Мойынға біткен мұрын
Мойынға біткен мұрын
308
оқылды
Бұл короновирус көкеміз емес, бұл көроновирус жәкеміз емес, қолтықтасып жүретін құда­мыз да емес, бұл деген нағыз ін­дет! Бірақ осыны қазекемнің тең жартысы түсінбейді, түсінгісі келмейді, саясат деп ойлайды, қанша карантин болса да, құда шақырып, келін түсіріп, бұрын­ғыдай тойлайды... Бет перде тақ­қандарының өзі қазақша. Оны тағады, бірақ мұрындары ашық. Оны тағады, бірақ мой­нына жабыстыра салған. Мой­нындарында мұрын бар сияқты. Сол мойындағы «мұрынын­да­рынан» жұғып кетпесе болғаны! – Короновирус бар ма өзі? – деп сұрайды танысынан та­лып қала жаздап. – Жоқ қой! – дейді танысы от болып маздап. – Менің тамағым қышы­майды! – Менің қолтығым ысы­майды! – Мен жөтелмеймін! – Мен ауыр нәрсе көтер­меймін! – Бәрі өтірік! Осылай деседі ауыздары кө­піріп. Ойпырмай, қазекемдер ештеңеге қызық-пайды, каран­тин кезінің өзінде туған күн той­лап, құда шақырып, қызықтайды. Пандемия кезінде көлігімен по­лицейлерді қағып кеткен кім­дер? Қазекемдер? Қазекемдер! Пан­демия кезінде бір-бірімен құ­шақ­тасып көрісіп, қол беріп аман­дасып, бет сүйісетін кімдер? Қа­зекемдер. Сонда деймін-ау, ба­с­тарына түскенше, өз денсау­лық­тарын қойшы, бала-шаға­ла­ры­ның денсаулықтарын ойлама­ған­дары ма? Ойлайды, ойлап тұрып, сақтанбауларын қоймай­ды. «Құ­дай сақтасын!» деген ұран­дары бар. Құдай «сақтансаң, сақ­тай­мын!» деген емес пе? Со­сын бар ғой, бұл қазекем ойдан шыға­рыл­ған тегін ақыл айтудың шебері. – Короновирус жұқтыр­мау­дың амалы көп екен! – Қалай? – деп сұрайды анау. – Өлген соң мүлде жұқпайды екен. – Қойшы, сен де. Айтшы деймін? – Әшейін айтамын, негізі, мұрынға қойдың құмалағын тығып қойып жүрсе, вирус мүлде жұқпайды дейді! – Қойшы? – Ия, менің бастығым қой­дық құмалағын тауып кел деген соң, ауылға барып, бір дорба құмалақ алып келдім. – Оның бәрін қайтеді? – Бір уыстан бәрімізге тара­тып берді. Кейін айлықтан мың теңгеден ұстап қалады. – Саған бере ме ақшасын? – Жоға. Өзі. – Жаман екен ашқарақ көзі. – Сосын ауырған адамдар бар ғой, арқасына айран жақса, жазылып кетеді екен. – Қойшы? – Бетіне бес бит жабыстырып қойса да жазылады деп айтып жүр жұрт. – Битті қайдан табамын? – Аптекте бар шығар? – Қой е, өтірікті өлтіріп ай­тады екенсің! – Біз де адамбыз ғой, сәл-пәл қосайық та? Міне, ағайын, сәл-пәл қос­пай-ақ, тыныш жү­ріңіздерші, аман-есен болыңыздаршы! Құ­дай үшін! Мәселен, Елордадағы инфекция орталығы басшы­сының орынбасары, денсаулық сақтау басқарма­сының бас инфекционисі Сәуле Атығаева меди­циналық орталықтағы жа­ғадан алған жағдайды «жырлап», көз жасына ерік берді. Дәрігер отыз жыл­­ға жуық қызметінде «мұндай сұмдықты» көр­ме­генін айтып берген. Оның сөзінше, өзі және әріп­тестері бес айға жуық уақыт үйіне бармаған. Не деген азап! Дәрігер, дәрігерлер ған біздер үшін әбі­гер! Стационарға келушілер 50 пайыздан кем болған кезі тіркелмепті. Бірақ, соңғы уақытта жағ­дайлары ауыр пациенттердің саны күн сайын кө­бей­ген. Ал, «штаттан тыс» өсек­шілер, неге сен­бей­сіңдер? Жансақтау бөлімі толуға жақын болыпты, көптеген пациентке ауа жетпей жатыр. Барлығының «дурак» диагнозы: «пневмония». «Мен 28 жыл жұмыс істе­дім, мұн­дай сұмдық көр­медім. Адам­дар көп өліп жатыр. Мұның бар­лығы ешкім ештеңе ойламаған соң болып отыр. Көшеге шы­ға­ды, қо­нақ­қа барады, бір-біріне жұқтырады. Бұл өте ауыр», – дей­­ді ол. Тағы да: «Құдай сақ­та­сын!» дейміз бе? Әлде, бет пер­дені мойындағы «мұрында­ры­ңызға тағып жүре бересіздер ме?  

Мұхтар ШЕРІМ