Дәрігерлер де қашықтан емдеуге көше ме?
Сонымен емханаларда ересектер мен балаларды профилактикалық қабылдау, оның ішінде скринингтер, жоспарлы стоматологиялық, оңалту қызметтері, денсаулық мектебі, медициналық-әлеуметтік қолдау, міндетті әлеуметтік сақтандыру құжатын рәсімдеу, жоспарлы түрде ауруханаға жатқызуға жолдама беру, тәулік бойғы және күндізгі стационар жұмысы тоқтатылды. Мамандардың жоспарлы консультациялық көмек көрсетуі онлайн форматқа ауыстырылмақ. Диспансерлік тіркеуде тұрған азаматтарға қажетті рецепт онлайн режимде беріліп, дәрі-дәрмек үйге дейін жеткізіледі. Тек халықты вакцинациялау екпенің ұлттық күнтізбесі бойынша жоспарлы түрде жүргізіледі. Жүкті әйелдерді қабылдау, УДЗ скрининг жүргізу штаттық режимде қалады. Осылайша, қала емханалары КВИ белгілері бар және шұғыл медкөмекті қажет ететін науқастарды ғана қабылдайтын болды. Ал коронавирустың белгілері жоқ науқастарды емдеу үшін медицина қызметкерлері бейнеқоңырау және байланыстың басқа да арналарын пайдалану арқылы консультация өткізеді. Консультация кезінде ауру белгілері байқалған бойда науқастарды ауруханаға жатқызады. Соңғы уақытта коронавирус жұқтырғандардың көбеюінен оларды емдейтін дәрігер жетпей жатқаны айтылып жүр. Науқастан вирус жұқтырып оқшауланған дәрігерлер де баршылық. Ал КВИ белгісі жоқ науқас вирус тасымалдаушы саналады. Мұндай науқас кез келген дәрігер үшін қауіп төндіреді. Ендеше жалғыз елорда емес, еліміздің барлық өңіріндегі дәрігерлерді қашықтан емдеуге ауыстырса қайтер еді? Мектеп оқушылары қашықтан оқудың аса қиын емес екеніне көз жеткізді емес пе? Олай болса, дәрігерлер де науқастарға дәрігерлік кеңесті онлайн форматта берсе... бұл тәсіл астанада енгізіле бастады. Енді өзге өңірлерге де енгізілсе, құба-құп болары анық.Коронавирус жұқтырғандар үйде емделеді
Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың КВИ жұқтырған науқастардың енді үйде емделе беретінін айтады. «Коронавирус инфекциясы анықталғанда азаматтарды ауру белгісі бар және жоқ деп бөлеміз. КВИ белгісі жоқ адамдар ауру адам емес, тек осы вирусты тасымалдаушы болып саналады. Оларды емдеу қажет емес. Ал екінші топ – ауру белгісі бар адамдар біздің хаттамаға сәйкес ем алады. Әр адам ЖРВИ, тұмау немесе КВИ белгісі бар болса, міндетті түрде тест тапсыруы қажет. КВИ анықталған адамдарға дәрігерлер арнайы ем жазып береді. Олар үйде иммунитет көтеріп, түрлі витамин ішуі қажет. Ең бастысы, емді міндетті түрде дәрігердің кеңесіне сәйкес алуы керек», – дейді ол. Яғни, науқастар өз-өзіне ем-дом жасамауы керек. Мұны Денсаулық сақтау министрінің зертханалық қызмет бойынша кеңесшісі Жанар Сүлейменова да айтып отыр. «Бұл ауру құрылымының генетикалық түрленуі жүріп жатқанын көрсетеді. Біз байқаған пневмонияның ауыр түрлері мұндай көп көлемде тіркеліп жатқан жоқ», – деген ол коронавирус анықталған, бірақ симптомы жоқ адамдар өз жағдайын бақылап, дене қызуын өлшеуі тиіс. Ентігу, дене қызуының 38 градусқа жетуі, әлсіздік сынды белгілер байқалса, бірден жедел жәрдемге хабарласуы қажет. Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясының жеңіл формасы мен симптомсыз түрі көбірек тіркеліп жатыр. Call-орталыққа хабарласатындар саны 3-4 есеге дейін көбейген. Елордада бір тәулікте 3 800 қоңырау тіркеліп, 2 728 адамға қызмет көрсетілген.Қосымша төсек-орындар дайындалып жатыр
