасалады... – Бізде экономикалық  болжау функциялары Экономика минис­трлігіне жүктелген, бірақ бізде біртұтас мақсатқа бағытталмаған, жүйелі жоспарланбаған және міндеттері мен жауапкершілігі анықталмаған декларативті мемлекеттік тұжырымдамалар мен бағдарламалар қабылданып жатыр. Іс жүзінде көптеген мемлекеттік бағдарламалар стра­тегиялық жоспарлау құралы болудың орнына бағдарламалар бастамашылары мен қатысу­шыларының мемлекеттік бюджет пен ұлттық қордан қаражат алу құралы ретінде ғана қызмет атқаратын сияқты. Сіз айтқандай, бесжылдық және жылдық жоспарлар бар, бірақ қазіргідей олар тұжырымдамалық немесе болашақты болжауға  емес, мемлекеттік басқару органдары үшін міндетті бұлжытпай орын­дауға, ал жеке компаниялар үшін ынталандырушы рөлін атқаруы керек. Мемлекеттік  жоспарлаудың бірінші кезектегі  міндеті – әлеуметтік-экономикалық қыз­метті әртүрлі салада құру және ол өз кезегінде тиісті мемлекеттік несие, салық жеңілдіктері, инфрақұрылымдық қолдау және басқа да мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілуі керек. Бұл ретте мемлекеттік жоспарлау жекеменшік бизнеспен тығыз серіктестік жағдайында жүргізілуі керек. Өнеркәсіптік басымдық қосымша құн тізбектері (ҚҚТ) бесжылдық және біржылдық мемлекеттік жоспарлардың құрамына кіретін  ұлттық индустриялық жобалар (ҰИП) форматында жүзеге асырылғаны жөн. Тиісінше, Үкіметтің барлық жұмысы жобалық әрі бағдарлық сипатта болуы қажет. Бұл Үкіметтің жұмысын түбегейлі қайта құруды, жобаларды басқаруды нақты жүзеге асыруды және ведомствоаралық кедергілерді жоюды талап етеді. – Бауыржан Нарзуллаұлы,  сіз жаңа экономикалық модельде  индустрияландыру үрдісіндегі мемлекеттің рөлін түбегейлі өзгерту қажет деп санайсыз. Неге? – Себебі өнеркәсіптік өңдеу өндірісі – бұл тік және көлденең қосымша құн тізбектердің күр­делі жиынтығы, оған жүздеген және мыңдаған кәсіпорын қатыса алады. Қосымша құн тізбектерінің қызметін жоспарлау тізбектің соңғы – нәтиже беруші бөлігінен басталуы керек. Себебі ол тізбектегі барлық құрамдас бөліктерінің қызметін реттейтін түпкілікті сұраныс. Ол үшін тауарлар мен қызметтерді нарыққа жеткізу тізбегін ұйымдастырудың заманауи әдістерін қолдану қажет. Мысалы, (just in time) өз мезгіліңде, дәл уақытында деген тайм-менеджмент түсінігімен жүзеге асырылады. Бұл әдістер тауарлар мен қызметтердің шамадан тыс қоймада сұраныс­сыз жатып қалмауына және ар­тық өндірудің алдын алуға ықпалын тигізеді.Технологиялық тізбектегі кәсіпорындардың жұмысын тікелей ұйымдастыру экономикалық тиімділікке қол жеткізеді. Ұзақмерзімді стратегиялық келісімшарттарға ие бола отырып, кәсіпорындар өндіріске қажетті инвес­тицияларды жоспарлап, банк несиесін тарта алады. Қосымша құн тізбектердің қызметі жүз­деген мердігер мен жеткізуші, мыңдаған қосалқы мердігер мен жеткізушілер қатысатын күрделі салаларда нақты экономикалық артықшылыққа ие миллиондаған кәсіпкерді жұмыспен және табыс көзімен қамтамасыз ететін процесс. Егер жоспарланған қосымша құн тізбектері  болмаған жағдайда, әр жеткізуші мен қосалқы мердігер әр келісімшарт бойынша өз кірісін барынша арттыруға тырысады. Салдарынан дайын өнім қымбатқа түседі және бәсекеге қабілетсіз болады. Ал қосымша құн тізбектерін   ұйымдастыру кезінде жеткізу бағасы белгіленеді, рентабель деңгейі белгілі шектеулерге ие болады. Ең бастысы, бүкіл тізбектің жұмысын жоспарлау кезіндегі бастапқы баға түпкі­лікті өнімнің бәсекеге қабілетті бағасы болады. Сондықтан тізбектегі барлық тиімсіз өндірістер жиынтығы мен қызметтердің әрекеті өзінен-өзі алынып тасталады. Қосымша құн тізбектерді жоспарлау кезін­де кәсіпорындардың қаржы­лық жариялығы талап еті­леді, өйткені тізбектің әр тармағында өндірістің өзіндік құны мен рентабельділігі ашық жоспарланады. Бұл мемлекеттің қосымша құн тізбектердің   қызметінен түсетін салық түсімдерін жоспарлауына мүмкіндік береді. Мемлекет түпкілікті өнімнің жоспарланған бағасын білетіндіктен, табиғи монополистердің шекті та­рифтерін нақты жоспарлай алады. Осылайша, тарифтер монополистер «тәбетіне» тәуелді болмайды, түпкілікті өнімнің бәсекелік бағасымен шектеледі. Қосымша құн тізбектерді   құру өнеркәсіптік  шағын және орта бизнес   үшін мемлекет тарапынан ең тиімді қолдау болады, өйткені өнеркәсіптік шағын және орта кәсіпорындары ірі бизнес субъектілерімен кооперациялар тізбегінде жұмыс істейді. Өңдеу өнеркәсібіндегі ірі бизнес субъектілері (корпорациялар), өз кезегінде, дамыған шағын және орта бизнес секторынсыз жұмыс істей алмайды, өйткені олар үшін жүздеген және мыңдаған компоненттер мен құрастырушы бөлшектерді шығару тиімді емес. Сіздің сұрағыңызға жауап бере алдым деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рақмет!   

Сұхбаттасқан Халима БҰҚАРҚЫЗЫ