«Бұл – бір айдың ғана көрсеткіші. Оның ішінде 52 іс бойынша процесті жалғастырып, әйелдерге түрлі кеңес беріп жатырмыз. Күннен-күнге шағымданушылар көбейіп жатыр, оның бәріне қалай үлгереміз? Олар неге полицияға бармай, қоғамдық қорларды іздейді? Жақында ғана Ішкі істер министрі зардап шеккен 10 әйелдің екеуі ғана полицияға арызданатынын айтты. Мен айтайын, қалған 8 әйел бізге – қоғам белсенділеріне барады. Демек, біздің заңымызды жетілдіру керек. Біздің полиция зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауда шарасыз», – дейді.
Оның пікірінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық болғанда, полиция қызметі агрессорды жедел тұтқындауы қажет. Әйел бала-шағасымен Дағдарыс орталығын жағалап жүрмеуі керек. Әйелдер құқықтық көмекпен қамтамасыз етілуі қажет. Себебі «Не молчиге» хабарласқан әйелдер бірінші кезекте құқықтық көмек сұрайды екен. Құқықтық сауаттың жоқтығынан халық өзін сотта қорғай алмайды.
ІІМ дерегі бойынша, 2020 жылдың 4 айында 46 901 адам полицияға жүгінген. Ал сотқа 8 мың іс қана жеткен. Оның 4 мыңы ымыраға келген. Яғни, зорлықшылардың 10 пайызы ғана жауапқа тартылған. Әйелдер арызын қайтарып алуға мәжбүр. Агрессор 3 сағаттық профилактикалық әңгімеден соң үйіне қайтарылады және әйелдің өміріне тағы қауіп төнеді. Дина Таңсәрі Дағдарыс орталықтарына көмек сұрап келген әйелдер қатаң тәртіпке, казармалық өмірге тап болады дейді. Көп әйел Дағдарыс орталығын әйелдер колониясы немесе режимдік нысан деп атайды екен. Бірақ олардың басқа баратын жері жоқ, өйткені заң агрессорды қуып шығуға мүмкіндік бермейді. Салдарынан жәбір көрсетуші ортақ баспанада қалып, әйелдер мен балалар жасырынып жүруге мәжбүр.
«Қазір әйеліне жәбір көрсетуші полиция бөліміне барады да, профилактикалық жұмыс жүргізілді деген бір жапырақ қағазға қол қояды. Мұның барлығы – шартты нәрселер. Ешкім онымен түсіндіру жұмысын жүргізбейді. Мұндай құжатты америкалықтар бұзбауға тырысады, өйткені бұзса, 5 жылға дейін абақтыға қамалатынын біледі. Ал біздегі жәбір көрсетушілер үшін бұл – жай ғана қағаз. Соңғы 4 айда полиция 30 мыңнан астам қорғаныс бұйрығын бердік дейді. Бұл кімді тоқтатады? Сол үшін зорлықпен күрес және құрбандарға көмек жұмыстарын қадағалайтын үйлестіру орталығы керек», – дейді Дина Таңсәрі.
Ал өз кезегінде сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Нұркинаның айтуынша, Парламентте депутаттар корпусы ұсынған Отбасылық-тұрмыстық зорлыққа қарсы іс-қимыл заң жобасы талқыланып жатыр. Талқылау барысында оның атауы «Тұрмыстық қарым-қатынастағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл» деп өзгертіліпті.
«Талқылау өте белсенді жүріп жатыр, оған осы саладағы ең белсенді қоғамдық бірлестік өкілдері шақырылған. Депутаттар зорлық-зомбылық фактісі болып, адам өміріне қауіп төнген жағдайда отбасылық агрессор мен жәбірленушінің 10 күнге дейін бір баспанада тұруына тыйым салу бастамасын қолдады. Сот қарым-қатынасы орнаған жағдайда, құқық бұзушы психокоррекциялық бағдарламадан өтуге міндеттеледі. Қажет болған жағдайда өзге баспанасы бар-жоғына қарамастан, ортақ баспанадан уақытша шығуға да мәжбүр болады», – деді депутат.
А.Нұркина қазіргі уақытта түзетулер мен өзгерістердің алғашқы бөлігі Үкіметке жіберілгенін айтты. Ал осы аптада өзгерістердің тағы бір бөлігі жолданады. Егер депутаттар ұсынған норма түбінде қабылданар болса, онда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдер балаларымен дала кезбейді деп үміттенеміз.
Айдана БЕГІМ