Тәуелсіздік түлеткен Теректі
Тәуелсіздік түлеткен Теректі
564
оқылды

Теректі – облыс орталығы Орал қаласына жақын аудандардың бірі. Иә, аудан орталығы Орал қаласынан 40-45 шақырымдай жерде болғанымен, Теректі халқының саны һәм жер аумағы жөнінен Батыс Қазақстан облысының ең ірі аудандарының бірі. Территориясы өзен-көлмен жомарт торланғандықтан орман-тоғайға, яки табиғи жасыл желекке бай Теректінің табиғаты әдемі екені кім-кімге де түсінікті болса керек.

КСРО кезінде мыңғыртып мал да, жайқалтып егін де өсірген аудан жерінің топырағы құнарлы болғандықтан, бау-бақша шаруашылығына да «кет әрі» емес еді. Алайда күні кешегі қоғамдық формацияға қоса, меншіктік қатынастар күрт өзгеріп, жылдар бойы қалыптасқан экономикалық байланыстар бырт-бырт үзілген өтпелі кезең, өліара шақта шаруа­ның оңбай қожырағаны рас. Сөйте тұра табиғи мүмкіндіктерге қоса, жасампаз еңбекке жұмылар адам ресур­сы­на да бай Теректі өзге аудандарға қарағанда тез ес жиып, етегін жапты. Соның бір айқын дәлелі, айшықты мысалы былтыр, яғни 2018 жылы Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданы кең-байтақ Қазақстанның барлық 163 ауылдық ауданы һәм 17 қалалық ауданы бойынша кәсіпкерлікті дамыту, кәсіп­керлікке қолайлы жағдай жасау жөні­нен елдің алды болып, Тұң­ғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың қолынан аталған ауданның әкімі Әділ Жоламанов арнайы жүлде алды.     

Ал енді ақиқатқа арқа сүйеп, ашығын айтар болсақ, Теректі ауданы 1991 жылдың соңын ала атыңнан айналайын Азаттықтың ақ таңы атқаннан кейін де біраз жыл орыс тілді, орысқолды аудан болып келді. Тек осыдан біраз жыл бұрын бүгінде Ауыл шаруашылық ми­нистрлігіне қарасты Ветеринария комитетінің төрағасы Арман Өтеғұлов 2011-2013 жылдары аталған ауданның әкімі болған кезде ұлттық құндылықтарға мықтап ден қойып, ұлттық рухты асқақтата бастады. Арман Кәрімұлынан кейін Теректінің тізгінін ұстаған Мұрат Мұқаев, Кәрім Жақыпов сияқты аза­мат­тар да ауданды ұлы мәртебелі Тәуелсіз­дік­тің талаптарына бейімдеуден айныған жоқ. Сондай-ақ Теректі ауданының қазіргі әкімі Әділ Жоламанов та аудан халқының тыныс-тіршілігін рухани тұрғыдан жаңғырту бағытында қажырлы еңбек етіп келеді. Тілге тиек, сөзге өзек болып отырған ауданға қарасты Долин ауылдық округінің аумағында бүгін «Тақсай ханшайымы» кесенесі «мен мұн­далап» тұр. Бұл кесене «Подстепный – Федоров – Ресей Федерация­сы­ның шекарасы» тасжолының оң жағынан 250 метр қашықтықта бой көтерді. Үшбу кесене бүгіндері әрлі-берлі өткен жолау­шы­лар үшін Ақ Жайық атырабының терең тарихынан барынша мол мағлұмат беретін нысандардың біріне айналуда. Бұл нысанның биіктігі – 7 метр, ені – 4   метр, ал кесененің жалпы аумағы 20 сотық жерді қамтиды. Былтырғы қазан айында ашылған кесененің құрылыс жұмыстары «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масының «Рухани қазына» шағын бағдарламасы бойынша меценаттар есебінен жүргізілді. «Заңғар» жеке кәсіп­керлігі жүзеге асырған бұл жоба­ның жалпы құны – 8 млн теңге. «Тақсай ханшайымы» кесенесінің салынуына Ибрагим Жақсымбетов, Қатауолла Ашығалиев, Валерий Голоухов, Арман Ғаббасов, Қайрат Садықов, Ұлықпан Мұхамедияров, Тілекқабыл Жұмаға­лиев, Александр Овчинник, Жұбан Шиназбеков, Сержан Идиятов, Мирхат Жұмашев, Виктор Галкин сияқты жергілікті жомарт жүрек кәсіпкерлер тікелей демеушілік танытты. Жалпы, Тақсай қорған-кешені – Ұлттық музей жанынан құрылған «Қасиетті Қазақ­стан» ғылыми зерттеу орталығы жария­ла­ған киелі орындар тізіміне енген 100 нысанның бірі.

Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы 2012 жылы Теректі ауданына қарасты Долин ауылы­ның аумағындағы Тақсай қорған кеше­ні­не жүргізген археологиялық қазба жұмыстары барысында «Алтын хан­ша­йым» табылды. Беті бөренелермен жа­был­ған зираттан әйел адамның қаңқа­сына қоса, аса қымбат әшекей бұйымдар шықты. Марқұмның басында шошақ төбелі алтын бас киім болған. Қабірден көптеген зергерлік алтын бұйым табыл­ған. Осыған қарап жерленген әйел заты­ның өз дәуіріндегі дәулетті де ықпалды әулеттің өкілі болғандығын аңғару қиын емес. Сол себепті, оған архео­лог және тарихшы ғалымдар «Ал­тын ханшайым» деген шартты атау берген болатын. «Алтын ханшайымның» түпнұсқасы бүгіндері Ұлттық музейде сақтаулы. Осы жәдігерді қалпына келтіру ісімен қазақ­стандық ғалым-реставратор Қырым Алтынбек бастаған мамандар айналыс­ты. Ғалымдардың пікіріне қарағанда, «Алтын ханшайым» біздің дәуірімізге дейінгі V-VI ғасырларларға тиесілі архео­логиялық жәдігер көрінеді. Адамзат тарихындағы аталмыш кезеңді тарихшы ғалымдар «Ерте дәуірдегі көшпенділер (савроматтар) кезеңі» деп атайды. Қазіргі уақытта Тақсай қорған кешеніне шамамен 2,5 мың жыл болған деп есептелінеді. Кездейсоқ табылған жәдігер орындары зерттеліп, бұл жерде 4 оба бар екені анықталды. Сөйтіп, «Тақсай оба кешені» деген шартты атауға ие болып, археологиялық қазба жұмыстары басталған еді. Оған тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов жетекшілік жасап, қазба жұмыстарын осы орталықтың ғылыми қызметкері Яна Лұқпанова басқарған топ жүргізді.

– Тақсай ханшайымының жасы – 35-40-тың шамасында. Оның қаңқасы­ның айналасынан сырға, сақина, алқа секілді 500-ге жуық алтын әшекей табылды. Тіпті үстіндегі көйлегі мен жамылғысы да алтын жіппен тігілген екен. «Алтын ханшайыммен» бірге екі күзетшінің жерленуі оның мәртебесі жоғары бол­ған­дығын көрсетеді. Тақсай кешенінен алынған бұл артефактілердің алғашқы зерттеу жұмыстары БҚО тарих және археология орта­лығы база­сында жүр­гізілді. Көне зират­тан алынған жәді­гер­лер­ді өңдеп, зерттеу барысында Қазақстанның Нұр-Сұлтан және Алма­ты, Жапония­ның Токио, Герма­нияның Бохум және Франкфурт, Дюссельдорф, Ресейдің Мәскеу, Петербор, Орынбор, Челябі, Пущино, Новосібір қалаларындағы мамандар мен ғалымдар шақырылып, жәдігерлер жан-жақты зерделенді. Осы қайталанбас ғажайып ғылыми жәдігерлерді ғалым­дар­ға, мамандарға, қызығушылық туды­рған адамдарға таныстыру мақсатында Тақсай обасынан табылған құндылықтар елор­даға жеткізіліп, Нұр-Сұлтан қала­сын­дағы Ұлттық музейдің экспо­зи­циясында «Алтын ханшайым» атауы­мен көпшілік назары­на ұсынылды. Тақсайдан табылған материалдардың құндылығы өте жоғары. Бұл кешеннен табылған «Алтын әйел» ұлттық тарихы­мыз­дың ақтаңдақ тұстарын түгелдеу үшін өте зор маңызға ие, – дейді Батыс Қазақстан облыстық тарих және архео­ло­гия орталығының ғылыми қызметкері Яна Лұқпанова.

Осыдан біраз уақыт бұрын Теректі ауданында қазақтың «Қымызмұрындық» деп аталатын бір әдемі дәстүрі жаңғыр­ды. Нақтырақ айтқанда, Юбилейный ауылында жылқы ұстайтын азаматтар халықты жинап, «Қымызмұрындық» ұлт­­тық думанын ұйымдастырды. Тура­сын айтқанда, бұл «Қымызмұрын­дық» еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасының заңды жалғасы іспетті «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан туындайтын мұрат-мақсаттарға әбден лайық шара болды.

