Польшада Абай бейнеленген пошта маркасы шығарылды
Польшада Абай бейнеленген пошта маркасы шығарылды
177
оқылды
Польшада Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы құрметіне ұлы ақын бейнеленген пошта маркасы шығарылды, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. Абай бейнеленген пошта маркасын Қазақстанның Варшавадағы елшілігінің бастамасымен "Почта Польска" компаниясы шығарған. Қазақстанның Польшадағы елшісі Әлім Қирабаев қазіргі ұрпақты адалдық пен әділеттілік қағидаларын басшылыққа алуға, сондай-ақ  өз халқына қызметтеуге  және ағартуға ұмтылуға шақырып, ақынның философиялық идеялары мен өлмес әдеби мұрасының өзектілігін атап өтті. "Почта Польска" АҚ төрағасы Томаш Здзикота ұлы ойшыл бейнеленген пошта маркасы филателистердің зор қызығушылығын тудырып, бірлескен сәтті жобалардың айғағы болатынына сенім білдірді.
"Абайдың 175 жылдығын мерекелеу аясында өткізілген шара поляк аудиториясын Қазақстан халқының мәдени мұрасымен және рухани байлығымен таныстыруға жақсы мүмкіндік ұсынды", - делінген хабарламада.
Пошта маркасын таныстыру салтанатына  Қазақстан елшілігінің өкілдерімен қатар  "Почта Польска" АҚ мен Польша сыртқы істер министрлігінің басшылығы қатысты. Кездесу соңында елші қонақтарға поляк тілінде жарық көрген Абайдың "Қара сөздер" кітабының бірнеше данасын табыстады.