Елбасы тұғыры
Елбасы тұғыры
309
оқылды
Осы­ның бәрі айтуға оңай.  Шын мә­­нінде, ол оқиғалардың әр­қай­сы­сы Елбасының жүйкесін тоз­ды­рып, қаншама қиналу мен тер тө­гуді қажет еткенін біз ойладық па? Назарбаев бастамасымен іске асырылған шараларды са­рап­қа сала  алдық  па? Бұл біздің бә­рімізді ойландыра білуі керек. Сонда ғана біз Елбасын – Қаза­қ­стан Республикасының Тұңғыш Пре­зидентін қадірлеп, тарихи мәр­тебесін сақтау мен қорғаудың жо­лын айқындауға қатыса ала­мыз. Біраз нәрсені еске түсірейік.   Серік ҚИРАБАЕВ, академик   Назарбаевтың жаңа мемлекет қа­лып­тастыру жолындағы ұлы еңбегі тәуел­сіздіктің алғашқы кездеріндегі қиын­шылықтарды жеңуден басталды. Ол алдыңғы қатарлы мемлекеттердің на­рықтық экономикаға көшу жолын, капитализмнің өзіндік ерекшеліктерін зерт­теді. Сөйтіп, ол әлемдік нарық эко­номикасын жете біліп алды. Оны өз ор­тасына жеткізіп, маңындағы адамдар­ды ел ұстау мен экономиканы басқару­дың жаңа әдістеріне үйретті. Оның «Қ­а­зақ­стан-2030», «Қазақстан-2050» стра­тегия­лары – ұзақ  мерзімге  бағыт­талған бағ­дар­лама. Алдыңғысы елімізде іс­ке асуы тиіс шаралардың көлемді іс-жос­парына ай­налып, елеулі асуды ба­ғындырды. Осы­ның бәрі, шынын айт­сақ, бір адамның, тек қана Назарбаевтың қайсарлығы ар­қасында іске асты. Ол бәрін білді, айтты, жол көрсетті, түсін­дірді. Бұл тұрғыда  Назарбаевтың ұлттық ақ­ша жасау жөніндегі саясаты да жеңіске жет­кізгенін, тәуелсіз елдің жаңа ақша­сын тез арада жасап, оны экономикаға пай­даланғанын да атап айту керек. Елбасы әрқашан халқымен бірге болды. Олармен жиі кездесіп, бетпе-бет әңгімелесті. Қиыншылықтың уақытша екенін түсіндірді. Халықпен үзбей бай­ланыста болуы Назарбаевтың беделін көтерді, халқы оған ерді, сенді. Ел мен Елбасы табысып, бірігіп, тәуелсіздіктің баянды болуын қамтамасыз етті. Осы бір жылдары Елбасымен бірге қызмет істеген жазушы-қайраткер марқұм әбіш Кекілбайұлының тәуелсіздік құнды­лығын арқау еткен «Абылай хан» пье­са­сы жарық көріп еді. Ол Абылай ханның Қазақ елінің тәуелсіздігі жолындағы ең­бе­гін суреттеп жазды. Сондағы Абылай монологінде: Теңдіктің тезі, теңселме, Еркіндік жолы – егес-ті. Бақыттың жолы – бәсеке, Ырыстың жолы – бейнет-ті. Азаттық жолы – азапты, Төземісің, әлеумет! Азаттықтың қамы үшін! Болашақтың бағы үшін! Ұлы жорық бастаймын, Айналайын әлеумет! Бастай алмасам – маған серт! Қостай алмасаң – саған серт! Қазақтың қайран даласын, Жағасы жайлау ел қылам. Қара сирақ баласын Басқалармен тең қылам. Кеткен кегін қайтарып, Іргесі тыныш, төрі кең, Мерейі биік, бағы зор, Ырысы шалқар көл қылам. Осы жолда, әлеумет! Тайсалар болсам – маған серт! Тайқып кетсең – саған серт! Еремісің, әлеумет! – деген жолдар бар еді. Егер шығарма тілінде сөйлесе, Нұрсұлтан да осыны айтқан болар еді. Ел мен Елбасының бірлігі тәуелсіздік жо­лын­дағы Президент идеясына қолдау бер­­ді. Осы бір қиын кезеңнен өтіп, ел есін жия бастаған