Бұрынғы заманда қымызмұрындық­тың, яғни бие байлағаннан кейінгі ауыл­дастарын алғашқы қымыз ішуге шақы­ру салтының дәреже-деңгейі Құр­бан айт, Ораза айт, Наурыз мейра­мы­мен пара-пар болған деседі. Алты ай қыстан аман шыққан ел-жұрт жаз-жайлауға көшіп, жадырап, сағынған сүйікті сусынына ерін тиер күнді нағыз мейрам­ға айналдырады екен. Теректіліктер де нағыз той жасады. Қымызмұрындықты өткізу қамына аудан басшылығынан бастап, аудандық сала-бөлімдер мен мекеме-кәсіпорындардың ұжымдары жұмыла кірісті. Ауыл маңында өткен қымызмұрындықты әнші, күйші һәм биші­лер нағыз далалық думанға айнал­дырды.

Қымызмұрындық өткізуге мұрындық болған азамат Юбилейный ауылында жылқы ұстап отырған Бағдат Едре-
сов – осы шараның бас демеушісі. Құсайын Бақтиярұлы, Қамбар Махме­тов, Ибра­гим Жақсымбетов, Жанғабыл Сәтбаев, Ермұхан Үмбетов, Қанат Дақы­шев сияқты кәсіпкер азаматтар да ауыл-аймақтың қызығына қаржылай үлес қосып, демеушілік көрсетті. Үшбу шара­ның қыруар шаруасының үйлесуіне Бей­біт Қуанышқалиевтай азамат та көп еңбек сіңірді.

Бұрынғы заманда қымызмұрындық­тың, яғни бие байлағаннан  кейінгі  ауыл­дастарын  алғашқы қымыз  ішуге  шақы­ру салтының  дәреже-деңгейі Құр­бан айт, Ораза айт, Наурыз мейра­мы­мен пара-пар болған деседі. Алты ай қыстан аман шыққан ел-жұрт жаз-жайлауға көшіп, жадырап, сағынған сүйікті сусынына ерін тиер күнді нағыз мейрам­ға айналдырады екен. 

Ұлттық думан қымыздан дәм татудан басталды. Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламанов қымызмұрындықтай мере­ке-мейрамның Ұлы даланы мекен­де­ген халық үшін мәдени маңызына, жасампаз еңбекті насихаттар қоғамдық мәніне тоқталып, тереңнен толғады. Ұлттық қызық-думан ретінде ұйым­дас­ты­рылған тойға Орал қаласынан және өңірдің Теректі, Жаңақала, Қазталов, Бәйтерек, Тасқала, Қаратөбе аудандары­на қоса, көрші Ақтөбе облысынан да тұлпар баптап, тазы салған азаматтар арнайы келіп, қымызмұрындықты қыздырды дерсің. Тай жарыс, құнан жарыс, топ бәйге мен аламан бәйге сықылды ат жарыстың түрлері қымыз­мұрын­дыққа келген қазақтың да, қазақ еместің де қанын әбден қыздырды. Бұған қыз қуу, аударыспақ, көкпар, күрес, асық ату секілді ұлттық ойындар­ды және қосы­ңыз. Қылқұйрықтардың жарысын­да қосқан жүйрігі алдына қара салма­ғандарға Қамбар ата баласынан бастап, ірі қара, қой түлігі тарту-таралғы ретінде ұсынылды. Тазысы озғандар да сый-сияпаттан құр қалмады. Белдеске­нін жыққан палуандар, асық атқандар, аударыспаққа түскендер, көкпар тарт­қан­дарға да жүлде үлестірілді. Тай жарыста Ақжайық ауданынан келген Мерген Әйтімовтың Торғыны бірінші боп мәре сызығын қиды. Онымен құйрық тістесе Бәйтерек ауданының Айқас­қасы келді. Қазталовтың Көкте­ре­гінен Ықылас деген тайын қосқан Мершат Насыров үшінші орынды місе тұтты. Ал енді құнандар жарысқанда қазта­ловтық Елнұр Есболовтың Айсұл­танының маңдайы жарқырады. Екін­ші орын қаратөбелік Нұрбек Сағын­баевтың Байторысына бұйырса, үшінші болып келген Болат Жанабаев­тың Барбос атты құнаны қонақ қабылдап отырған Юбилейный ауылы тұрғын­дары­ның мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетті. Топ бәйгеде бас жүлде Ақтөбеден келген арғымаққа бұйырды. Арайлы Ақтөбенің атынан Жебесін қосқан Қазбек Әлішев ауылына бір ат жетектеп қайтты. Шыңғырлаулық Талғат Бисембаевтың Домбырасы екін­ші, бәйтеректік Марат Мұхтаровтың Нарқызылы үшінші келді.

Ал енді атжарыстың марафоны – ала­ман бәйгеде әп дегеннен ешкімге дес бермеген қазталовтық Анарбек Жаулау­баевтың Джекпоты бірінші, бөрлілік Серікбол Төлепбергеновтың Паутинасы екінші, ақтөбелік Бекбол Байжарқынов­тың Тұраны үшінші келді. Құмай тазылар сынында сүйретпеге Салауат Қажығалиевтың тазысы бірінші болып азу басты. Атан жілік, апайтөс палуандар сынында Бөрлі ауданының «Қажымұқа­ны» Темірлан Көлбай «Қымызмұрын­дықт­ың түйе палуаны» атанды. Ақ Жайық атырабында ұмытыла бастаған ұлт­тық ойын – аударыспаққа қос-қос­тан жұпталып шыққан жігіттер арасында ат үстінен аумаған Ақжайық ауданының белді жігіті Мағжан Жеңісов жеңіс тұғырына көтерілді.

Асық атудан алдына жан салмаған Юбилейный ауылының сұр мергені Дархан Сұлтанбеков I орын алды. ІІ орын Ақжайық ауылынан келген Бекзат Сәбитовке, ІІІ орын подстепныйлық Ерлан Оңаловқа бұйырды.

Он шақты қожалық қымыз бәсекесін қыздырған еді. Қымыз дәмін татып, әділ бағасын берген қазылар – Меңдіхан Халықұлы, Асқар Ишанғалиев, Бей-біт Қуанышқалиев Ақылбек Ишановтың қымызын ең дәмді деген ұйғарымға келіп, оған бірінші орынды ұсынды. Той тарту-таралғы, сияпатсыз бола ма?! Ат жарыста топжарғандарға Қамбар ата баласынан бастап, ірі қара, қой-торпақ байланды. Тазысы озғандардың да бүйре­гі бұлтиды. Күрескен палуандар, асық атқандар, аударыспаққа түскендер, көкпар тартқандарға рет-ретімен жүлде үлестірілді.

– Аудандағы әрбір ауыл-аймақ, әр ауылдық округ осындай ұлттық думан ұйымдастырса екен деймін. Сонда ғана біріншіден, ата салтымызды ұлықтар едік, екіншіден, санасы сергек, дені сау ұрпақ өсірер едік. Соңымыздан ерген жастар дұрыс жол таңдап, аттан түспесе, нағыз ұлттық болмысымызды сақтай­мыз. Идеямды қолдап, іліп әкеткен аза­маттарға айтар алғысым зор, – дейді қонақжай жылқылы аула иесі Бағдат Едресов.

Жасыл да жазық далада тігілген киіз үй ішінде қанша қымыз ішілгенін кім білсін?! Есесіне, әрісі Алматы мен Маң­ғыс­таудан, берісі Ақтөбе мен Батыс Қазақ­стан облысының шалғай аудан­дары­нан келген меймандардың арасын­да «Қымызмұрындықтай ұлттық думан­ды бірінші көріп-тамашалауымыз» деп тамсанғандар аз болмады. Осылайша, былтыр Теректі ауданының Абай ауылы­нан бастау алған «Қымызмұрын­дық» ұлттық думаны биыл Юбилейныйда жара­сымды жалғасын тапты. Ал ендігі жылы Аңқаты ауылдық округі «Алла қосса, қымызмұрындықты биылғыдан бетер тартымды да тағылымды қылып өткіземіз» деп қазірдің өзінде желпініп отыр. «Естіген құлақта жазық жоқ» деген­дей, күн ілгері мәліметке қараған­да, келер жылы аңқатылықтар тек ат шаптырып, палуан күрестіріп, көкпар тартумен шектелмей, жастар үшін алты­ба­қан құрып, ай астында ақсүйек те ойнауға жағдай жасайтын көрінеді...

Сөз соңында Теректі ауданы жұрты­ның рухани тұрғыдан жаңғыруына «Шежі­ре» халықтық әжелер ансамблі, «Үш қоңыр» әншілер үштігі, «Жұлдыз» үлгілі бишілер тобы, «Ғазал» жас ақын­дар орталығы, «Өркен» үлгілі балалар ансамблі секілді өнер ұжымдары айтулы үлес қосып жүргендігін айта кеткенді жөн санадық. Ерекше екпін түсіріп айтар жайт, мұндай мақтаулы өнер отаулары тек аудан орталығында ғана емес, ауылдық округтерде де баршылық. Сонымен қатар аудан орталығындағы «Достық үйі» аясында жұмыс істейтін қазақ, беларус, орыс, татар, украин, кәріс халықтарының ұлттық өнер-мәдени отаулары да теректіліктердің бірлігін бекемдеп, берекесін еселеуге, ынтымағын нығайтып, ырысын молай­туға лайықты үлес қосып келеді.

 

Батыс Қазақстан облысы,

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН