ДДСҰ Еуропа аймағы бюросының директоры Ганс Клюгенің пікірінше, егер 11 мемлекетте ешқандай алдын алу шаралары қабылданбаса, денсаулық сақтау саласы қайтадан тығырыққа тірелуі мүмкін.
Ол Польша, Германия, Израиль, Испания мемлекеттері пандемияға қарсы дер кезінде жұмыс істеп, үлкен қауіптің бетін қайтарғанын атап өтіп, «Браво!» деп алғыс білдірді.
ДДСҰ-ның Еуропа аймағына Еуропаның 54 елі және Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның жеті мемлекеті кіреді. Бұған дейін Солтүстік және Оңтүстік Америкада эпидемиологиялық ахуал ушығып жатқан кезде Еуропада жыл басымен салыстырғанда науқастардың азаюы байқалған еді. Соңғы мәлімет бойынша, Еуропа аймағында 2,6 млн адамға вирус жұққан, 195 мың адам көз жұмған. Бұл бүкіл әлемдегі науқастар санының төрттен бірін құрайды, яғни кісі өлімінің 40 пайызына пара-пар.
Мамандардың мәліметіне сүйенсек, Еуропа аймағында күн сайын 20 мыңға жуық жаңа науқас анықталып жатыр. Күніне 700 адам өлімі тіркеледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирус жылдам тарап жатқан елдер санатына Қазақстанды да енгізген. Ресми мәліметке сәйкес, елімізде 33 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған, 147 адам көз жұмған. 12 мыңнан астамы жазылған.
Вирус жылдам тарап жатқан мемлекеттер қатарына Қазақстаннан бөлек Армения, Швеция, Молдова, Солтүстік Македония, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Албания, Босния – Герцеговина, Украина, Косова бар.