Алайда ел айтатын маңызды сынның астарында күрмеуі қиын мәселе қалып қоятын сияқты. Бұған биыл тестілеудің аужайын бақылағанда көзіміз жетті. Қазіргі жас ертең кім болатынын нақты білмейді. Немесе оқушыға жол сілтейтін бағдаршамның халі «мүшкіл».
Бұл турасында дәлеліміз де бар. 21 маусым күні ұлттық бірыңғай тест тапсырған бірнеше түлектен «әлі кім болатынымды шешкенім жоқ» деген жауап алдық. Жалпы, жүрген жерде «руың кім?», «өскенде кім боласың?» еген сұрақтың жиі қойылатынын білеміз. Қазіргі оқушы сол сауалдан жауыр болды ма, әлде, расымен болашаққа жоспары жоқ па, беймәлім. Бірақ төмендегі түлектің айтқаны көпшілікті ойландыратыны сөзсіз.
«Кім болғың келеді?» дедіңіз бе? Қиын сұрақ. Бастапқыда саясаткер болғым келді. Бірақ қалауым орындалмайтын сыңайлы. Жақсы адам болу маңызды емес пе? Мәселен, өзім жақсы адам боламын», – дейді 62 мектеп-лицейдің түлегі Арслан Дүйсенов.
Ойындағысын бүкпесіз айтып берген кейіпкеріміздің таңдау пәні – математика мен физика. Ол аталған пәндерді қоғамда сұраныс бар болғандықтан таңдағанын жасырмады. Арслан қос пәнді қорғаныс белбеуіне теңеді. Оның не инженер, не физик атануға құлқы жоқ. Егер бизнесте тауы шағылып, басқа салада жолы болмай жатса, физика-математикаға қайта оралмақ. Бірақ бизнес саласына баратыны да нақты емес. Тек университеттердің бірінде физика-математика бағыты бойынша білім алары хақ. Өзі сүймеген мамандықты меңгерген студенттен қандай маман шығарын топшылап көріңіз.
Қош, мамандық таңдау процесіне кім жауапты? Ата-ана-мектеп-мұғалім үштігін жиі еске аламыз. Сонда қай тараптан қателік кетті? Өзара ықпалдастық теориясын негізге алып, мәселені зерттеп көрелік.
Жоғарыдағы сұрақ төңірегінде бірнеше кейіпкерден жауап алдық. Бірі ата-ананы, бірі мектепті, ендігісі оқулықты сын садағына ілді.
«Негізі, ата-ана тікелей әсер етеді. Өз баласының қызығушылығын байқай алады. Соған сәйкес дұрыс бағыт-бағдар беру керек деп ойлаймын. Мысалы, маған анам «Өзің шеш» деп таңдауды өзіме қалдырған. Сонда биология пәнін таңдаппын. Оның үстіне, дәрігер болғым келмейді. Не үшін биология пәнін таңдағаныма әлі күнге таңырқаймын. Сондықтан өзің шешке салмай, ашық сөйлесіп, ақылдасып, бағыт берген жөн дегім келеді», – дейді Гүлбағира Қалжанова.
Жөн-ақ. Мұндайда балаға ата-ана сөзі мен демеуі қажет. Ал ақыл-кеңес бергісі келсе де, не дерін білмейтін ата-аналар барын білесіз бе? Елде әлі күнге «мұғалім не дәрігер болсаң, өлмейсің» деген стереотип бар. Кейбірі стандарттау, сертификаттау, IT саласы туралы мүлдем хабарсыз. Осындайда мектепте ата-анамен байланыс дұрыс жүрмейтінін байқаймыз. Бұл сөзімізді ұстаз Зәуре Бексұлтанқызы да мақұлдады.
«Ауыл мұғалімі болғандықтан, бұл мәселе турасында елді мекен деңгейін бағамдап, жауап берейін. Өйткені атап көрсететін істі өте жоғары деңгейде атқаратын қала мектептерін білемін. Меніңше, мектептегі психолог, тәрбие ісі жөніндегі орынбасар мен сынып жетекшісі бір мақсатта жұмыс істеуі керек. Әсіресе, психолог күнделікті жұмыс жүргізсе дейміз. Байқағаным, оқушы ұрлық жасаса немесе төбелесе қалса ғана психологтың кабинетіне барады. Тренинг пен басқа да іс-шараны жиі өткізбейді. Олар 10-11-сынып оқушыларымен кәсіби әңгіме мен кәсіби кездесу ұйымдастырмайды. Әдеп сабағын тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар бекітетіні тағы бар. Сынып жетекшісімен екеуара келісіп, ата-анаға әр мамандықтың артықшылығын түсіндіріп, сан сала барын айтса, қандай жақсы. Өйткені ата-анаға мамандық туралы кәсіби көзқарас қалыптастырып, ақпарат беретін бірден-бір мекеме – мектеп», – дейді А.Розыбакиев атындағы орта мектептің мұғалімі.
