Мемлекет басшысы COVID-19 індетінің таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде кеңес өткізді. Жиынға видеоконференциялық байланыс режимінде Үкімет мүшелері, қала мен облыс әкімдері, бірқатар меморган басшылары қатысты.
Қасым-Жомарт Кемелұлы дер кезінде қабылданған қатаң карантин уақыттан ұтуға және эпидемияның ушығып кетуіне тосқауыл қоюға мүмкіндік бергеніне назар аудартты. Алайда өкінішке қарай, ТЖ режимі жойыла салысымен, барлық карантин шаралары да босаңсыған.
– Биылғы 11 мамырда шектеулер алып тасталған кезден бері КВИ оқиғалары 7 есе көбейді. Басым көпшілігінде бұл кейбір меморгандар жұмысындағы кемшілікпен байланысты болып отыр. Назар аударар жайт, орталық және жергілікті деңгейлерде мемлекеттік басқару жүйесі төтенше жағдай режимінен тыс тиімді жұмыс істеуге әзірленбеді. Ведомствоаралық комиссия (ВАК) өзіне жүктелген міндетті орындай алмады. Мұны мойындауымыз керек. Биліктің орталық және жергілікті органдарының жұмысын үйлестіру Денсаулық сақтау министрлігінің қолынан келмеді, – деп бағалады ағымдағы ахуалды ел Президенті.
Ауыл-аймақтағы мезгілінен кеш қолға алынған және тиімділігі шамалы болған шаралар вирустың ақыры жүйе құраушы өндірістерде, еңбек ұжымдарында тарауына соқтырды. Атырау облысындағы онсыз да оқшау жұмыс істеген Теңіз кен орны күтпеген жерден індет жұқтырудың ірі ошағына айналып шыға келді: онда 1 222 адам коронавирус кеселіне шалдыққан.
Алматы қаласы тек тұрғындардың ғана емес, сонымен қатар медицина қызметкерлерінің ауыруы жөнінен алдына қара салмай келеді. Нұр-Сұлтан қаласында көптеген ұйым санитарлық талаптарды күн сайын бұзуын жалғастырды. Өңірлерде ауруханадағы орынның жетіспеуі кесірінен жедел жәрдем жеткізген сырқаттарды қабылдамау жағдайлары тіркелді. Бұған қоса, медициналық кадрлардың, дәрі-дәрмектің, өкпені жасанды желдету аппараты секілді медициналық жабдықтардың өткір тапшылығы туындады.
– Жұмысындағы жөнсіздік үшін Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгіновке және Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа ескерту жариялаймын. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге және Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовқа, сондай-ақ ВАК басшысы, вице-премьер Ералы Тоғжановқа сөгіс жариялаймын. Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне өздеріне сеніп тапсырылған өңірдегі жағдайды түзеу қажеттігін ескертемін. Бұл барлық облыс басшыларына да қатысты. Ахуал ақпараттық жұмыстың нашарлығы кесірінен ушыға түсуде. Біздің халықпен сұхбаттасу жүйеміз лайықты дәрежеде жұмыс істемейді. Ақпарат айдыны теріс сипаттағы хабарлардың құрсауында қалған, медицина мамандарының ерлікке бара-бар еңбегі көрсетіліп жатқан жоқ, – деп меморгандар жұмысындағы кемшіліктерді тізді Қ.Тоқаев.
Цифрландыру саласын жарға жыққаны үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке ескерту берілді.
Мемлекет басшысының байламынша, ведомствоаралық комиссия қажетті жедел әрі қатаң үйлестіруді, мониторингті және тапсырмалардың орындалуына бақылауды толыққанды қамтамасыз ете алмады.
– Пандемиямен күреске, кері әлеуметтік және экономикалық ықпалдарды жоюға бағытталған барлық шешімді Премьер-Министр басшылық ететін Мемлекеттік комиссия аясында пысықтауды жүктеймін. Мемкомиссия ең маңызды деген ресурстарды бөлу ісіне бір орталықтан бақылау орнатуы тиіс. Ағымдағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру бойынша шұғыл шаралар қабылдау мақсатында Мемкомиссияға биылғы наурыз-мамырдағыдай қатаң карантин енгізу мәселесіне қатысты жаңа ұсыныстарды 2 күн мерзімде пысықтап, менің қарауыма енгізуді тапсырамын! – деп мәлімдеді Қазақстан Президенті.
Ол зертханалық зерттеулердің тиімділігін жоғарылатуды, реагенттер мен шығыс материалдарын үздіксіз жеткізу мәселесін шешуді, ПТР-лабораториялардың санын және қуатын арттыруды жүктеді.
