Бүгін – Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні
Бүгін – Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні
фото: ашық дереккөз
401
оқылды
Бүгін халықтың әл-ауқаты мен қоғам тынысынан хабар тарататын тілшілер қауымы кәсіби мерекесін атап өтеді. Журналистика – БАҚ құралдарының (интернет, баспа, радио, телевидение, сайт) көмегімен ақпаратты жинау, өңдеу және тарату жұмысы. Журналистиканың ғылыми тәртібі баспаның дүниеге келуімен тікелей жолға қойылған. Ал ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында фото мен киножурналистика өмірге келіп, салаға тың тыныс әкелді. Ізінше 1920-1940 жылдары радио мен тележурналистиканың дәуірі басталды. Ал біздің тарихшылар жалпы қазақ даласында журналистиканың негізі ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қаланғанын айтады. «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті», «Киргизская степная газета», «Қазақстан» газеті, «Айқап» журналы, «Серке» газеті... Жалпыұлттық сипат пен сұранысқа ие болған «Қазақ» газеті жарыққа шыққанға дейін аталған басылымның барлығы бірде үкімет қысымымен, бірде қаржы тапшылығынан жабылып жатты. «Қазақ журналистикасының атасы» атанған Мұхаметжан Сералиндер де сол тұста еңбек еткенін атап өту керек. ХХ ғасырдың басындағы басылымдардың ішінде Алаш зиялылары шығарған  «Қазақ» газетінің шоқтығы биік. 1905 жылғы «Қарқаралы петициясында» қойған талаптардың бірі (петицияның 3 тарауы) - «қазақ тілінде газеттер басып шығару қажеттігі» болатын. Алаш азаматтарының мақсаты орындалып, 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінің 265 нөмірі жарыққа шықты. Кейбір мәліметтерге қарағанда, «Қазақ» газетінің таралымы алғашында 3 мың дана болса, кейіннен ол 8 мың данаға жетіп, ұлттық миссияны орындауға өлшеусіз еңбек сіңірді. Тәуелсіз Қазақстан тарихына келер болсақ, елімізде 1991 жылдың 28 маусымында Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заң қабылданды. Ал 2011 жылдан былтырға дейін аталып өткен журналистер күнін белгілеу алдында тілшілер қауымының арасында біршама пікірталас туындаған. Бір топ қазақ даласында сонау бір ғасырдан астам уақыт бұрын мамыр айында жарық көрген «Түркістан уәлаяты» газетінің шығу төркіні құрметіне орай, тілшілер мерекесін мамыр айында белгілеуді сұраса, енді бірі журналистер күнін «Қазақ» газетінің тарихына икемдеуді ұсынған. 2011 жылы шыққан Тұңғыш Президенттің №164 Жарлығы бұл пікірталастардың бәріне нүкте қойса, 2019 жылы Үкіметтің тиісті Қаулысы жарияланып, 28 маусым күні Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі аталып өтетін болды. Оның алдында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерінің кәсіби мерекесін бекіту жөнінде Үкіметке тапсырма берген болатын. Бүгінгі мерекеге орай еліміздегі тілшілер қауымын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Үкімет басшысы Асқар Мамин, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева құттықтады. Елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуын ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету ісіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының елеулі рөлін ескере отырып, БАҚ саласындағы сыйлықтар мен гранттарды тапсырды.