Ерлікке тағзым шерумен өлшенбейді
Ерлікке тағзым шерумен өлшенбейді
Біз жеңістің мерейтойын ерлікке тағзым ретінде бағаладық, бірақ Мәскеуде біраз жұртты жинаған Ресей билігі әскери  шеру өткізу арқылы өздерін фашизмді жеңуге теңдессіз  үлес  қосқан жалғыз мемлекет ретінде көрсеткісі келген тәрізді. Ал біз жаһандық  соғыстағы жеңісте Қазақстанның да үлесі бар екенін сезіндіру үшін бардық тойға. Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың  коронавирус  пандемиясына қарамастан Мәскеудегі Жеңіс шеруіне  қатысуы – жай ғана тойға бару емес. Ең алдымен  фашизммен күрескен  халықтар  ерлігін жеке  иемденіп, тарихты  өз қалаулары бойынша  жазғысы келген Ресейге жеңісте қазақстандықтардың да үлесі бар екенін көрсету  үшін Пре­зидент шараға қатысты. Екіншіден, Мәскеу тарихты қанша бұрмаласа да, әлем жұрты фашизммен күресте кімнің қандай үлес  қосқанын біледі, демек Жеңіс мерейтойына арналған әскери шеруге қазақстандық сарбаздардың да қатысып, тойға Президенттің баруы 75 жыл бұрын аяқталған соғыста қан төккен аға буынға көрсетілген құрмет. Үшіншіден, 7 мың шақырымдық ше­карамыз болғандықтан, бірқатар халық­аралық ұйым құрып, оларға  бірге мүше  болып отырғандықтан,  саясаткерлері сан түрлі әңгіме айтса да, халқы біраз уақыт тағдырлас  болғанын ескере отырып, шақырған  тойға бардық.  

Ысырапшылдықтың бір түрі

Жалпы, әскери шеру өткізу  арзан дүние емес. Әскери шеру өткізу деге­ніңіз – аста-төк дүние шашып, қалың жұртқа сауын айтып, дүркіретіп өткі­зетін тойдың бір түрі. Өйткені оған дайындық,  әскерлерді  алаңға жеткізу,  қонақтардың қауіпсіздігі, теле және онлайн трансляциялар, қысқасы әр қимылдың артында  қаражат тұрады. Осы жолы Мәскеуде өткен әскери шерудің шығыны 1 млрд  рубль шамасында болған. Бірақ оған техникаларды тасымалдау, олардың отыны, сарбаздардың жатын орны мен азық-түлігі тәрізді бірқатар шығын енбесе керек. Егер оларды санап шығар  болсақ, Жеңістің 75 жылдығына арналған  шерудің жалпы шығыны 1 млрд рубльден әлдеқайда асып кетеді. Өйткені Мәскеудегі әскери шеруге 14 мыңнан астам әскери қызметші, 216  танк пе бронотранспортер, зымыран кешені, өздігінен жүретін артиллериялық қондырғы тәрізді ұрыс техникалары, 75 ұшақ пен тікұшақ қатысты. Әрине, шалқып отырған ел үшін бұл сома тым көп болмауы мүмкін. Алай­да коронавирус пандемиясын тежеу қиындап, індетке шалдыққандар қарасы азаймай тұрғанда  мұнша қаржыны  шеру үшін жұмсау қисынды бола қоймайды. Шамасы, Ресей билігі коронавирусты ауыздықтаудан бұрын «баяғыда бір жеңіп едік» деп халқының көңілін көтеріп қойған әлдеқайда пайдалы деп тапқанға ұқсайды. Әрі  шерулететін ежелгі  дағдыларынан бас  тарта алмады. Әлде В.Путин өзін  1941 жылдың  қарашасында Мәскеуде әскери шеру өткізіп, сарбаздар мен  халықтың рухын көтеруді мақсат еткен И.Сталинмен тең санады ма, қайдам, әйтеуір шығынға қараған жоқ. Одан бөлек  қандай сәтте де  өздерінің қоғамдағы орнын байқатып қалғысы келетін әскерилердің де ықпалы аз болмағанға ұқсайды. Әйтпесе, мұндай ысырыпқа ешкім ұмтылмас еді.  

