Арыс: жыл өткен соң...
Арыс: жыл өткен соң...
406
оқылды
Бейбіт күнде қарша бораған снарядтан жұрт жаппай дүрлігіп, үдере қашқан-ды. Осынау сұмдық оқиға елдің есінен әлі кете қойған жоқ.  

Жұдырықтай жұмылды

2019 жылдың 24 маусымы Арыс қаласы тұрғындары үшін тарихта қара әріппен жазылып қалары анық. Сол күні таң бозарып атып келе жатқанда шырт ұйқыда жатқан арыстықтарды жойқын дүмпу оятқан. №44859 әскери бөліміндегі оқ-дәрі қоймасы жарылып, қаланың 45 мыңнан астам тұрғынын дүрлік­тіріп жіберді. Бейбіт күндегі бұл жарылыс кәдімгі соғыс кезін еске түсірген. Қауіпсіз аймаққа қарай шұбырған жұрттың көбісі қаладан 100 шақырым қашықтықтағы бұрынғы облыс орталығы Шымкент қаласын паналаған. Өз көліктерімен жеткен біразы ағайын-туысының үйін жағалады. Ал тұрғындардың  басым бөлігі жергілікті  билік бөлген көлікпен Шымкенттегі орталық мешіт пен мектептерге орналастырылды. 2-3 күн бойында баласынан, кәрі ата-анасынан көз жазып қалған талай адам іздеу шараларының арқасында бір-бірі­мен қауышып жатты. Бұл ретте еріктілердің еңбегі зор. Сонымен бірге билік төтенше жағдай жария­лап, Арыс халқына қолдан келген көмегін аямады. Биліктен бұрын дәл осы кездері бойларын үрей билеген Арыс халқына республиканың барлық дерлік азаматы қол ұшын созды десек, қателеспейтін шығармыз. Еліміздің түкпір-түкпірінен гу­манитарлық көмек келіп жат­ты.  Меценаттар тарапынан да қажетті азық-түлік тауарлары, киім-кешектен бөлек қаржылай көмек те жеткізілді. Жалпы, Арыс оқиғасы елдің есінен шыға қоймасы анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шошынған халыққа басу айтты, ал облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев сол бір аласапыран күндері арыстықтардың жанында болып, «қала толық қалпына келгенше осында, Сіздермен боламын» деп уәде етті. Штаб құрылып, қала 17 секторға бөлінді де, әрбір секторға еліміздің әр облысы жауапты болды. Демек, өздеріне бекітілген секторды толық қалпына келтіру шаралары сол облыстың құзырына кірді. Мемлекет тарапынан әрбір арыс­тық тұрғынға 100 мың теңгеден өтем­ақы берілді.  

480 үй қайта салынды

Жақында Арыс оқиғасына 1 жыл толуына орай өткен брифингте қала әкімі Мұрат Қадырбек тұрғындардың басым бөлігінің үйлері жаңарып, біразының баспанасы қайта жөн­деуден өткенін мәлімдеді. Алайда әлі де атқарылар жұмыс көп екенін атап өтті.  Былтырғы техногендік сипаттағы төтенше жағдайдан 7 635 үй зардап шеккен.  Оның 103-і көпқабатты ғимарат. Мүлдем жарамсыз болып табылған 477 жеке үй мен 3 көпқабатты үй толық жөндеуден өткен. «Арыстың қайта қалпына келуіне бүкіл ел атсалысты. Қазақстанның 16 облысы мен Нұр-Сұлтан қаласынан келген 190 құрылыс компаниясы, 6 мыңға жуық құрылысшы, 207 техника жұмыс істеді. 63 көшенің жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Қазір қаламыз жаңарды», – деді Арыс қаласының әкімі. Арыс – тоғыз жолдың торабында орналасқан қала. Темір жолдан үздіксіз пойыз өтіп тұрады.  Астаң-кестеңі шыққан темір жол вокзалдарын «Самұрық-Қазына»  әл-ауқат қоры» жөндеп берді. Бұдан бөлек, әлеуметтік нысан болып табылатын 16 мектеп пен 27 балабақша да ел игілігіне ұсынылған. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен 404 кәсіпкерлік нысан жөнделген. Айта берсек, атқарылған шаруа көп. Дегенмен арагідік кемшіліктердің болғанын қала әкімі де мойындап отыр. «Құрылыс жұмыстары қысқа мерзімде жүргізілгендіктен, уақыт өте келе кейбір кемшіліктердің болатыны заңдылық. Алайда мерді­гер компаниялармен келіссөздер жүргізілген. Олар сапасыз құрылыс жұмыстарын реттеп беруді өз мойындарына алып отыр», – дейді Мұрат Қадырбек.  

Қойманы толық тазартуға 5 жыл керек

Иә, Арыста біз ойлағандай мәселе толық шешіліп қоймапты. Елде әлі үрей бар. «Ауылда жастар үйленіп салют атса, жұрт үдеріп, далаға шығады, яғни қорқынышы әлі сейілмеген», –  дейді қала тұр­ғыны А.Қошқаров. Қалай сейілсін, Арыста әлі апта сайын жоспарлы жарылыстар болып тұрады. Одан бөлек, брифингте  Қазақстан Қарулы Күштері Тыл және қару-жарақ басқармасының бастығы Асылбек Сатыбалдинов қару-жарақ болған аймақты реттеу үшін әлі 5 жыл керек екенін ескертіп отыр. Жалпы, жарылыс болған аумақ 5 000 гектардан асса, 4 500-ден аса оқ дәрі залалсыздандырылған. Қазіргі таңда Арыста 12 500 оқ дәрі болса, олар еліміздегі 2 қойма­ға көшірілмек.  Әскерилер оқ дәрі­лердің бақылауда екенін айтады. «Біз ол оқ-дәрілерді тез шығаруға емес, жұмыстың сапасына аса көңіл бөліп отырмыз. Бұл оңай емес. Әлі 3-5 жылдай уақыт керек», – деді Асылбек Ермекұлы. Жалпы, осы уақытқа дейін 380 мыңға жуық оқ-дәрі қалдығы шығарылса, оның 300 мыңға жуығының жарылыс қаупі болған.  

8 жан туысын паналап отыр

Сонымен қатар мемлекет тара­пынан әр тұрғынға бөлінген 100 мың теңге өтемақыны алмаған жандар да кездеседі. Бәрінен бұ­рын шатыры ұшып, үйінің төрт қабырғасы сөгіліп тұрған Құрманәлі Ханазаровтың билікке өкпесі қара қазандай. I топтағы мүгедек әкесі бар отағасы 8 жан болып Шымкенттегі туыстарының үйін паналап жүр екен. Бір жылдан бері өз шаңырағына орала алмай отыр. «Міне, кеше үйімізден үдере қашқанымызға 1 жыл толды. Снаряд далада әкем жатқан тапшанның жанына түскен. Үйдің есігі ішке қарай құлаған. Үйіміздің шатыры сол күйі ашық тұр. Комиссия біздің үйді күрделі жөнделетіндердің қатарына қосты. Алайда бізге бекітілген 14-сектор, яғни Алматы облысының құрылыс мамандары шатырдың қалдығын алсақ үйдің құлайтынын, олар сол құлаған жерді ғана реттеп беретінін айтты. Біз оған көнбедік. Себебі үйіміз толық жарамсыз. Сонымен, біздің үй жөнделмеді де, салынған да жоқ. Әкімдікке де, Президент аппаратына, бас прокуратураға да арыз жаздық. Арыздарымыз айналып өзіміздің аудандық прокуратураға келді. Аудан әлі шешіп бере алмай отыр. Әкімдіктегілер ұстатпай жүр», – дейді арызданушы бізбен әңгімесінде. Ал Арыс қаласында дәл осын­дай комиссияның шешіміне ке­ліспеген 14 үй бар екен. Бұдан бөлек 100 шақты үй сотқа арыз беріпті. Үйлерінің бұзылуын  талап етіп отырғанын айтқан Shyndyg.kz ақпарат агенттігінің редакторы Әйгерім Айтаханова Арыста әлі шешілмеген мәселе көп дейді. Жылыжай өсіріп отырған диқандарға келген залал да өтелмепті.   P.S. Айта кетейік, жалпы жа­рылыс салдарынан төрт адам қаза тапқан. Оның екеуі әскери қызметкер, бір жергілікті тұрғын мен бір бала бар. Жарылысқа жол берген лауа­зымды тұлғаларға тиісті шаралар қолданылса, 15 азаматқа жасалған қылмыстық іс әлі жалғасып жатыр. Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, Арыстағы жарылыстан мемлекетке шамамен 20 миллиард теңге көлемінде шығын келген.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы