Шым шаһарда жол құрылысы қарқынды
Шым шаһарда жол құрылысы қарқынды
229
оқылды
Шымкент қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы таратқан мәліметтерге сүйенсек, мегаполистегі жол құры­лысы үшін аталған қаржының біраз бөлігі қамтылады. Яғни, биыл 256 нысанның жөндеу-құрылыс жұмыстарына бюджет­тен жалпы сомасы 26,9 млрд теңге бөлініп отыр. Оның 4,8 миллиарды республикалық қазынадан қаралса, 9,8 млрд теңге – жергілікті бюджеттен. Жүргізіліп жатқан 94 нысандағы құрылыс жұмыстарының 44,5 шақырымы жол болса, 2-еуі көпір және 2 жолайрық пен 1 жерасты өткелі бар. Жыл басынан бері 1 көпір және жерүсті өткелі пайдалануға берілген. Үшінші мегаполисте жол құрылысы бойынша ең үлкен жұмыстың бірі – Қонаев даңғылы. Үлкен көше Ташкент бағытына шығатын жолға дейін ашылмақ. Бұл бағытта қалалық маңызы бар көшелерді дамыту да қолға алынған. Мұндай ірі жобалар қаладан шығатын Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарында да қамтылып отыр. Ауқымды жұмыс 3 жылдың ішінде бітеді деп жоспарлануда. Қонаев даңғылын жалғайтын құрылыс былтыр басталып, 4 жылға жоспарланған. 21 шақырымды құрайтын, 8 кезеңнен тұратын бұл құрылыс жұмыстары аясында белдеуде орналасқан 475 нысан мемлекет мұқтаждығына алынған.  Бүгінгі таңда мұқтаждыққа алынған нысандардың кәріз жүйесі мен электр бағаналары, газ жүйесі алынып жатқанын айтады. Топы­рағы тазартылып, тас төселуде. Айта кетейік, республикалық маңызы бар қалада,  одан бөлек әлеуметтік маңызы бар нысандарға апаратын бірқатар көшелерде жол жөндеу жұмыстары жүруде. Мәселен, Достық шағынауданында жұріп жатқан жол құрылысы маман­дандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ғима­ратына тіреледі. Көкбұлақтағы құрылыс  көлік-логистика орталығына, Нұртастағы жол балабақшаға және Қайнарбұлақтағы жол жөндеу жұмыстары 1 200 орынды мектепке алып барады. Бұдан бөлек, қалада Ақтас, Самал-1 шағынауданындағы жолдар мен әл-Фараби көшесінің, Н.Назарбаев даңғылының жалға­сы, әуежайға баратын жол, Бадам өзеніндегі автокөлік көпірі, Рысқұлов-Қонаев даңғылының қиылысындағы жолайрық та бар. Сондай-ақ «Сәуле» шағынауда­нына қарасты 276-орамдағы жол мәселесі биыл шешіледі. 6 көшеге тас төселіп, жарық пен ауызсу  тартылмақ.  Бұл туралы қала әкімі шағынауданды аралап шыққанда атап өтті. Мұндағы түйткілді мәселелер қала әкімінің халық алдындағы есепті жиынында сөз болған. Кезінде топырақ жолға да жарымаған ауыл тұрғындары осынау жаңалыққа ерекше қуанып отыр. Орамға бағаналар тартылып, ауызсу мен жолдың құжаты әзірленген. Кезінде тас төселмей қалып кеткен көшелер де тіркеуге алынуда. Жаңадан жол салу жұмыс­тарынан бөлек, жолдар мен көпірлерді қайтадан ретке  келтіру және жөндеу жұмыстарына да ерекше ден қойылған. Мәселен, 13 шақырымды құрайтын 10 нысан мен 3 көпір қайта құрылмақ. Темірлан тасжолының қиылысындағы өткелдерін, қоқыс полигонынан Ынтымақ шағынауданына дейінгі бөлігін жөндеу және Жібек жолы, Төреқұлов, Адырбеков көшелері, Бадам өзеніндегі автокөлік көпірін, Ленгер қаласы бағытына қарай кететін  Сайрам су өзеніндегі көпірді қайта құру жұмыстары да осы жылдың жоспарында. Бүгінгі таңға дейін оның біразы реттеліп, пайдалануға берілді. Басқарма мамандары биыл 223 нысанның пайдалануға бері­летінін айтады. Ал Республика даңғылы мен Рысқұлов көшесін орташа жөндеуден өткізу 2021 жылға жоспарлануда. Бас­қарма мамандары жол қозғалысын реттеу мақсатында 90 шақырымға жол сызықтарын да сызып, оны күтіп ұстауды  қамтып отырады. Биыл шағынаудандар мен елді мекендердегі көшелер де жаңарады. Бұл жұмыстарға биыл 16,5 млрд теңге қаралыпты. Бұл қаржыға елді мекендер мен шағынаудан көшелеріне күрделі  және орташа жөндеу жұмыстары жүріп,  шағал тас төселмек. Яғни, ұзындығы 50  шақырымды құрайтын  69 көше күр­делі жөндеуден өтпек. Бұдан бөлек, 209 шақырым болатын 207 көшеге орташа жөндеу жұмыстары  жүреді. Осынау жұмыстарға жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрған жұмыссыз жандар да тартылған. Айта кетейік, Шымкент қала­сындағы жалпы жолдардың жартысының дерлік жағдайы сын көтермейді. Басым бөлігі шалғай елді мекендерге тиесілі. Жергілікті билік тарапынан келешекте осынау жолдар кезең-кезеңімен реттеледі. Бұдан басқа, Шымкент қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  халық­тың тұрмысын жақсарту бойынша берген нақты тапсыр­малары аясында шалғай ауылдар­дың инженерлі инфрақұрылым жұмыстарын реттеу үшін бірқатар шаралар атқарылып жатыр.  Қала басшысы тиісті сала  мамандарына жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін шалғай ауыл тұрғындарының сапалы инфрақұрылыммен қамта­масыз етілуін бақылауға алуын тапсырған. Шымкент қаласы бойынша 53 шағын­аудан шалғайда орна­ласқан. Бүгінде бұл аймақтарда инфрақұрылым тарту жұмыстары қарқынды жүруде. Мәселен, Тұран, Батыс, Ынтымақ-2, Жаңатұрлан, Асар-2 шағынаудандарын сапалы ауыз­сумен қамту бойынша бюджет­тен 5 мил­лиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, тиісті шаралар атқарылуда.  Жыл соңына дейін Игілік, Қызылжар, Тәуелсіздікке-20 жыл, Көкбұлақ, Абдулабад, Өтеміс, Базар­қақпа шағынаудандарында құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындар ауызсуға қол жеткізеді. 2025 жылға дейін шаһардағы 41 шағын­ауданға сапалы электр қуаты тартылмақ. Биыл 12 нысанға қаржы бөлініп, құрылыс жүріп жатса, мамандар жыл соңына дей­ін 7 нысанның құрылысы аяқталып, 14 мыңға жуық адам сапалы электр қуаты­мен қамтылатынын айтады. Сонымен қатар  кәріз жүйесін тарту бойынша 4 нысанда құры­лыс жұмыстары жүруде. Жыл қорытындысымен бір магистральды кәріз коллекторының құрылысы аяқталып, 12 мың тұрғыны бар 5 шағынаудан (Тоғыс, Жыланбұзған, Елтай, Бадам, Маятас) кәріз жүйесіне қосылады. Ал 2025 жылға дейін қаладағы 40 шағынаудан табиғи газ жүйелерімен қамта­масыз етіледі. Келер жылы табиғи газды пайда­ланушылар қатары 2 771 от­басыға көбейеді. Жалпы, биыл Шымкенттің инфра­құрылым жұмыстарында үлкен өзгеріс, қомақты шаруалар бар.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы