Аудан тұрғыны Нұрлан Құлбайдың айтуынша, ауылда мамырдың соңынан бері су жоқ. «Бір көшеде 50 үй тұрамыз. Соның 10 шақтысы сорғы орнатып алған. Солар барлық суды сорып ала ма, тіршілік нәрінің қарқыны аз ба, жоқ, әлде тұтынушы көп пе, осы мәселе үш жылдан бері шешімін таппай келеді. Енді әкімдік кешке қарай электр қуатын ажыратып тастамақшы. Сонда сорғылар да тоқтап, су бәріне тең жетеді. Енді күзге дейін қиналамыз. Дүкеннен 5 литр ыдыспен сатып аламыз, қиын болып кетті», – дейді ол.
Ақтаудың іргесіндегі Батыр ауылының тұрғындары да 3 айдан бері ауызсуға жарымай отыр. Күнәра бір жарым сағатқа ғана берілетін тіршілік нәрі соңғы күндері мүлдем тоқтап қалған. Ал сатып алып ішетін судың бағасы 2 200 теңгеден 10 мың теңгеге қымбаттап кеткен. Қалтасы қағылып, әбден қажыған қараша халық кімнен көмек сұрарын білмей дал.
17 мың халқы бар Батыр ауылында ғана емес, Мұнайлы ауданында мәселе өзекті. 170 мыңнан астам тұрғынға күніне 22 мың текше метр су қажет. Бірақ «Каспий» су тұшыту зауыты небәрі 12 мың жарым текше метр тәршілік нәрін беруге қауқарлы. Соның 1 мың кубы ғана – Батыр ауылының үлесінде.
«Каспий» су тұщыту зауыты директорының айтуынша, Мұнайлыға су артығымен беріліп отыр. Мәселен, бүгін 13 жарым мың текше метр су жіберілген. Алайда оның 30-40 пайызы ғана тұрғындарға жетеді. Бұған қоса, Мұнайлы ауданы суға қарыз боп шықты. Зауыт алдындағы берешегі 287 миллион теңгеден асқан.
Тұрғындарға ауызсу жеткізуді дұрыс ұйымдастыра алмағаны үшін Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаровқа облыс әкімі Серікбай Трұмов сөгіс жариялады. Сөгіспен шаруа шешілмесі анық. «МАЭК-Қазатомпром» мекемесі Каспий теңізінің суын тұшытып келеді. Тұтынушылар санының артуы, суға деген сұраныстың жаз мезгілінде күрт өсуі мәселенің түйінін шешуге қиындық туғызып отыр. Енді қайтпек керек? Мамандар су тапшылығы су тұшыту кәсіпорындары ашылған соң реттеледі деп отыр.
Маңғыстау облысында жаз мезгілінде ауызсудың көлемі тәулігіне 150 000 текше метрді, ал ауызсу тапшылығы 37 000 текше метрді құрайды. Шаһардың дамуына қарай соңғы 5 жылдықта халықтың саны тез өсіп, 280-нен астам көпқабатты тұрғын үйлер бой көтерді. Айта кетсек, 2015 жылы жаз айында ауызсуды тұтыну көлемі 27 000 текше метр болса, бүгінгі күні 42 000 текше метрді қамтиды. Десе де, қазіргі уақытта ауызсуға деген қажеттілік 45 000-46 000 текше метрге жетіп отыр. Мұндай жағдай, әсіресе Мұнайлы ауданы мен Ақшұқыр және С.Шапағатов ауылдарында орын алып отыр.
«Соңғы уақытта әлеуметтік желіде ауызсудың тапшылығы жөнінде тұрғындардан наразылық көп түсуде. Әсіресе, бұлар жаз айларында орын алады, себебі ауызсуды пайдалану көлемі едәуір өседі. Біз оның барлығын көріп отырмыз. Қазіргі уақытта Мұнайлы және Ақшұқыр, С.Шапағатов ауылдарына ауызсу беру кестесі 2-3 сағаттық режимге ауыстырылды. Аталған жұмыстың барлығына түсіністікпен қарауды сұраймыз. Жаз айларынан кейін бұл мәселе қалпына келеді», – деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов.
Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұшыту зауытының қуаты 40 мың текше метрге артпақ. Жобаның жалпы құны – 10,5 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары жүргізілуде, 2021 жылдың желтоқсан айында аяқталады. Кендірлі курорттық аймағында қуаты тәулігіне 50,0 мың текше метрлік су тұшыту зауытының құрылысын салу жобасы іске асырылады. Қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздемесі жасақталып, мемлекеттік сараптаманың қарауына енгізіледі. Нәтижесінде Жаңаөзен қаласының тұрғындары толықтай ауызсумен қамтамасыз етілетін болады. Бұл жұмыстарды «ҚазМұнайгаз» АҚ жүзеге асырып жатыр. «Қаражанбас кен орнында қуаты тәулігіне 17,0 мың текше метрлік су тұшыту зауытының құрылысын салу жобасына келер болсақ, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аяқтау мерзімі 2021 жылдың 1 жартыжылдығына белгіленген. Нәтижесінде «Астрахань – Маңғышлақ» магистральдық су ағызғысынан босатылған тәулігіне 17,0 мың текше метр суды облыс тұрғындарына жіберу мүмкіндігі пайда болады. Қарақия ауданының Құрық ауылында қуаты тәулігіне 50 мың текше метр су тұшыту зауытының құрылысын салу жобасын іске асыру бойынша жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасақталып жатыр. Инвестормен келіссөздер жүргізілуде.
Жазира ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
Маңғыстау облысы