Естімеген халық көп
Елімізде жүріп жатқан ішкі көші-қонды білмейтіндер жетерлік. Әр облыста осы салаға жауап беретін мамандар бар. Бірақ «ел құлағы елу» дегендей, насихат жүргізілмесе халық қайдан біледі? Оңтүстік аймақтан көшіп келгендер мен сол өңірде тұрып жатқан бірқатар белсенді бұл жұмысты өз қолдарына алған екен. Соның бірі – құқық қорғаушы Сәбитхан Дөнесханұлы. – Бұдан 3-4 жыл бұрын Марат деген жігітпен таңыстым. Оңтүстіктің тумасы. Бала-шағасын асырау үшін жалданып жұмыс істейді екен. Осы бағдарлама туралы айттым. «Неге сен осыған қатысып көрмейсің?» дедім. Ол «Үкіметке сенбеймін» деп жауап берді. «Бұл ойың дұрыс емес, алдымен осы бағдарламаға араласып көр. Сосын айтасың. Қазіргі жүрісіңмен сен үй алмақ түгілі, жалдап тұрып жатқан жеріңе де қаражат таба алмайсың» дедім. Сонымен ол иланып, жергілікті жұмыспен қамту орталығына өтініш тапсырған екен. Мамандығы да бар. Ақыры солтүстікке көшті. Жақында хабарласты. Жер, үй алыпты. Жұмысқа тұрған. Жеке дүкен ашып алыпты. Балалары мектепте оқып жатыр екен, – дейді. Осыдан кейін Сәбитхан осы бағдарламаны насихаттауға көшкен. Нәтижесі де ауыз толтырып айтарлықтай.Әкім айтты, басқасы қайтті?
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов айтуын айтып жатыр. Ол оңтүстік өңірге өзі де барып қайтқан болатын. Сол уақытта әкім: – Біз – аграрлы өңірміз. Сондықтан экономиканың негізгі саласы – ауыл шаруашылығы. Солтүстік Қазақстан облысында оңтүстік өңірлерден көшіп келетін ағайындарға 3 мың коттедж салынады. Баспаналар инфрақұрылымы дамыған 150 елді мекенде бой көтереді. Егер көшіп келген отбасы басқа үйді сатып алса немесе жалдаса, мемлекет оларға 600 мың теңгеге дейінгі шығынын қайтарып береді. Оған қоса, әр келген адамға демеуқаржы қарастырылған. Айталық, 5 адамнан тұратын отбасыға 450 мың теңге төленеді. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік өңірлердің 3 мыңнан астам азаматы, 700 отбасы көшіп келіп, қолдау түрлеріне ие болды. Қазір олар ауылшаруашылық, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жемісті еңбек етіп, бизнесін дөңгелетіп жүр. Биыл да ең кемінде 1,5 мың адам келеді деп күтілуде, – деген еді. Өздеріңіз көріп, оқып отырғандай қолдайтын да, қуанатын да жоба. Бірақ бұл бір өңір әкімінің сөзі, басқа аймақтарда дәл мұндай құлшыныс болмай тұрғаны қынжылтады.Ол жер саған жат емес
Солтүстікті жұмысшылармен толтыру ғана емес, бұл осы аймақты қазақыландыру үшін жасалған қадам екені анық. Дегенмен көшіп келуге ниет еткендер елді мекенді таңдау құқығы өзінде екенін білгені дұрыс. Әйтпесе, барып алып, артынан ауылына қайтып, елді дүрліктіретіндер де бар. Тұрақтап қалғандарды сөзге тарттық. – Өздеріңіз білесіздер, былтыр Арыс қаласында жарылыс болды. Отбасыммен бас сауғалап қашқандар арасында болдым. Балаларым шошып қалды. Қыркүйек айында жұмыспен қамту орталығына өтініш жазып, ол мақұлданып, қоныстанбас бұрын өзімізге қолайлы жер іздедік. Отбасымызда тоғыз адам. Мен, әйелім және жеті баламыз бар. Қазір біз Қызылжар ауданы Подгорное ауылына тұрақтадық. Облыс орталығы да жақын. Арақашықтық жиырма шақырым ғана. Есіл өзені де жанымызда ағып жатыр. Жаңа салынған үй берді. Үйге дейін су тартылған. Ток келіп тұр. Ауылда мектеп те бар. Айтпақшы, Үкімет айтқан көтерме ақша мен бір жылға берілетін төлемақыны да алдық. Мысалы, көршім – мал дәрігері, оған жұмыс табылды. Маған да ұсыныс түсті. Жеке шаруашылықпен айналысуға болады. Жақында осында тағы төрт отбасы көшіп келеді, – дейді Серік Әлтаев. Ал Алматы облысынан Өскемен қаласына екі оқушы баласы мен жолдасы төртеуі көш түзеген Жәния Күліпбаева: – «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы туралы естіп, Өскемен қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына хабарласып, жұмыс күші артық облыстардан жұмыс күші жетіспейтін облыстарға ерікті қоныс аудару бойынша және оның ішінде көшуге субсидия төлеу туралы толық кеңес алдым. Көшіп келдік. Өскемен қаласының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ана мен бала орталығы» КМК ем-шара кабинетіне медбике лауазымына жұмысқа орналастым. Жолдасым Дәурен Әбдісақұлы болса «АЭС СОГРА ЖЭО» ЖШС-да бас инженердің орынбасары. Бағдарлама бойынша қызметтік пәтер алып және жұмысқа орналасқанымызға өте ризамыз, – дейді ағынан жарылып. Түйін: Құқық қорғаушы Сәбитхан Дөнесханұлы: «Бүгінде насихат жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, бұл бағдарламаны білмейтіндер көп. Тек әлеуметтік желілерде ғана емес, арнайы телебағдарламалар ұйымдастырып, дүйім жұртқа неге жар салмасқа. Сонда ғана көшіміз артып, көлігіміз солтүстікке қарай ағылар еді»,– дейді. Жөн сөз. Бұл да бір халық үшін жасалған оң бағдарлама болғаны хақ. Олай болса, көш көлікті болғай!Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