Еліміз басқа да түрлі ұйымдардың тізімінде түрлі көрсеткіштерді иеленеді. Осы арада заңды сұрақ туындайды. Ғаламдық рейтингтер қалай түзіледі? Олар қаншалықты сенімді, қаншалықты бейтарап?
Алдымен Халықаралық менеджментті дамыту институтынан бастайық. Бұл ұйымның рейтингіне 63 мемлекет қатысады. Рейтинг 235 индикаторға негізделеді. Оның өзі 4 санатқа бөлінеді: экономикалық көрсеткіш, инфрақұрылым, үкіметтің тиімділігі және бизнестің тиімділігі.
Ал 141 ел мен 103 индикаторды қамтитын Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингі адам капиталының жағдайы, оның ішінде оқып-тоқуға қолжетімділік мен білім сапасы, біліктілікті арттыру мүмкіндігі, жұмыспен қамтылуы, экономикаға араласуы сияқты 46 көрсеткіш бойынша түзіледі.
Жалпы, рейтинг жасаумен айналысатын арнайы агенттік көп. Бәріне бірдей көзсіз сене берудің қажеті жоқ. Өйткені олардың бейтараптығына күмән бар. Әлемде онша бағаланбайтын, аты мен заты беймәлім кейбір ұйымдар ақшаға сатылуы мүмкін. Белгілі бір мемлекеттер өзінің ішкі саясатында халқына мақтану үшін оларға ақша төлеуі ғажап емес.
Ең негізгі, ең абыройлы ұйым – Дүниежүзілік экономикалық форум. Оның жиыны жыл сайын қаңтар айында Швейцарияның Давос қаласында өтіп тұрады. Онда әлем елдерінің саяси элитасы мен ғалымдары бас қосып, өткен бір жылды қорытындылайды. Экономика қалай дамыды? Қандай бағыттар басым түсті? Қай бағыттар әлсіреді? Осының бәрі жан-жақты сарапқа салынып, бағамдалып, алдағы уақытқа жоспар құрылады.
Неліктен әр ұйымның индексінде әртүрлі позицияда тұрамыз? GSB UIB директорының орынбасары Мақсат Халықтың айтуынша, мұның басты себебі рейтингке енетін мемлекеттердің санына және ашықтығына байланысты. Кейбір елдер өз еркімен ықылас танытып, статистикалық мәліметтерді жасырмай салып қояды. Ал Иран, Солтүстік Корея сияқты жабық режимдердің жағдайын бағалау өте қиын.
– Өз басым рейтинг қуалаудың керегі жоқ деп ойлаймын. Себебі елдің ішкі әлеуметтік жағдайы әлдеқайда маңызды. Бірақ кей уақыттарда рейтинг қуалаған жақсы ма деп қаламын. Неге десеңіз, біріншіден, биліктің халық алдында есеп беруіне, екіншіден, рейтингтерде жақсы көрініп, мемлекетке инвестиция тартуға бұл – таптырмайтын тәсіл. Бизнестің ашықтығы, қауіпсіздігі, т.б. индикаторлар шартараптағы трансұлттық компаниялар мен инвесторларды қызықтырады. Олар неғұрлым экономикасы тұрақты, заң үстемдік құратын мемлекетке ақша салып, бизнес жүргізуге мүдделі, – дейді экономист.
Алайда бәсекеге қабілеттілік рейтингінде мемлекеттің иеленетін орны мен халықтың әл-ауқатының деңгейінде айырмашылық жылдан-жылға алшақтап барады екен. Рейтингті бағалау екі бағытта жүзеге асырылады: біріншісі – макроэкономикалық индикаторлар, яғни жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім. Екіншісі – адами капитал, елдің білім деңгейі, өмір сүру ұзақтығы. Мамандар елдің әлеуметтік жағдайын анықтайтын негізгі көрсеткіш ретінде ЖІӨ-ні басшылыққа алады. Егер жан басына шаққандағы ЖІӨ 10 мың доллардан төмен болса, онда бұл – кедей ел, 2 мың доллардан төмен болса – өте кедей, 10 мың доллар мен 20 мың арасында болса – орташа, 20 мыңның үстінде болса, бай мемлекет деп жіктеледі. Бірақ қазір дүниежүзіндегі маңдайалды экономистер «ЖІӨ халықтың тұрмысын айқындайтын көрсеткіш болудан қалып барады» деген тұжырымға тоқтапты. Енді мүйізі қарағайдай ғалымдар «Халықтың тұрмысын қандай критерийлер бойынша бағалауға болады?» деген мәселеге бас қатырып жатыр екен. Бұл әдіс ғасырлар бойы өзгермегендіктен, әлі басқа балама табылған жоқ.
Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекованың сөзінше, әрбір рейтинг нақты бір ғалымның, нақты бір ұйымның әдістемесі бойынша жасалады және бұл әдістеме жыл сайын өзгеріп отырады.
– Қазақстанның 8-орынға түсуі секілді мұндай ауытқулар елдің даму деңгейіне ғана қатысты емес, әдістемеге де қатысты. Әлемдегі басқа мемлекеттердің жағдайы да әсер етеді. Мысалы, бір елде позиция төмендесе, Қазақстан автоматты түрде көтеріледі немесе керісінше болады. Сондықтан мен барлық рейтинг сенімді деп айта алмаймын. Кез келген рейтинг – сандық өлшем. Ондағы кейбір көрсеткіштер шынайы ахуалды суреттесе, кейбірі өтірік. Мысалы, еңбек жағдайы жөнінен Қазақстанның позициясы тәуір. Дегенмен өмірде өзгешелеу. Көп жерде Еңбек кодексі сақталмайды. Ұжымдық келісімшарттар бұзылады. Немесе керісінше. Кейбір индексте көрсеткішіміз төмен болса да, елімізде салыстырмалы түрде жақсы болып жатады, – дейді сарапшы.
Хош. Ал Қазақстан Үкіметі халықаралық бағалауға мән бере ме? Мұндай рейтингтер шешім қабылдау процесіне ықпал ете ме? Біздің ойымызша, иә, билік ірі рейтинг агенттіктерінің орынды ұсыныстарын экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыру кезінде пайдаланады. Өйткені жаһандық көрсеткіштерді елемей қоюға болмайды. Мұндай рейтингтер әлемдік сахнадағы елдің имиджін қалыптастырады. Алайда жаңағы пікірлерді де жоққа шығару қиын. Кейбір рейтингтердің әзірлеу әдістеріне қатысты сарапшылардың сауалы сансыз. Әдістің көбі белгілі бір елдердің тәжірибесі негізінде әзірленген, оны оңды-солды үлгі ретінде қолдану – қателік. Әр мемлекеттік әлеуметтік және мәдени ерекшеліктерін ескеру керек. Рейтинг жасаушы агенттіктер егемен елдерге ықпал ету құралы болмауы тиіс.