Мақалаға арқау болып отырған мәселе – мамандық таңдау. Осындайда мектеп оқушысы 9-сыныптан кейін жаратылыстану, яки гуманитарлық пәндерді таңдайтыны еске түседі. Сонда қандай мамандық иесі боларын білмейтін оқушы қалай бағыт таңдаған? Әрине, қоғамда қай саланың керек екенін, табысын топшылары анық. Икем мен құлық, бейім тасада қалады. Бұған не себеп?
«Бұрын «Әліппені» аша қалсаңыз, Ғ әрпінің тұсында ғарышкер, К әрпінің қасында космонавт деп тұратын. «Ана тілі» мен «Әліппенің» ішіндегі мамандық таңдауға бағыт беретін әңгімелер қандай-ды. Қазір балалар мектеп бітіріп, аттестатын алғанда «мен кім боламын?» деп шығады. Оған дейін бұл сұраққа бас қатырмайды. Мұны жүйеден кеткен қателік деп білемін. Мектепте 5-6-7-сыныпта оқушыларды белгілі бір мамандыққа икемдеп, көңіл сарайын ашу керек. Мектепте өзін-өзі тану пәні, сынып сағаты деген бар. Ол жерде не оқытатынын білмедім. Бірақ сол сағаттар арқылы балаларды болашақ мамандыққа дайындауымыз керек. Ол болашақта инженер, агроном немесе IT саласы маманы болатынын мектеп қабырғасынан айқындауы қажет», – дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің баспасөз хатшысы Бердібек Хабай.
Иә, мектепте «Өзін-өзі тану» дейтін ерекше пән бар. Ішін ашып қалсаңыз, көзіңіз тұнып түседі. Бас алғыңыз келмейді. Бірақ соның ішіндегі қаймағын қалқып, мәнін ұғындыра алатын мұғалім болса дейсің кейде. Өйткені біраз білім ордасында аталған пәнді 7-8 сабаққа қойып, «беделіне» нұқсан келтіретінін білеміз. Сабақ айтып, есеп шығарған бала 7-сабақта кім боларына жауап таба ала ма? Жауап беруге құлқы болмай, үйдегі ыстық шайды ойлап отырары анық. Бірақ бұл пәнді бастауыштан оқып, нәріне қаныққан жас буында нәтиже бар екен.
«Өзін-өзі тану» пәні бастауыш сыныптарда біршама жақсы деңгейде жүреді. Бірде аудандық семинарға қатыстым. 4-сынып оқушылары «Кім боламын?» тақырыбында ашық сабақ өтті. Сонда баян аспабының суретін көрсеткен бір бала өнер жолын таңдайтынын айтты. Апайы «неге?» деп сұрағанында үй-іші өнерге жақын екенін атады. Екіншісі ақшаның суретін көрсетіп бизнесмен болатынын, болашақта еш қиындық көрмейтінін айтқанда таңғалдым. Қазір балабақша да 4K моделімен оқиды. Бұл – сыни ойлауға, топпен жұмыс істеуге үйретеді. Болашағын суреттеу арқылы өмірге бейімделеді. Көпшілігі жаңартылған білім мазмұнына сын айтады. Бірақ сол бағдарламаның арқасында небәрі 9 жастағы бала ертеңін елестетіп, жоспар құра алады» , – дейді Зәуре Бексұлтанқызы.
Иә, мұғалім нұсқап тұрған 9 жастағы балалар жаңа оқу жылында 5-сыныпқа барады. Олар 2016 жылы жаңартылған білім беру мазмұны қолданысқа енгізілгеннен бастап жаңа бағдарламамен білім алды. Демек, Президент пен Білім министрі мәлімдегендей, сыни ойлай білген жеткіншектің келешегі кемел.
Осы тұста ұстаз ата-ананың да ықпалы барын атады. Шәкіртінің басынан кешкен оқиғасын да баяндап берді. Бастауышта логикалық ойлау қабілеті жоғары болған оқушыға ұстаздары үлкен сеніммен қараған екен. 5- сыныпқа көшкенде ата-анасы оны көрші ауылдағы мектепке ауыстырған. Кейін бұрынғы мектепке қайта әкелген. Сөйтіп жүргенде оқушы психологиясы мен оқу үлгерімі нашарлаған. Кейіннен ата-анасы ҰБТ-дан қорқып, ұлын 9-сыныптан кейін колледжге түсіріпті. Сондықтан ұстаз мамандық таңдау мәселесінде әлеуметтік-тұрмыстық кедергі де әсер ететінін алға тартты.
Жоғарыдағы пікірлерді қорыта келе, мамандық таңдауды 100% көрсеткіш десек, 70%-ы мектептің еншісінде екен. Қалғаны – ата-ана мен оқушының құзырында. Болашақта оқушы таңдауына өкінбес үшін үштіктің жұмыла жұмыс істеуі қажет. Әрі оқулық жайындағы пікірді де назарға алған жөн.
Алдыңғы буыннан «кезінде мынадай мамандық таңдасам, қазір осындай жетістікке жетер ем, әттең» дегенді жиі естиміз. «Маған бағыт беретін бірі болмады, сендерде мүмкіндік көп» дейтін аргумент тағы бар. Алайда оқушылар мінген біраз кеменің жолбасшысы мүмкіндіктің бірін көрсетуге әлсіз екенін кім білсін.