Азаттық айбыны
Азаттық айбыны
413
оқылды

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың төл туындысы – елордамыз хал­қымыздың жарқын болашаққа деген ұмтылысын айқындайды. Бас қаламыз «бір ел, бір халық» болып жұмылған еліміздің жүрегі. Ел астанасы бүгінде халықаралық жиындар өтетін аса маңызды геосаяси орталыққа айналды. ЮНЕСКО ұйымы елордамызды «бейбітшілік қаласы» деп атады. Ел астанасының қазіргі даму қар­қыны айрықша. Бұл – ең алдымен, Елбасымыздың теңдессіз еңбегі, дана халқымыздың ынтымақ бір­лігінің арқасы. Біз қаланың беде­лін одан ары арттыра береміз», – деп Тоқаев мырза Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының бас қаланы салудағы ерен еңбегін атап өтті.

Қазір елордамызда еңселі ес­керткіштер баршылық. Бірақ солардың ең алғашқысы – Кене­сары ханның ескерткіші. Қоладан құйылған және өңделген гранит­пен қапталған осы ескерткіш Есіл өзенінің жағалауындағы әдемі жерде орналасқан.

Ескерткіш тұғырының биіктігі – 5,3 метр, ат үстіндегі хан мүсі­ні­нің биіктігі – 6 метр, жалпы сал­­мағы 10 тоннадан астам, қола – 8 тонна. 2001 жылғы 11 мамырда ашылған. Авторлары – мүсінші Нұрлан Далбай, сәулетші Шота-Аман Уәлиханов.

Кенесары Қасымұлы – Абылай ханның немересі, қазақтың соңғы ханы. Ұлт-азаттық қозғалыстың жетекшісі.

1841 жылы қазақ руларының ақсүйектері мен сұлтандары Ке­несары Қасымұлын ақ киізге көтеріп, хан сайлады. Ол дауларды шариғат жолымен шешетін билер сотын қайта құрды. Кенесары Ресей Патша үкіметі күштеп жой­ған хандық билікті қалпына келтіруге талпыныс жасады. Бүкіл өмірін ел тәуелсіздігі жолында сарп етті. Қазақ халқының бос­тандығы үшін арпалысты.

Елбасы осы ескерткіштің идея­сын өзі беріп, жобасын да өзі бекіткен болатын. Елдік ерек­шеліктерімізді әйгілеп тұратын ескерткіштерді тұрғызғанда Мемлекет басшысы неге Кенесары ханды таңдады?

Кенесары – Ақмола, Қараөткел бекіністерін алуда, мұздай темір құрсанған отарлаушы патша әскеріне жалаң қылышпен қарсы шапқан тарихи тұлға. Шамасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ жас­тары қайсарлық көрсету жағынан Кенесарыдан үлгі алсын деген ұстанымда болған тәрізді.

Астана­мыздағы Кенесары ханның ескерткіші бүгінгі қазақ баласын өршілдікке, күрес­керлікке, ұлт мұраты жолындағы табанды қайсарлыққа шақырып тұрғандай көрінеді. Азаттықтың айбыны секілді!..