Алматылық тұрғындар жерлеу рәсімін әдеттегіден кеш өткізіп жатыр. Өйткені, коронавирусқа тапсырған тесттің нәтижесі болмай мәйітті жерлей алмайды. Ал, тест нәтижесі бір емес, бірнеше күннен кейін бір-ақ дайын болады, тіпті аптаға созылуы мүмкін. Осылайша, марқұмдардың еті сүйегінен қабірде емес, үйінде ажырап жатыр, деп хабарлады «Еуразия» телеарнасы.
Алматылық Екатерина Холюченконың 80 жастағы әжесі қайтыс болған. Эпидемиологтар сол күні-ақ марқұмнан анализ алып кеткен екен. Алайда, арада бірер күн өтсе де, оның нәтижесі жоқ.
«Бүгін мәйіттің үйде жатқанына бір тәуліктен асты. Біз оны жерлей алмаймыз, анализдері әлі дайын емес дейді. Анализ нәтижесі болмай, әжемізді жерлей алмаймыз, тіпті денесін мәйітханалар да қабылдамайды. Не істерімізді білмей абдырап отырмыз», - дейді ол.
Мұрат Құсайынов есімді тұрғын да осы пррблемамен бетпе-бет келген.
«Үш күн бұрын келініміз қайтыс болды. Сол уақыттан бері денесі үйде жатыр, еті сүйегінен ажырай бастаған. Не істерімізді білмей қалдық... Мәйітхана қабылдамайды. Анализ әлі тапсыра алмай жатырмыз, Жібек жолындағы зертхана карантинге жабылып қалған», - деп жанайқайын жеткізді ол.
Мәйіттерді жерлеумен айналысатын компаниялар да «қолымыз байланып отыр» дегенді айтады. Олар көмектесуден қашпаймыз дейді, тек заң бұзуға тағы болмайды.
«COVID-19-ға тест нәтижесі болмай, біз мәйітті не бальзамдай алмаймыз, не жуындыра алмаймыз, не табытқа сала алмаймыз, қысқасын айтқанда қолымыз байлаулы. СЭС үшінші күннен бері анализдерді қабылдамай жатыр. Хабарлассақ, жұмыс істеп жатырмыз дейді, бірақ өтірік, тапсырылған анализдің бәрі зертханада емес, тоңазытқышта жатыр», - деді жерлеу рәсімімен айналысатын компания өкілі Қуаныш Мұқышев.
25 маусым күні қаланың Бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бұл проблеманы шешкендей болды. Ол ауруханада қайтыс болмаған науқастарды коронавирусқа тексермей-ақ жерлей беруге рұқсат беретін қаулыға қол қойды. Ал, жоғарыда аталған тұрғындар туыстарын кеше кешке жерлеуге мүмкіндік алған.