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, бүгіндері еліміздің барлық стационарлық карантинінде 1 868 адам, үй карантинінде – 11 563 адам жатыр. COVID-19-бен ауырып, ауруханада жатқан науқастар саны – 8 052, КВИ жұқтырып, амбулаториялық бақылауда 8 472 адам тұр. Бұл цифр күн сайын көбейіп келеді. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласында 22 маусымда қосымша 200 орындық стационар дайындалған. Егер науқастарды жатқызатын стационар жетпесе, басқа да ұйымдар стационарға бейімделіп дайындалады. Ал Алматыда коронавирус бойынша эпидемиологиялық ахуал күрт нашарласа, онда қаладағы HalykArena және АlmatyArena спорт кешендері базасында инфекциялық стационар ашылады. «Стационарлардағы төсек-орындар тапшылығы байқалып жатыр. Бүгінде провизорлық төсек-орындар 90 пайызға, инфекциялық төсек-орындар 95 пайызға жүктелген. Егер эпидемиологиялық ахуал қиындаса, HalykArena базасында 500 орын ашуды қарастырудамыз. Сондай-ақ біз 150 төсек-орынға арналған «Теміржол ауруханасы» АҚ госпиталі базасында жұқпалы аурулар стационарын ашамыз. Осылайша, жұқпалы ауруларға арналған 1 940 төсек-орынға қосымша тағы 650 орын ашылады», – деді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Камалжан Надыров. Оның айтуынша, егер жағдай одан әрі ушықса, HalykArena базасындағы төсек-орындар санын 300 төсек-орынға көбейту мүмкіндігі бар. Сол сияқты AlmatyArena базасында да стационар ашуға болады. Осының барлығын есептегенде, 3 700-ге дейін жұқпалы аурулар орнын, 1 000-ға жуық провизорлық төсек-орнын ашуға мүмкіндік бар. Жатақханалар базасында да провизорлық және жұқпалы аурулар төсек-орнын ашу мәселесі қарастырылады. Дәрігерлер науқастар санының өсуі қант диабеті, артериялық гипертензия, жүрек аурулары сияқты қосымша аурулары бар науқастардың көбеюіне байланысты деген қорытындыға келіп отыр.КВИ-ден емделгендер плазма тапсыра бастады
Коронавирус инфекциясымен ауырғандарды емдеудің бір баламасы – аталған дерттен жазылғандардың плазмасын пайдалану. Республикалық қан орталығының директоры Дилявер Бекировтың айтуынша, бір ай ішінде 24 адам плазма тапсыруға өтініш білдірген. Бірақ үшеуі ғана донор болды, себебі оларда COVID-19 антиденелерінің жоғары титрі анықталған. Солардың бірі – Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров. «Мен коронавирустың ауыр түрімен науқастанған азаматтарды емдеу үшін қолданылатын плазманы тапсырдым. Өздеріңіз білетіндей, мен осы инфекциямен ауырдым және менің плазмам осы індеттің ауыр түрімен ауыратын пациенттерді емдеуге көмектеседі деп ойлаймын. Жұқтырғандар үшін қолданылатын бұл әдіс тірі вакцинаның әсеріне ие және көпшіліктің сауығып кетуіне көмектеседі. Донор болу – әрбір адамның парызы» деген К.Надыров осы дерттен жазылған адамдарды COVID-19 антиденесіне қан тапсыруға шақырды. Оның айтуынша, бұл процедура қауіпсіз өтеді. Плазмаферез (плазма дайындау) процедурасы кезінде бір донордан 600 мл плазма алады, жұқтырған адам үшін 200 мл жеткілікті. Плазманың мұндай көлемін алу донорға ешқандай зиян келтірмейді. Бұл плазманың әсері пассивті иммундауға негізделген, яғни дайын антиденелер қанға ауыстырылады және пациенттің вирустарын бейтараптандырады. Қазіргі уақытта дәрігерлер қолданатын барлық препарат – бактерияға қарсы немесе қабынуға қарсы жанама сипатқа ғана ие. Ал КВИ-ден жазылған науқастар қан тапсыру арқылы аталған індетті жеңуге өлшеусіз көмек берген болар еді...Халима БҰҚАРҚЫЗЫ