– Азаматтар зертханалар алдында алапат кезектер қалыптасатынына және кезегін күткендердің санитарлық нормаларды сақтамайтынына шағымдануы әділетті. Осының барлығы вирус жұқтыру қаупін тудырады. Сол себепті ПТР-тестілеуді қатаң түрде тек онлайн жазылу немесе Call-орталыққа қоңырау соғып, тіркелу арқылы өткізген жөн. Сонда КВИ жұқтыруға жол берілмейді, әрі тест тапсыру орталықтандырылған түрде іріктеліп, есепке алынады. Инфекция ошақтарында, әсіресе, ауылдарда жұмыс істеу үшін мобильді-жылжымалы зертханаларды өрістету төтенше маңызды. Мобильді қызметтерді ары қарай дамытуға қаражат бөлінуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ол азаматтарды қажетті дәрі-дәрмекпен және емдеумен қамту керегін нықтады. Бұл үшін Үкіметке және өңір әкімдеріне барлық қаржылық және инфрақұрылымдық ресурстарды жұмылдыруға тапсырма берілді.
– Шілденің соңына дейін инфекциялық койка-орындар санын 50%-ға арттыруды тапсырамын. Бұл ретте пандемияның екінші толқыны келгенін назарға алу керек. Осы мақсатта өңірлер барлық резервтерін, соның ішінде жеке және ведомстволарға қарасты медицинаның әлеуетін пайдалануы қажет. Үкіметке дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін 5 күн ішінде шешуді тапсырамын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы меморгандардың коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі жүргізіп жатқан ақпараттық жұмыстарының маңыздылығын айрықша атап өтті. Оның айтуынша, бұл жұмыс бастапқы кезеңде жақсы ұйымдастырылды. Бірақ меморгандар соңғы кезде бұл істі босаңсытып жібергендей.
– Әкімдер мен министрлер қарапайым халықпен байланыс орнатуды қойды. Олар арыз-шағымдарға дер кезінде жауап бермейді. Салдарынан тұрғындардың көпшілігі қайда барарын білмей, торығуда. Өкілетті қызмет орындарынан дұрыс жауап ала алмаған тұрғындардан шағымдар көп түсіп жатыр. coronavirus2020.kz сайтына 40 мыңдай сұрақ келіп түсті. Бүгінде оның үштен біріне ғана жауап берілді. Мұндай көзқарас кесірінен теріс әрі жалған ақпараттар өршіп тұр. Бұл біздің жұмысымызды одан сайын қиындатуда, – деді Президент.
Ол ақпараттық жұмыстарға қатысты тәсілді түбегейлі өзгерту қажетін баса айтты. Жауапты тұлғалар өткізетін тұрақты брифингтерді жолға қойып, індет жұқтырған кездегі іс-әрекеттердің алгоритмі жөнінде халықты нақты әрі сапалы ақпаратпен қамту жүктелді.
– Телеарналарда тікелей эфир арқылы дәрігерлерден кеңес алып, тұрғындардың сұрақтарына нақты жауап беретін бағдарламалар ұйымдастыруға не кедергі? Азаматтарға емделудің протоколы мен алгоритмін жеткізу керек. Дәрі-дәрмектер мен оны пайдалану жөнінде түсіндіру қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Әкімдер мен министрлерге бюджетті қайта қарау және конференция, дөңгелек үстел, салтанатты шаралар, консалтингтік және PR-қызмет секілді қажетсіз шығындардан бас тарту жөнінде тапсырма берілді. Бұл қаржының барлығы эпидемиямен нақты күреске бағытталуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев бағаны тұрақтандыруға, азаматтарды қажетті азық-түлікпен, жұмыспен қамтамасыз етуге, экономикалық белсенділікті арттыруға және цифрлы технологияны дамытуға қолдау көрсету керегін атап көрсетті. Экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар жүйелі әрі толыққанды орындалуы тиіс. Бұл мәселе әрбір әкімнің ерекше бақылауында болуы қажет.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметті шұғыл шаралар қабылдаумен қатар, пандемияның ұзаққа созылуына дайын болуға шақырды. Тиісінше, орта мерзімді перспективаға арналған Қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын сақтау ұлттық жоспарын әзірлеуді тапсырды.
– Иә, бұл – қауіпті ауру. Оны емдейтін вакцина әлі жасалған жоқ. Бірақ оны қауіпті екен деп байбалам салып, үрейге бой алдырмау керек. Сондай-ақ жөнсіз әрекетке барып, дәрігерлерге тіл тигізіп, санитарлық режимді бұзуға жол берілмейді. Ал науқастанып қалғандар сары уайымға, пессимизмге салынбағаны жөн. Ем алумен қатар, ағзаның күші, адамның көңіл күйі оның құлан-таза айығып кетуіне ықпал етеді. Денсаулық сақтау министрлігі және санитарлық дәрігерлердің ұсынымдары мен талаптарын естен шығармауды сұраймын. Мұның бәрі мемлекеттің ең басты игілігі – сіздердің, Қазақстан азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғауға арналған, – деп түйді Мемлекет басшысы.
Кеңес барысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов, ШҚО әкімі Даниал Ахметов сөз сөйледі.