Қазақ салған қала
Қазақ салған қала
277
оқылды

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов­тың жазғаны бар: «Қазақты авто­но­мия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау»деген. Не деген кө­регендік десеңізші! Қиын заман­ның өзінде Қараөткелді қазақтың орталық қаласы жасауды көксеген екен.

Әлиханның сол арманы орындал­май қала берер ме еді, егер қазақ елі тәуелсіздік алмаса?!. Байырғы қазақ ордасы негізінде тәуелсіз мемлекет құру және оның жаңа астанасын таңдау мен салу мәселесі Нұрсұлтан Назарбаевқа бұйырды. Оның бәрі көз алдымызда.

Елбасы кезінде «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой мен-де ертеректе, сонау алыстағы – 1992 жы­­лы туған еді, бірақ мен ол кезде мұны тісімнен шығармадым, өйткені Қазақстанның экономикасы ойла­ғанды іске асыруға мүмкіндік бермеді», – деген болатын.

Елордасының Есіл жағасына қоныс тебуі де тегін емес. Бір кезеңде осы жерде ел орталығын салу жайын академик Қаныш Сәтпаев та ой­ластырған, ол қаланы сумен қамта­масыз ету тетіктерін қарастырған көрінеді. Ал негізгі саяси шешімді 1992 жылы, Қазақстанның Прези­денті болып сайланғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. «Ақмолаға келдім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қарадым. Маған қа­ланың ортасында өзен ағып жатқан болса, қашанда сол ұнайтын. Өзен қалаға ерекше бір көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында Атырау, Сыр­да­рияның бойында Қызылорда, То­былдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку ор­на­лас­қан. Ал әлемде қаншама аста­на ылғи өзен жағасына салынған! Санкт-Петербор – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон – Темзада тұр. Оның үстіне Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еура­зияның орталығына орналасқан» деп өз таңдауын негіздейтіні бар.

1961 жылы Ақмола қаласының аты Целиноград болып өзгертілгенін және Тың өлкесінің орталығына айналғанын білеміз. Сол тұста қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалуға Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенов ерекше қайрат көрсетті. Ол Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу туралы Н.Хрущевтың әрекетіне талай той­тарыс беріп, «бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзі дұрыс емес» деп ашық қарсылық білдірді.

Міне, қазақтың қайсар ұлдары қорғап қалған өңірде ел ордасы еңсе тіктеді. Ең басты нәрсе: бұл – қазақ­тың өз қолымен тұрғызған қаласы! Ешкімге жалтақтамай, ешкімге тәуел­ді болмай, қалың қазақ баласы үміті мен сенімін үкілеп, арманы мен аңсарын тәуелсіздік бесігіне бөлеп салған қала! Сондықтан біз өз ас­танамызбен мақтана аламыз!