кезде, экономикамыз әлі де толығынан сауығып болмағанына қарамастан Нұрсұлтан тағы бір үлкен іс бастады. Ол – республика астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру, оның атын бастапқыда Астана деп ауыстыру туралы мәселелер. Бұған да кедергі аз болған жоқ. Оған қарсылар әлі ел жағдайының жөнделіп болмағанын, қаржы қиын­шы­лы­ғын, ең бастысы әсем Алматыны қиып, тастап кетудің лайықсыздығын ал­ға тартты. Алматы – Назарбаевтың өз Отаны. Оны еске салған ағайын-туыстар да бол­ды. Бірақ ойына алған мақсатын істемей тын­байтын Елбасы ешкімнің сөзіне ермеді. Өйткені бұл мәселені ол он ой­ланып, жүз толғанып барып шешкен. Аста­наны Орталық Қазақстанға көшіру арқылы көршілермен шекара мәселесін шешіп алуға болатынын, Ақмоланың географиялық орталық екенін, Алма­ты­ның табиғи жағдайлары оны өркендетуге тарлық жасайтынын дәлелдеді де, жал­пы мемлекеттік мүддені жеке мүдде­ден жо­ғары қоя білді. Парламенттегі, Үкі­мет­тегі қарсылықтарды біртіндеп жеңіп, ше­шім қабылдатты. Сөйтіп, жаңа елорда – Астана қаласы туды. Қазір бұл шаһар жаңа Қазақстанның дамуының сим­во­лына айналды. Бәріміз күні кешеге дейін Астана – Назарбаев деген атаулардың өзара туы­сып, байланысып, жалғасып кеткен бір­тұтас ұғымға айналғанын байқадық. Сондықтан 2019 жылы наурызда елімізде мемлекет билігінің табиғи транс­фор­мация­сы басталған сәтте, Парламенттің қос палатасы бас қосқан жиын үстінде жаңа ресми лауазымдағы Қ.Тоқаевтың елорда атауын – Нұр-Сұлтан қаласы деп өзгертуді жария етуін уақыт пен замана шешімі деп қабылдадық. Ел тәуелсіздігі жолындағы күресте жеңіске жетіп, оны орнықтырып, оның үс­тіне Арқаның төсінен жаңа елорда салу – Назарбаевтың, тек қана соның адал еңбегі, ерлігі. Әлі есімде, елорданың 11 жылдық тойына орай  Тәуелсіздік сарайында өткен әлемге аты әйгілі тенор Пласидо До­мингоның концерті болды. Дү­ние­жүзін шарлаған опера әншісі Орталық Азия жеріне бірінші рет қадам басқан екен. Сол сапары Қазақстан астанасынан бас­талып, тіпті толқып, қанаттанып ке­тіпті. Сол кезде жетпісті алқымдап қал­ған әншінің ширақ жүрісі, салған әндері – бәрі де көңіл күйінің ерекше шабытты ша­ғын танытты. Ол серіктесі сопрано әнші Виргиния Толамен бірге кезектесіп те, дуэтпен де талмай бізге өнер сый­лады. Концерттің кульминациялық нүк­тесі – Домингоның Абайдың «Айт­тым сәлем, Қаламқасын» айтуы және сахнаға шыққан Назарбаевпен қосылып ән шырқауы болды. Әлемдік өнер құ­діретін түсіну және оған ұлт мәдениетін ұштастырудың өнегесі Нұрекеңдей-ақ болар.  Алдағы уақытта Елбасының «ел астанасын әлемнің ең танымал 30 қала­сының қатарынан көрейік» деген бас­та­масы іске асатынына сенеміз. Осы орайда,  2017 жылы елордада өт­кен халықаралық  EXPO  көрмесінің жө­ні бөлек болды. Бұл – Елбасының әлем­дік беделі мен еңбегінің жемісі. 