Қалалықтар жер салығынан құтылады
Қалалықтар жер салығынан құтылады
314
оқылды
Мәжіліс депутаттары жалпы отырыстарында осы­ны қарастыратын «Кейбір заңнамалық акті­лер­ге са­лық салу және инвести­циялық ахуалды жетілдіру мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын І оқылымда мақұлдады. Біріншіден, жоба бойынша жер және мүлік салығы біріктіріледі. Жиында осы құжатты қорғаған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, салық ставкалары, оны есептеу тәртібі, салықтық база, салық салу нысандары бұрынғыдай өзгеріссіз қалады. Бұл жерде тек оны төлеу тетігі ғана өзгергелі тұр. Мысалы, мүлік және жер салығы бір түбіртекпен төленеді. – Қазіргі кезде бұл екі са­лық­ты екі бөлек төлеуге тура келеді, тиісінше, оларға бөлек түбіртектер жасалып, жіберіледі. Кейін әрқайсысынан жеке-жеке банк комиссиясы алынады. Екеуі­нің арасында сандарын жаңы­лыс жазып, қателесу кезде­седі. Сондай-ақ салық орган­да­ры қос салық бойынша жеке есепшот жүргізеді. Бірінде ар­тық төленсе, екіншісінде кем төле­неді. Сондықтан енді екеуі бір графаға жазылады. Есеп те бірыңғай жүргізіледі. Бұл қате­лер санын азайтады және салық­ты әкімшілендіру құнын төмен­детеді. Қазақстандықтар да банк ко­мис­сиясына азырақ шығындалады, – деді бас эко­номист. Депутаттар меморгандардың электронды деректер базасын өзектілендіру және интеграциялау қажет екеніне назар аудартты. Әйтпесе, біріктірілген салықтан қате өріп шығып, халықты әуре-сарсаңға салуы мүмкін. Ұлттық экономика министрлігі ешқандай проблема туындамайтынына сендірді: арнайы техникалық топ құрылып, ол 26 миллион деректі тексеріп шығыпты. 3,5 миллион қате дерек түзетілген! Екіншіден, заң жобасына сәйкес, көппәтерлі тұрғын үй иелері үшін жер салығы жойылады. Құжаттың тұжырымдамасында айтылғандай, жүргізілген талдау қорытындысында жеке тұлғалар мүліктерінен көп салық түспейтіні, ал оны әкімшілендіру үшін үлкен шығын кететіні анықталыпты. Басқаша айтқанда, бюджетке бұдан түсетін түсім аз, ал қаптаған пәтерге салық есептеу, халықты салық сомасы туралы түбіртек, хат, электронды пошта, өзге де ақпарат көздері арқылы құлағдар ету, төленген салықты есепке алу және басқа істерге салық органдарының көп уақыты шығындалады. Ол үшін қызметкерлер ұстап, жалақы төлеуге тура келеді. Қазақстанда көпқабатты үйде пәтері бар жеке тұлғалардың жалпы санының 95,6%-ының баспанасы 10 млн теңгеден арзан бағаланатыны белгілі болды. Тек 4,4%-ы қымбат пәтерге ие көрінеді. Бұған қоса, заң жобасында салық төлеушілерге қолайлы болуы үшін көлік салығын төлеу мерзімін биылғы 31 желтоқсаннан 2021 жылдың 1 сәуіріне көшіру ұсынылады. Түзетулер қабылданса, салық есебін бірреттік құпиясөзді (пароль) пайдалану арқылы ұсыну мүмкін болады. Қазақстан экономикасына инвестиция құюды ынталандыру үшін «инвестициялық салық кредиті» енгізіледі. Ол бизнес­мен­дерге корпоративті табыс салығынан және мүлік салығынан шегерім түрінде 3 жылға берілмек. Салықтық кредит пайызсыз бо­лады. Алайда егер инвестор оны алу шарттарын орындамаса, өсімпұл есептеледі. Байланыстың жаңа түрі – 5G-ге инвестиция тарту мақ­са­тында радиожиіліктік спек­­трді пайдалану төлемі­нің став­­касын 5 жылға 10 есеге тө­мендету көз­деліп отыр.  

Айхан ШӘРІП