1 шілдеден бастап барлық құрама командалардың оқу-жаттығу жиындары белгісіз мерзімге тоқтатылады. Мұндай шешім Қазақстанда коронавирус індетінің өршуіне және көптеген ірі халықаралық жарыстың кейінге шегерілуіне байланысты қабылданды. Сонымен бірге қазіргі таңда жаттығу жиындарын өткізіп жатқан командалардың алдағы жоспарлаған жиындары кейінге шегерілді.
– Мұндай шешім қазіргі таңда жағдайдың ушығуына байланысты қабылданды. Осыған қарамастан бірнеше құрама командалар жаттығу жиындарын ойдағыдай өткізіп үлгерді. Ал кейбір команда барлық қатаң талапты сақтай отырып, спорт нысандарында жаттығуды жалғастыруда. Спортшылардың денсаулығы бірінші орында болғандықтан, жағдайды ескеріп, жаттығу жиындарын тоқтатқанды жөн санадық. Бұдан кейінгі жоспарланған жиындарды белгісіз уақытқа кейінге шегеріп, спортшыларды оқушаулағанды дұрыс деп санаймыз, – деді жедел штабтың жетекшісі, спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов.
Айта кетейік, 1-29 маусым аралығында 12 спорттық нысанда 26 оқу-жаттығу жиындары өтті. Оған барлығы 22 ұлттық құрама командалары қатысқан болатын. Жиынның алдында спортшылар COVID-19 үшін міндетті тестті тапсырды. Мамандандырылған спорттық базаларда Қазақстанның мемлекеттік бас санитар дәрігерінің 10.05.2020 жылы шығарылған №36 спорттық нысандар, базалар және залдардың жұмыс істеу алгоритмі, «Қазақстан Республикасы тұрғындары арасында коронавирус инфекциясының алдын алуға байланысты іс-шараларды әрі қарай қаталдату» туралы қаулысына сай санитарлық-дезинфекциялы режимді сақтаумен оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылды. Жаттығу барысында қауіптің алдын алу мақсатында ҰОК спорт нысандарын әзірлеп, талапқа сай оқшаулады.