2012 жылы 22 қараша күні Парижде Ха­лықаралық көрмелер бюросына мүше 161 мемлекет өкілінің жасырын дауыс беру барысында Астана (қазір Нұр-Сұлтан) EXPO-2017 халықаралық ма­ман­дандырылған көрмесін өткізетін қала ретінде таңдалды. Қазақстан елордасын 103 ел қолдады. Біз ТМД ел­дері ішінде мұндай шараны өткізуге бірін­ші болып қол жеткіздік. Көрме қа­­ла­­шығы мен елеулі модерн  ғимарат­тары бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының – ең көрікті аумағының бірі. Мұндағы «Нұр-Әлем» кешені – жаңа заман ғылымы мен танымының ізашары. Тарихи қысқа мерзім ішінде Қа­зақстан әлемнің басты мемлекеттерімен тіл табысып, дипломатиялық қарым-қа­тынасқа түсті. Түркі ынтымақ­тасты­ғы­ның құрамына кірді. ТМД, ШЫҰ-ны ұйым­дастыруға ұйытқы болды. Нұрсұлтан Әбішұлының әлемдік беде­лі­нің күшімен Қазақстан ЕҚЫҰ, ИЫҰ-ға төрағалық етті. Қазақстанның көп ғасырлар бойы қағаз бетіне түспей, жобамен ғана сақ­тал­ған шекарасын заңдастырды, ұлттық қауіпсіздікті сақтау шараларын жүзеге асырды. Қазақстан халқы арасындағы ұлтаралық келісімді тиянақтады. Шетел қазақтарын біртіндеп елге шақыру ісін бастады. Тәуелсіз мемлекеттің жаңа кадр­ларын дайындауға бағытталған «Бо­лашақ» бағдарламасы жүзеге асты. Қа­зақстан Орталық Азия мен Еуразия кеңіс­тігінде дамудың, демократиялық өріс­тің өміршең жолын тапты. Н.Назарбаевтың Президент қызме­ті­нің алғашқы кезінде-ақ дүниежүзінің көңі­лін аударған тағы бір ісі – Қазақ­стан­ның әлемдік қауым алдында ядро­лық қарудан бас тартуы.  Кеңес  Одағы тарағаннан кейін Қазақстанның қолын­да қалған ядролық  қару-жарақтың мол­дығы жағынан біз әлемдегі мұндай қаруы бар төртінші ел саналған едік.  Се­мей полигоны, Байқоңыр ғарыш ай­ла­ғы, Сарышаған қару-жарақ  қоймасы сияқ­ты жерлер Ресей әскерлерінің база­сы саналды. Осындай арсенал біреудің қолына түсіп кете ме, әлде Қазақстанның өзі оны әркімді қорқытып-үркітуге пай­далана ма деген қауіп әлемнің үлкен мем­лекеттерінің, әсіресе АҚШ-тың ма­засын кетіргені шындық. Бұл мә­се­лені Назарбаев ақылмен шешті. Ол Қа­зақ­стан жерін ядролық  қарусыз терри­тория деп жариялап, қарудан бас тартты. Оны жоюға келісті. Ол үшін алдын ала Қа­зақстанға басқыншылық әрекет жа­самау туралы АҚШ, Ұлыбритания, Ре­сей мемлекеттерінің кепілдігін алды. Бұл тарихи  құжатқа 1994 жылы 4 жел­тоқ­санда осы үш елдің басшысы мен Н.Назарбаевтың қолы қойылды. Ол ке­пілдікке сәл кейін Қытай мен Фра­н­ция қосылды. Мұның алдында, 1991 жы­лы, кеңестік тоталитарлық жүйе әлі сақ­талып отырған жағдайда Н.Назарбаев Семейдің сынақ полигонын жабу жө­ніндегі тарихи құжатқа қол қойған еді. Ол бұл шешімімен де адамзат тағдырына деген орасан зор жауапкершілікті тү­сі­нетін және оны орындау жолында  батыл қа­дам жасай алатын көреген қай­раткер екенін танытқан. Тұңғыш Президенттің ел ішінде жүр­гізіп отырған саясатының керемет бір үл­гісі – Қазақстан халқы бірлігіне бай­ла­нысты ұстанымы. Тағдыр бізге ұлан-ғайыр жер беріп, негізгі тұрғын халқын аз етіп, оны сырттан келгендер есебінен тол­тырып, бірігіп күн көруді жазған екен... Жеріміздегі түрлі этностар тағ­дыры тәуелсіз Қазақстан орнағанда Н.