Шымкентте маусым айының өзінде ЖРВИ жұқтырғандар 2 есеге, пневмониямен ауырған науқастар саны 6 есеге көбейген.
Бүгінде қалада емдеу орталықтары жетіспеуде. Осыған орай қаламыздағы жеңіл атлетика спорт кешенінен қосымша 450 орындық күндізгі стационар дайындалуда.
Орталықта ЖРВИ және пневмония жұқтырған науқастар ем қабылдайтын болады. Мұнда 450 кереует орналастырылған. Оның 350-і ОҚМПУ жатақханасынан жеткізілсе, 100 кереует демеушілер есебінен алынған. Бүгінде мұнда дәнекерлеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. 1 шілдеге дейін 450 орын толығымен дайын болады.
Сонымен қатар, қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қажетті дәрі-дәрмектерді сақтауға жеті тоңазытқыш жеткізілген. Мамандардың айтуынша, күндізгі стационарға 50 дәрігер, 75 мейірбике, 20 санитар қызметкері қажет болады. Спорт кешеніндегі жұмысты үйлестіруге қаладағы №5 емхана ұжымы жұмылдырылмақ.
Айта кету керек, бұл стационар таңғы 8-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
Қазіргі таңда қалада жұқпалы ауруларды қабылдайтын 2870 төсек-орын бар. Оның ішінде 2220 орын – провизорлы, 650 орын жұқпалы ауруға шалдыққан науқастарға арналған. Бүгінде 447 орын бос.
Осыған орай, Самал-3 шағын ауданындағы жаңа мектептен - 400 орындық, Политехникалық колледжінен - 400 орын, ҰОС ардагерлері орталығынан 100 орындық провизорлы орындар ашылды.