«Білектімін» дегісі келеді,  білім маңызды екенін ескермеді-ау

Мәскеудегі әскери  шеруге ұшақтар мен тікұшақтардан бөлек 216  ұрыс техникасы қатысқанын айттық. Оның 20-сы бұрын-соңды жұрт көрмеген, жаңа техника екен. Ресми Мәскеу Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуді пайдаланып, өзінің әскери қуатын  көрсетіп  қалуды мақсат тұтқанға ұқсайды. Естеріңізде болса, 2018 жылы да В.Путин өздерінде теңдессіз зымыран бар екенін айтқаны бар. Гипердыбыстық «Авангард» дейтін зымыран жасағандарын  алға тартқан. Сөйтіп,  ықтимал қар­сыластарына сес көрсетіп алғаны бар. Алайда заманауи ұрысты  қолдағы қарудың мықтылығы ғана емес, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қуатты тыл шешетінін ескермеген тәрізді. Жеңісін тойлаған Екінші дүниежүзілік соғыста да тылдағы өнеркәсіп  пен аянбай еңбек еткен  әйелдердің,  қарттар мен  балалардың, ленд-лиз арқылы көмектескен одақ­тастардың еңбегі орасан зор болған. Бұл қағида  өзгерген жоқ. Сондықтан  дамыған  елдер  әскери шеру өткізіп әуре болмайды. Керісінше, қорғаныс техникаларын ең соңғы құралдармен жабдықтап жатыр. Мәселен, Мәскеудегі әскери шеруде мықты қару ретінде  көрсетілген «Панцирь-С1» зениттік  зымы­ран кешендерінің бірнешеуін Сирия мен Ливияда Түркияның  пилотсыз ұшатын құралдары жойып, тағы біразын ливиялық генерал Хафтардың сарбаздары тастай қашқан еді. Демек, әскери шеру  өткізбей-ақ елдің қорғаныс қабілетін  күшейте беруге болады. Оның үстіне, адамзатқа қауіп төндіретін індет тарап жатқан кезде  қаруын көрсетіп мақтана беру «тентек шоқпар жинайдының» кері ғана. Ал дамыған елдер қазір қорғаныстың тың концепцияларына көше бастаған. Мәселен, АҚШ-тың Boeing X-37 құралының бірнеше мәрте ғарышқа ұшқаны бар. Әскери мақсатта қолданылатын құрал екенін барлық сарапшы айтқанымен, Пентагонның  аталған кеме арқылы не істеп жүрге­нін ешкім білмейді. Демек, олар қауіпсіздіктің жаңа деңгейіне  көтеріліп жатыр деген сөз. Ал Ресей кезінде Кеңес әскерлері қолданған  баллистикалық зымырандардағы гептилді әлі күнге ғарышқа  пайдаланып келеді. Яғни, ел қорғанысының  мықтылығы әскери шерумен  өлшенбесе керек. Presidentter Әрине,  бұл жерде шеруді бұрынғы социалистік лагерьдегі елдерден басқа ешбір мемлекетте өткізбейді деген ұғым болмауы керек. Әрі ол мүлдем керексіз дүние деуге де болмайды. Қазақстан әскерлері де біраз шеру өткізгені бар. Дегенмен солардың қатарында  әскери полигонда атыс ұйымдастыру арқылы да мерекелік шеру өткізгенбіз. Бұл бір жағынан халықтың көңілін көтеруге жақсы, екіншіден кәдімгідей жаттығу.  Ал АҚШ  әскерилері  мүлдем шеру өткізбейді. Тек Д.Трамп президент болған соң  әскери шеру өткізуге  талпынған. Бірақ тым сәтті болмады. Алайда АҚШ әскерінің қуатын қазір жаһан  біледі.  

Өткен күнмен мақтана береміз

Негізі Жеңіс күнін тойлау,  тарихтағы  істермен мақтану  сырт көзге жақсы іс  сияқты көрінетіні рас. Бірақ адамзат баласы тарихтан ешқашан сабақ алған емес, алуы да неғайбіл тәрізді. ХХ ғасырда  айналасы 30 жылдың ішінде екі рет жаһандық соғысқа ұрынғанымыз содан. Екінші дүниежүзілік  соғыстан кейін жер бетінде ұрыссыз өткен бірде-бір күн жоқ. Тек сол соғыс пен қақтығыстардың деңгейі ғана әртүрлі. Корея, Вьетнам, Ауғанстандағы соғыстар социалистік лагерь мен капиталистер деп бөлінген екі жүйенің қақтығысы болса, кейінгілер  жекелеген елдердің қару сынау алаңына айналған майдандар. Ирак, Сирия, Ливия, Сомали тәрізді талай елде әлі күнге қантөгіс  болып жатыр. Қару-жарақ саудасы да еш толастаған емес әрі ең табысты салалардың бірі. Демек, әскери шеруді бір жағынан қару нарығына жолданған месседж ретінде де қабылдауға болады. Мәскеу  пандемияға қарамастан  шеру өткізу арқылы  жақсы тауар бар екенін  болашақ тұтынушыларға көрсетті. Ал  өткен күнмен мақтана беру  дамуы кенже қалған халықтарға тән құбылысқа айналып барады. Моңғолдар Шыңғыс ханды,  біз Томиристен бастап үш ғасыр бұрын  жоңғарды   жеңгенімізді, орыс жұрты Невскийден бастап Екінші дүние­жүзілік соғыстағы ерлікті айтады. Іштей мақтанамыз. Бірақ бұл ғылым мен тех­нологияға деген ниетімізді түзеген жоқ. Әрі біз ғалымдардың еңбегін, білімді мақтаныш етпейтін халық­тармыз. Сондықтан әскери шерулер біздің «мықтылығымыздың» белгісі болып қала береді.   Түйін:

Қысқасы, Мәскеу 75 жыл бұрынғы жеңісті айтып, соңғы отыз жылда оңбай ұтылғанын ұмытқысы келетін тәрізді. Әрі халықты күнделікті мәселелерден алдарқата тұруды да көздейтін  болса керек. Бізде де осыған ұқсас тәсілдер жиі байқалады. Бірақ  аталардың жеңісімен мақтанып жүргенде ұрпаққа ұтылған буын ретінде  мұра  қалдырмасақ болғаны.

 

АмангелдіАманкелді ҚҰРМЕТҰЛЫ