Назарбаевтың қолына қарап қалды және сол тұста неше түрлі көріпкелдердің көбейіп: «КСРО халқы – коммунистік режимнің күшімен отырған халық. Енді олар быт-шыт болып бөлінеді» деген сәуегейлік пікірлер айтыла бастаған еді. Со­ның бір мысалы сияқтанып әзер­байжан мен Армения, Ресей мен Ше­шен­стан арасында шатақ шықты. Қазақ­станда да «Лад» сынды қоғамдық ұйымдар ши шығара бастады... Осындай жағдайда Қазақстан халқының берекесін сақтап қалу Н.Назарбаев үшін күрделі мә­селе болғаны түсінікті. Ол түрлі этнос­тардың елден кетуін де, туыстық қа­рым-қатынасқа сызат түсуін де қа­ламады. Біз сияқты басқа республика­лар­да орын алған ұлтаралық қақтығысқа сүйеніп, қазаққа қыр көрсеткісі кел­гендердің әрқилы ойларының іске асуы­на да жол бермеді. Сол мақсатпен Қа­зақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Сөй­тіп, бұл проблема кезең-кезеңмен ше­шілді. Ассамблея дүниежүзі мем­ле­кеттерінің назарын өзіне аудара бастады. Көп елдің басшылары мен мемлекет қай­раткерлері оны этностар үйлесімін ұйым­дастырудың жаңа моделі ретінде қа­былдады. Қазақстан Президентінің осы та­ту­лық тұжырымдамасы бүкіләлемдік дін өкіл­­­дерін жинап, мәдениеттер арасын­да­ғы келісім мен ізгіліктің жолын іздеуге жал­ғасты. Әлемдік және дәстүрлі діндер бас­шыларының ел астанасында өткен съе­зі осыған мұрындық болған Нұрсұлтан Назарбаевтың абыройы мен даң­қын дүниежүзіне жайды. Елбасының: «Жа­ра­тушы – жалғыз, дүние – ортақ, аспан асты кең, ендеше біз бір атаның баласы, бір ананың перзенті ретінде бір-бірі­міз­бен береке-бірлік пен ынтымақта өмір сүруіміз керек... Түрлі діндердің ғасыр­лар бойы жинаған мол жасампаздық тәжірибесін пайдаланып, Құдай сөзін бі­тімгершілік пен келісімнің пәрменді құралы ретінде пайдалануымыз қажет... Біз лаңкесшілдік идеологиясын тамы­ры­мен жойып, ізгіліктің жалпыадам­зат­тық құндылықтарын орнықтыру үшін бү­кіл күш-жігерді жұмсауға тиіспіз» де­ген сөзі қашанда көкейкесті. Әлемдік саясаттағы Н.Назарбаев феномені туралы айтқан Маргарет Тэт­чер, Кофи Аннан, Ли Куан Ю, Джордж  Буш,  Ху Цзинь-Тао, Жак Ширак, Барак Обама, Дмитрий Медведев, Ангела Мер­кель, Дональд Трамп, Си Цзиньпин, Владимир Путин, Режеп Эрдоған,  Александр Лукашенко, Шимон Перес, Иль­хам Әлиев, Шавкат Мирзиёев, Сооронбай Жээнбеков, Пан Ги Мун, т.б. саяси тұлғалардың пікірі – дәуір мен дүниежүзілік қоғамдастық бағасын ай­қын көрсетеді. Бұл бағаның тұжырымын  Джордж Буштың: «Н.Назарбаев бо­ла­шақ­ты алдын ала болжай алады» деген сөзі мен Маргарет Тэтчердің: «Н.