Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, іс-шара Қазақстанның Румыниядағы елшілігі Қазақстан-Румын Іскерлік кеңесінің және Бухарест қаласы 1-сектор мэриясының қолдауымен өтті.
Саябақтың ашылуы елорда күніне және Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мерейтойына орайластырылған. Оған мемлекеттік органдардың өкілдері, Румынияның қоғамдық және іскерлік топтары, дипломатиялық корпус пен БАҚ өкілдері қатысты.
«Айтулы іс-шара Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының әкімдігі мен Бухарест қаласы 1-секторының мэриясы арасындағы өзара меморандум негізінде өтіп отыр» делінген ресми ақпаратта.
Елші Нұрбах Рүстемов Елбасының қазақ еліне сіңірген еңбегі мен айрықша жеке қасиеттеріне ерекше назар аударып, Тұңғыш Президенттің арқасында еліміз халықаралық сахнада жоғары деңгейге қол жеткізгенін және қазіргі заманғы әлем тарихында лайықты орынға ие болғанын атап өтті.
«Нұр-Сұлтан» саябағының ашылуы – достас екі халық арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам.
Айта кетейік, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың 1998 және 2007 жылдары Румынияға жасаған сапары Қазақстан-Румыния байланысына тың серпін берген болатын. Сол уақыттан бері Румыния Қазақстанға 1,7 млрд АҚШ доллар инвестициялады. Екі ел арасындағы жылдық тауар айналымы бүгінде 1,8 млрд АҚШ долларына жетті.