Халықтың татулығын сақтаған азамат
Халықтың татулығын сақтаған азамат
323
оқылды

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев – Қазақстан деген мемле­кет­ті әлемге танытты. Соның ке­ңес­тік кезеңде жолымыз түйіс­ті. Бірге болдым. Ол кезде бірінші хатшы бір елдің басшысы бола­тын. Онда Елбасымыз жас, әлі елу жасқа толмаған еді. Оның өмірге деген көзқарасы ерекше еді. Ол өзінің алғырлығымен, кө­терген мәселелерімен, шешен­дігімен, елдің назарын өзіне аудара алды. Нұрсұлтандай аза­мат­тың кел­геніне халық қуан­ды, оған сенді. Бұл жаңалықты ха­лық жақсы қабылдады. Әйтпесе, 1986 жылы көтеріліс Колбиннің келуінен шықты. Сол кезде «ұлты басқа болса да, неге қазақстандық біреу сайланбады?» деген ой еді. Бү­гінде, осы отыз жылдың нәти­жесінде, Елбасы халықтың сенімін ақтады деп айтуға болады.

Орталық партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңге­рушісі едім. Қайта құру кезеңі. Компартияның жұмыс әдістері бұрынғы қалыптасқан нәрседен өзгерді. Ол кезде аппа­ратта 18 бө­лім болатын. Соның бәрі қыс­қарып, жетеуі қалды. Үлкен ре­форма сол кезден бас­талды. Сонда Қазақ коммунистік пар­тиясының өз бағдарламасы, қаулысы қабылданды. Бұл деге­німіз – өзін-өзі басқару жүйесіне көше бастағанымыз еді.

1991 жылы Кеңес Одағы тар­қа­тылып, тәуелсіздігімізді жа­рия­ладық. Әрине, қиын кездер бол­мады емес, болды. Мекемелер жұ­мыс істемей, ел арасында жұ­мыс­сыздық пайда болды. Уақы­тында жалақы, жәрдемақы төлен­беді. Өмір сүрудің өзі қиындап кетті. Мемлекет саяси да, эконо­микалық та, барлық жағынан кри­зиске ұшырады. Онда 12-ша­қырылымдағы Жоғарғы кеңестің депутаты едім. Сонда жаңа заңдар қабылдадық. Тәуелсіздігімізді жарияладық. Президентті сайла­дық. Тәуелсіз мемлекетімізге қа­тысты барлық рәмізді тағайын­дадық. Осының бәрі жай ғана өте салған жоқ. Үлкен дискуссия арқылы қазақ тілінің мәртебесін көтердік. Атақты академик Салық Зиманов, Сауық Тәкежанов, Әбіш Кекілбаев секілді тағы да алып азаматтардың арқасында түсіндіру жұмыстары жақсы жүргізілді.

Жалпы, ол уақытта жас мем­лекет қандай болатынын білме­дік. Тұңғыш Президентіміздің талан­тына, көрегендігіне қарай, басқа мемлекеттерге қарағанда көп нәр­сені тез игеріп кеттік. Оның бәрі – Елбасының стра­тегиялық жоспарларының ар­қасы. Сол уа­қытта қабылданған «Қазақстан – 2030» стратегиясы, қазір іске асып жатқан «Қазақ­стан – 2050» бағдар­ламасы тә­уелсіз мемлекетті ор­нық­тырды. Соның арқасында ел эконо­микасы жоспарлы түрде ақы­рындап аяғына тұра бастады. Қоғамымызда тұрақтылық пайда болды. Құдайға шүкір, бізде ұлтаралық қақтығыс болған жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлының жүргіз­ген саясатының арқасында бар-жоғы сол кезде 35 пайыз ғана қа­зақтың шашауын шығармай, халықтың татулығын сақтап қалды.