Назарбаев қалыпқа сыймайтын тұлға ретінде елін биікке жеткізу үшін батылдық пен сақ­тық­тың үйлесімін тапты» деген ойы анық жеткізді. Елбасы елдік саясат пен ұлттық идео­логияны да бір сәт ұмытқан емес. Осы орайда, «Мәдени мұра», «Халық та­рих толқынында», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын ерекше атар едік. Осы және басқа да рухани бағыттағы елдік із­деністер мемлекеттік «Мәңгілік ел» тұ­жырымдамасын қалыптастырып, да­мытты. Тәуелсіздік алғаннан кейін-ақ ұлт­тық мемлекет құруда бұл саланың маңы­зы зор екенін түсінген Елбасы бел­гілі бір мәдени-қоғамдық мәселелерді жинақтауға әрбір жылды арнады. Осы елдік істің негізінде қазір әлемдік кітап­хана мен қолжазба қорларынан деректер алынып, қазақ тарихына қатысы бар көптомдық жарық көрді. Тәуелсіздік алғаннан бергі жүргізіл­ген тың жұмыстар негізінде «Бабалар сөзі» атты 100 томдық қазақ фольклоры­ның жинағы, «әдеби жәдігерлер» (20 том), әл-Фараби (10 том), Шоқан Уәли­ханов (5 том), М.Әуезов (50 том), Ә.Мар­ғұлан (14 том) шығармалары, «әлем­дік философиялық мұра», «әлем­дік фольклористика», «әлемдік әде­биет­тану», «әлемдік өнертану» сияқты көп­томдық кітаптар жарияланды. Таза  ғы­лыми-зерттеулер қатарында көп­томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қа­зақ өнерінің тарихы», «Қазақ хал­қының философиялық мұрасы» сияқты еңбектер басылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты тұ­жырым­дамалық мақаласы еліміздің зият­керлік әлеуетін жоғары деңгейге кө­терді. Әсіресе, «Жаңа гуманитарлық бі­лім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жо­басы – бірегей идея деуге болады. «Рухани жаңғыру» аясындағы «Туған жер» жобасы бойынша жергілікті бас­қару жүйесі, зиялы қауым және білім ме­к­емелері бірлесіп, қыруар жұмыс ат­қарды. Елбасының «Ұлы даланың жеті қы­ры» мақаласынан туындайтын жобалар да ғалымдарымызды  жаңа  зерттеулерге  жұ­мылдырды. «Архив-2025» жобасы, «Ұлы даланың тұлғалары» атты ғылыми-танымдық сериялық еңбектер әзірлеп жариялау жүзеге аса бастады. «Түркі өр­ке­ниеті» атты іргелі ғылыми жоба қол­ға алынып, Ұлы даланың жеті қыры­ның әрқайсысына арнайы энциклопедия даярлау жоспарланды. «Рухани жаң­ғыру» бағдарында «Қазақстан-2050» стра­тегиясында белгіленген латын қа­ріпті қазақ әліпбиінің концепциясы да Елбасы идеясымен нақтыланып, жүйе­ленгенін атап өткен орынды. Нұрсұлтан  Назарбаевтың  Мемлекет басшысы ретіндегі қызметі, бастамашыл қайраткерлігі «Тәуелсіздік дәуірі» атты кең тынысты еңбегінде жан-жақты кө­рініс тапқан. Мұнда Елбасы тәуелсіз елдің тарихын канондық үлгіде жазып берді десек, ақылға сыйымды. Әлемдік қо­ғамдастықтан лайықты орын алған мем­лекет дәрежесіне көтерілген еліміз­дің тарихын Ұлт көшбасшысының өзі айшықтап жазып беруі Қазақстан қо­ғамының жасампаз рухын айғақтайды. Маңызы ерекше кітапта еліміздің дүниежүзілік масштабтағы мемлекеттік даму үдерісін, жасампаз тарихымыздың өрелі өрістерін, елдік санаға қуатты сер­піліс пен асқақ сенім әкелген құбы­лыстарды Елбасы Н.Назарбаев тек өзіне тән стильмен аса әсерлі мағынада баян­дап бере алды. Мұнда бүгінгі ғылым биігінен тарихи құбылыстарды шынайы жазу әдіснамасына бағыттайтын және аса мол статистикалық  мәліметтер мен ма­териалдарды оқырманға жеткізетін тың әдістеме бар. Бұл – жалпыәлемдік өркениеттік үдерістер арнасында зер­делеудің жаңа әдіснамалық тұжырым­дамасы деуге лайықты еңбек. Тарихи бетбұрыс пен билік транс-фор­мациясы алдында жарияланған осы толымды  кітап отандастарымыздың қол­дан тастамайтын асыл дүниесіне ай­нала­ды деп үміттенеміз. Әлем тарихында мұндай тәжірибе де бар. Мәселен, Уинстон Черчилль Англияның 4 том­дық тарихын жазып шықты. Шығыстың біртуар қайраткері Джавахарлал  Неру «Әлем тарихына көзқарас» атты еңбе­гінде Үндістанның мемлекеттік идея­сын тұжырымдады. Жаңа Түр­кияның негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүрік 1927 жылы Республикалық ха­лық партия­сының II конгресінде 36 сағат «Nutuk» (Сөз) атты баяндамасын оқып, түрік санасында төңкеріс жасады. Кейін ол 900 беттік кітап болып шыққан. Оның нәтижесі – жаңа Түркия Респуб­ли­касы. Нұрсұлтан Назарбаев – жай ел бас­шысы емес, құрушы, жасампаз, көреген тұлға. Сондықтан  бәрі «бірінші» және «тұң­ғыш» дегеннен басталады. Ендеше бұл ең­бек – жаңа мемлекетті өз қолымен, өз бастамасымен тұрғызған аса ірі та­рихи тұлғаның әрі жылнамасы, әрі дәуір­намасы. Біртуар Нұрсұлтан Әбішұлы – тәуел­сіз Қазақстанның негізін қалаған тұлға, Отан және мемлекеттілік тарихының барлық кезеңдерін жетік білетін саяси қай­раткер, терең тамырлы тұжырым­да­малы еңбектің авторы. Ендеше оның тәуел­сіз ел тарихын өзі бастап баяндауы қо­ғам­дық санамызға орасан зор ой са­лып, мемлекетімізді ренессанстық даму сатысына одан сайын өрлеткені сөзсіз. 2019 жылы 19 наурызда  Қазақстан өз дамуының  жаңа кезеңіне көтерілді. Бұл – саяси өркендеудің сабақтастығын, әлеу­меттік-экономикалық бағыты­мыздың  жүйелігін көрсетті. Елбасы жаңа Президенттікке үміткер ретінде тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен жа­нынан табылған саяси серігі, сенімді шәкірті, қайраткер, дипломат, әлемдік қо­ғамдастыққа танымал тұлға Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Елбасы сенімі – ел сенімі. Қасым-Жомарт Кемелұлы әділ сайлау до­дасында жеңіске жетті. Елбасы мен жаңа Президент бірлігі, тандемі жаңа Қа­зақстан қоғамын одан әрі ұйыстыра түсті. Нұрсұлтан Назарбаев – туа біткен және сирек кездесетін дарын. Оны Жа­рат­қан  Ие еңбекшілдігімен шыңдап же­тіл­дірген.  Өмірге құштарлық, ой­лы­лық, батылдық, бастамашылдық – оның әртүрлі қыры. Осыларды ол біліммен, ұлы тұлғалар туралы тарихи деректерді көп оқумен ұштай түсіп, өзі өткен өмір соқпағында ізденумен толықтыра білді. Табиғатында кемел көсемдік бар. Ол әрқашан батыл да өткір, оның мысы бас­қаларды басып жүреді. Қазақ осын­дай адамды «аруақты» дейді. Қазақстан үшін бүгінгі әлемдегі, өңір­дегі, елдегі береке-бірліктің тұғыры, қауіп­сіздіктің кепілі – Елбасының аты мен заты, мұрасы мен мұраты болатыны да сондықтан. Ұлттың бағына біткен бір­туар тұлғаға ұзақ ғұмыр, бейнеттің зей­нетін көруді тіледік.