Қауесетке сену әлі басым
Соңғы апталарда тұрғындардың дәрі-дәрмектерді аса қажет болмаса да сатып алып жатқаны дүрбелең туғызуда. «Семейное» дәріханалар желісінің директоры Руслан Сәрсеновтің айтуынша, тұрғындар белгілі бір дәрілерді қабылдау инфекция жұқтырудың алдын алады немесе ауру салдарын азайтады деген жалған ақпараттарға сеніп жүр. – Мұндай дүрбелең шамамен бір апта бұрын басталды. Бұрын күніне 50 дана парацетамол сатылса, қазір саны 1 000 данаға дейін жетеді. Көп адамдар туыстары мен достарының немесе WhatsApp желісіндегі жалған хабарламалардың әсерінен дәрі-дәрмектерді ауырғанда емес, алдын ала сатып алады. Бүгінде «қауіпті дерттің бетін қайтару үшін парацетамол көмектеседі» деген жалған ақпарат тарап кетті. Карантин кезінде зімбірді көптеп сатып алғандай, оны да сатып ала бастады. Ал адамда диарея немесе ангина болуы мүмкін. Біз дәрі-дәрмек сатып алуға тыйым сала алмаймыз, өйткені біраз адам ауылды жерлерден келіп, сатып алып жатады. Қазіргі уақытта дене қызуын түсіретін дәрілерге бұрынғыдан да көп мөлшерде тапсырыс беруге тырысып жатырмыз. Бір аптадан кейін дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі шешіледі деп ойлаймын, – деді Руслан Сәрсенов.Жекеменшік клиникалар үшін сын сағаты соғылды
Ақиқаты сол, халық төтенше жағдай алынып, карантин талаптары жеңілдей бастаған сәттен-ақ жаландап тұрған індетке өздері жабысқандай. Әйтпесе, Талдықорған, Шымкентте енді Атырауда жұқпалы ауруханалар салу туралы мәселе сөз болмас та еді. Ал әзірге Атырауда қосымша 50 орындық провизорлық стационар ашылады. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаевтың төрағалығымен медициналық мекемелер басшыларымен өткен жиында мәлім болды. «Ерекше атап өтерлігі, КВИ клиникалық белгілері бола тұра тест нәтижесі теріс көрсетіп жатқан науқастар көбейіп отыр. Бұдан бөлек, ИВЛ аппараттарын алу мәселесі, қосымша зертхана ашу мәселелері де өткір тұр. Бірінші кезекте облыстық аурухана жанынан 50 орындық провизорлық стационар ашылатын болады. Онда КВИ-ге алынған тест нәтижесі теріс көрсеткендер бақыланады. Жетіспей жатқан ИВЛ аппараттары демеушілер көмегімен жуырда алынады. Сонымен бірге ТШО мен «Каспиан медикал» клиникасымен келісе отырып, КВИ-ге сынама алу үшін қосымша зертхана жұмысы жасақталғанын атап өткеніміз жөн. Ең басты мәселе, Атырауда дәрігер мамандары тапшы болып отыр. Кадрлар, соның ішінде реаниматолог мамандар, ИВЛ аппаратын қоятын мамандар жоқ. Осыған орай, жекеменшік ауруханалардан көмек сұралып жатыр», – деді әкімнің орынбасары Бақытгүл Хаменова. Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев жекеменшік емханаларды тартыншақтай бермеуге шақырды. Ол «қазір аймақтағы ахуалды көріп отырсыздар. Бізге көмектесіп, халыққа жанашырлық танытатын уақыт келді. Сондықтан бірге жұмыс істеуге шақырамын. Бұл сіздердің де азаматтық борыштарыңыз», – деді. Сайып келгенде жұқпалы аурудың барына сенбей, даңғаза тойды сағынғандар мен сақтық шараларын сақтамай садақа өткізіп, демалысын көңілді өткізгендер облыс халқының өміріне қауіп төндірді. Жан-жағындағы туыстары көз жұмған соң ғана көздері жеткендер енді шыбын жандары үшін шарқ ұрып, дәрігердің көмегіне жүгінуде. Қыдырған жақсы, бірақ жанның одан да тәтті екенін жұртшылық енді ұққандай. Осы аптадан бастап коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін қосымша шектеу шараларын енгізу туралы жаңа қаулы шықты. Әзірге 27-28 маусымда демалыс күндеріне ғана күшейту енгізілуде.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы