Президент Қазақстан халқына Жолдауында: «Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі. Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады. Ең алдымен, 2020 жылдың аяғына дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру қажет. Мұны науқаншылдыққа айналдырмай, сапалы жүргізген жөн. Полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты», – деген-ді.Жалпы, «Қазіргі полиция қандай болуы керек?», «Тәртіп сақшыларына халық сене ме?» деген сұрақтар талайдан бері көптің көкейінде жүр. 2018 жылы даңқты спортшы Денис Тен ұрылар қолынан жан тапсырғанда белсенділер ішкі істер қызметін жер-жебіріне жетіп сынап, министрдің отставкаға кетуін талап еткені есімізде. Дамыған елдерде мейлінше қоғамға бағдарланған полиция тәжірибесі, яғни community policing концепциясы енгізілген. Community policing» концепциясы тәртіп сақшыларының жұмыс істеу тәсілін біржола жаңартуға арналған. Бұл тұжырымдаға сәйкес, халықпен тығыз интеграцияланған полицияның негізгі міндеті – қылмыстың салдарымен күресу емес, қоғаммен ынтымақтасу арқылы қылмыстың алдын алу, оны ескерту және адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы доктрина негізінде АҚШ-та, Еуропада, Жапонияда полиция қызметкерлерін әртүрлі категориядағы азаматтармен (зардап шеккендер, куәгерлер, нашақорлар, әртүрлі жастағы және жұмыстағы адамдар) байланыс жасауға әлеуметтік-психологиялық тұрғыда даярлауға басымдық берілді. Дәл осындай оңтайды шаруалардан нәтиже шыққан: полицияға бірнеше қайтара қоңырау шалу азайған, жәбірленгендер қылмысты ашу үшін полициямен көбірек ынтымақтаса бастаған, полиция қызметіндегі қысым төмендеген. Әрине, бұл концепцияны жүзеге асырғанда әр мемлекеттің ұлттық ерекшелігі, нормативтік-құқықтық базасы, полиция құрылымы, стратегиясы мен тактикасы ескеріледі. Мәселен, АҚШ-та қылмысқа нөлдік төзімділік, Швецияда проблемаға бағдарланған жұмыс, Жапонияда дәстүр мен инновациялық технологияны үйлестіру сынды ұстанымдар темірқазықтай ұстынға айналған. Қазақстан да осы бағытта ауқымды жұмыстар атқаруда. Еліміздегі полиция реформасының да бір мақсаты – халықтың ішкі істер қызметіне деген сенімін нығайту. 1991 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта Қазақстан ІІМ құрылымдық тұрғыда орнығып, материалдық-базалық, нормативтік негіздері толығымен қалыптасты. Дегенмен мемлекеттегі саяси-экономикалық модернизация жағдайында полицияның алдында жаңа міндеттер тұр. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін ІІМ органдарын модернизациялау жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, былтырдан бері қызметкерлер саны 11 пайызға қысқарып, яғни 10 592 адам жұмыстан босатылған. Республика бойынша 100 мың адамға шаққанда полицейлер саны 471-ден 393-ке дейін төмендеген. Бұл Еуроодақ мүшелерінің көрсеткішіне тең (Бельгия – 412, Чехия – 383, Франция – 340). Нәтижесінде, 16 млрд теңге қаражат үнемделген. Шенеуніктер артылған ақшаны қызметкерлердің жалақысын өсіруге пайдаланбақ. Қалалық Ішкі істер департаменттерінің атауы Полиция департаменті деп өзгертілді. Тәртіп сақшыларының формасы да жаңарды. Бірақ полицияның сыртқы сипатын ауыстырумен іс бітпейді. Ең әуелі құқық қорғау органдары жүгінетін кеңестік жүйе, қоғамдық сана, халық пен заң арасындағы қарым-қатынас жаңғыруы қажет. Президент полицияны қызмет көрсетуші органға айналдыруды жайдан-жай тапсырған жоқ. Мысалы, Грузия кеңестік жүйеден қалған заңнамадан бас тартып, оны толық алмастырған. Ол жақта жол жиегінде көлік тұрса, полиция жүргізушінің жағдайын сұрауға міндетті. Тіпті, сақшылар жүксалғышына бір канистр бензин салып жүреді. Біреудің жанармайы таусылса, соны құйып береді, дөңгелегі жарылса, тиісті жеріне апарып тастайды. Реформаға дейін Грузияда 66 мың полицей болса, соңында 20 мыңға қысқарған. Бір қызығы, қылмыс 10 есе кеміген. Бізде де біршама ілгерілеу бар. Ерлан Тұрғымбаевтың сөзіне сүйенсек, криминогендік ахуал біршама оңалып қалған.
«Жалпы, жыл басынан бері қылмыс саны 38 пайызға қысқарды. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық – 56 пайыз, тонау – 53 пайыз, ұрлық – 50 пайыз, бұзақылық – 45 пайыз азайды. Кәмелетке толмағандар (-27 пайыз), бұрын сотталған (-33 пайыз), мас күйінде (-16 пайыз), сондай-ақ көшелерде (-39%) және басқа да қоғамдық орындарда (-38 пайыз) құқықбұзушылықтар бәсеңдеді. Көптеген қылмыстың ашылу көрсеткіші жақсарды», – дейді министр.Полицейлердің жалақысы өсті, ІІМ қызметкерлеріне тұрғын үй сертификаттары берілуде, кейбір тиімсіз оқу орындары жабылып, орнына қысқамерзімді оқыту курстары ашылып жатыр. Полиция қызметкерлерін арнайы нысандарды күзетуден босатып, оны жеке күзет компанияларына тапсыру, ал полицияны барынша қоғам қауіпсіздігі жұмысына бағыттау мәселесін де министрлік жиі көтереді. Фронт-офистер құру арқылы тұрғындармен ашық жұмыс істеуге қадамдар жасалды. Себебі қылмыстың көбі оның алдын алу, жедел ақпараттандыру және құқықтық-заңнамалық сауаттылықтың деңгейімен арттырумен тығыз байланысты. 2019 жылы ҰЭМ Статистика комитеті «Халықтың құқық қорғау органдарына сенімділік деңгейі» деген сауалнама жүргізді. «Полиция органдарына қаншалықты сенуге болады?» деген сұраққа респонденттердің 38,3 пайызы толық келісемін, 51,2 пайызы ішінара келісемін десе, қалғаны ішінара келіспейтінін және толық келіспейтінін жеткізіпті. Бұл зерттеу бүкіл Қазақстанды қамтымаса да, тұрғындардың басым көпшілігі полицияға сенім білдірген. Бізге дейін де кейбір посткеңестік мемлекеттердің билігі ауқымды полиция реформасын жасаймыз деп уәде еткен. Бірақ көбінесе бар шаруа тәртіп сақшыларының материалдық жағдайын жақсартып, құрал-жабдығын жаңартумен шектеледі де, полиция қызметінің сипаты баяғы күйінде қалады. Қазақстан сол қателікті қайталамаса екен.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