Алматы облысында Қытай азаматтарына ықтияр хат әперемін деп пара алған мемлекеттік қызметшіге айыппұл салынып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бигайдаров айтты.
«Алматы облысындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет А. Тоқтамұратұлына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Ол Қытай Халық Республикасының төрт азаматына (Б. Дәулет, Г. Түсіпәлі, Б. Бақдәулет және А. Бақдәулетке) Қазақстанда тұруға ықтияр хат беру үшін шенеуніктерге жеткізу сылтауымен 80 мың теңге қаражат алған», - деді Д. Бигайдаров Facebook парақшасында өткен онлайн брифингте.
2020 жылдың 11 маусымында Алматы облысы Ескелді аудандық сотының үкімімен А. Тоқтамұратұлы 300 АЕК көлемінде 800 мың теңге айыппұл төлейтін болды және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.