Ал жолдың жайы елімізде жанға батып тұрған өзекті мәселенің бірі екені жасырын емес. Әйтеуір, жамалған жол мен сапасыз құрылысқа айтылған сын да, тағылған мін де көп. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та осы аптадағы аппарат жиынында аталған мәселені күн тәртібіне көтеріп, майшаммен қарады.
Бердібек Машбекұлы кейінгі кездері басылым беттерінде Жамбылдың жол сапасы қатаң сынға алынып жатқанын қынжыла жеткізіп, салада қызметіне салғырт қараған басшыларды сын тезіне алды.
«Қара тізімге» ілінгендердің алғашқысы Жамбыл облысы әкімдігі Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков болды. Басқарма басшысы: «Жалпы, жол саласында бүгінде 1 145 жоба іске асырылуда. Оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасымен – 23, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен – 84, «Жұмыспен қамту» жол картасы бойынша – 843, Үкімет резерві бойынша – 96 және жергілікті бюджеттерден 99 жоба жандануда. Бөлінген қаржы есебінен 1 346,2 шақырым жол жөндеумен қамтылуда. Жол жөндеу жұмыстарының сапасын «Жол активтерінің сапа орталығы» мекемесі тұрақты тексеріп отыр. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 66,6 миллион теңге бөлінді. Басқарма мамандары биыл 53 нысанға барып, құрылыс материалдарының сынамасын алды. Нәтижесінде, 17 кемшілік анықталып, тиісті ескертулер жасалды» деп әу баста атқарылған жұмыстарды жіпке тізгендей атап шыққаны рас. Сонымен бірге ол: «Негізі, орташа жол жөндеу құрылысына 2 жылға, ал күрделі жөндеуге 5 жылға кепілдеме берілетіні белгілі. Алайда облыстағы кейбір жолдар кепілдеме мерзімі жетпей бұзылып кетіп жатқанын көз көруде. Сол себепті жолды жамап, жөндеу жұмыстарын жүргізгенше, бірден екі жабындымен жамылған асфальт жол салуды ұсынамын. Мұндай жолдар ұзақ уақытқа шыдас береді», – деп жағдайды барынша баяндауға тырысқанымен, облыс әкімі басқарма басшысына бір жыли қоймады. Керісінше, оның ұсынысын қолдамай, екі жабынды жол жүргізу құны қымбат екенін, қазіргі бөлініп жатқан қаржының өзіне бақылау болса, сапалы жол салуға болатынын шегелеп тұрып жеткізді. Сондай-ақ аймақ басшысы «Нұрлы жол», «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамту» жол картасы сынды мемлекеттік бағдарламалар бойынша облыста бүгінде 500 жоба тетігін таппай отырғанын қатаң сынға алды. Одан бөлек, әр ауданда жол жөндеу құны әркелкі екенін де тілге тиек етіп, бұл мәселені жіті тексеруден өткізуді орынбасары Ұлан Жазылбекке тапсырды.
Әрине, мемлекеттік бағдарлама аясында қаржы қаралып, сызбасы сызылған 500 жобаның жанданбай отырғаны жақсылық емес. Алайда сала мамандарының сөзіне сенсек, мұндай олқылық бір мердігердің бірнеше нысанды ұтып алуынан орын алып отыр екен. Облыс әкімдігі Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, Байзақ ауданында «Рауан» ЖШС 78 нысанның құрылысын жүргізу құқығын жеңіп алған. Т.Рысқұлов ауданында 98 жоба бірдей «Құлан жолдары» ЖШС-ның қолында тұрса, Меркі ауданындағы «Айя сервис» ЖШС-да 83 жоба жеңімпаз атанған. Ал «Меркі жолдары» ЖШС болса, 32 жобаға иелік етуде. Ол аз десеңіз, Шу ауданындағы «Арқат Өркендеу» ЖШС мен «РЗДИ құрылыс» ЖШС 80-нен аса жобаны өзара бөлісіп алған. Бұдан кейін жобалар дер кезінде жанданып, жоспарлы уақытта тапсырылады деп қалай айта аламыз? Бір ғана Т.Рысқұлов ауданындағы 98 жобаны «Құлан жолдары» ЖШС жеңіп алғаны қай санаға сыяды? Естеріңізде болса, Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылдық округінің әкімі Мұрат Иманбаев жұбайының «Жарық құрылыс компания» ЖШС-на бір көзден 11 мәрте мемлекеттік тапсырыс сомасын жеңіп алып бергені үшін қызметімен қош айтысқан жоқ па еді? Енді бір ғана мердігер 98 жобаға иелік етуін қалай түсінуге болады?
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы