Қандай кітапқа сұраныс жоғары?
Қандай кітапқа сұраныс жоғары?
969
оқылды
Әлеуметтік желі арқы­лы кітабын насихаттап, тара­лымын арттырып жатқан бло­герлер де жоқ емес. Instagram желісінде психо­лог-тре­нерлердің де кітабы өтімді болып тұр. Соңғы 10 жыл­да кітап нарығы мүл­дем өзгерді. Неге? «Меломан» сауда желісі ка­рантин кезінде көп сатылған 10 кітаптың тізімін жасаған екен. Алғашқы орында Михаил Лабковскийдің «Хочу и буду: Принять себя, полюбить жизнь и стать счастливым» кітабы тұр. Одан кейінгі орында Сара Кэмеронның «Аштық жайлаған дала» еңбегі бар. Синсеро мен Марк Мэнсонның да кітабы сұра­нысқа ие болған. Ермек Тұрсыновтың «Қара шаңырағы» мен Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері» көп өтіпті. Кәмшат Бекжігітованың «Ойыңды өз­гертіп, өміріңді өзгерт» деген кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын са­тып алғандар да баршылық. «Абай жолы» түсінікті, ал Кәмшат Бекжігітованың кітабы оқырманды неге қызықтырды екен? Байқауымызша, бұл кі­тапта үш баланың анасы, жал­ғы­зілікті әйелдің тағдыры бей­не­ленген. Қоғам қазір осындай шы­ғармаларға зәру секілді. Әрине, қазір өз «өмірін» өзгерткісі келе­тіндер де өте көп. Олар осылайша ойы өзгерсе, өзі де өзгеретініне кәміл сенеді. Мәселен, карантин кезінде «Фолиант» баспасы бірнеше рет «Кітап жәрмеңкесін» өткізді. Жәрмеңкеге келіп, кітап сауда­сының көрігін қыздырғандар да көп. Баспаның өкілдері «ақын-жазу­шылардың еңбектері сұра­ныстан түсіп қалды» деген пікір­мен келіспейді. «Жалпы, қазіргі таңда ондай тенденцияның бары рас. Дегенмен өз оқырмандары­мыз­дың сұранысы негізінде көр­кем әдебиет оқылып жүр деп се­німді айта аламыз. Классик ақын-жазу­шыларымыздың дү­ниелері, та­нымал тұлғалар био­графиясы, өлкетану кітаптары, аударма әдебиеттер. Біздегі бест­селлер кітаптардың бірі – Орхан Памуктың «Сезім музейі», «Менің атым Қырмызы» романдары және Решат Нұри Гүнтекиннің «Үзілген жапырақтары» мен «Беймаза бозторғай» кітаптары», – дейді «Фолиант» баспасы дирек­торы­ның орынбасары Жеңіс Қазанқапов. Мотивациялық кітаптарға сұраныстың жоғары екенін QAZYNA кітап сауда үйі де жоққа шығармайды. «Карантин уақытында Мәрзия Бекайдардың «Қисық қабырға», Динара Болаттың «Өмірге шексіз ғашық» және тағы басқа психологиялық, мотивациялық кітаптар өте көп өтті. Ақын-жазушылардан Бауыржан Момышұлы мен Мұхтар Мағауиннің кітаптары сұранысқа ие. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын сұрағандар да көп. Сатылған кітаптардың арасында «Құран Кәрім» мен «Адамзаттың асыл тәжі» де бар», – дейді Жанна Орынбек. Кезінде ең көп оқылған кітап­тардың қатарында Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдары» мен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі жиі аталатын. Әлі күнге дейін бұл екі шығарма қолданыстан түскен жоқ. «Ме­нің атым Қожаны» жата-жастана оқитын жастар жетерлік. Кітапханаға да келушілер осындай классикалық шығармаларды көбірек іздейді. «Көркем шығармалар әлі де сұраныста. Оның ішінде қа­зақ әдебиеті, орыс әдебиеті және әлем классиктерінің шығар­ма­лары бар. Негізінен, 90 пайызы көркем әдебиетті сұраса, қалған 10 пайызы мотивациялық кітап­тарға құмартады», – дейді Жам­был атындағы жасөспірімдер кітап­ханасының меңгерушісі Ғазиза Құдайберген. Кеңес дәуірі адамзатты кі­тап оқуға үйретті. Қой баққан қой­шы да, ой баққан ойшы да қойнынан кітабын тастаған жоқ. Ол әдебиет бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеп, ана тілінің кәусарына шомылдырып өсірді. Қазір кітаптан бедел кетті. Оқырман кітап­тан гөрі телехикаяға үйір болды. Телеарнаны жаула­ған сериалдар кітаптың орнын ал­мас­тыра алды деген пікірлер де ай­тылып қалады. Кітап пен оқыр­манның арасы алшақтауының себебін бір сөзбен түсіндіре ал­май­тынымыз хақ. Кітап құн­ды­лық болудан қалды десек, моти­вациялық кітаптарға неге сұраныс жоғары деген ой келеді. Ал баспагер Айсұлу Бәдел­қызы біздің бұл пікірімізбен ке­ліс­пейтінін айтады. Ол: «Бірін­шіден, баспа бизнесінде «кітапты емес, авторды сату керек» дейтін ұстаным бар. Яғни, оқырман кез келген кітаптың ең алдымен авторына қарайды. Әлеуметтік желі арқылы өзін-өзі әбден жар­намалап алған авторлардың жолдары болып жүргені содан. Екіншіден, біздің халықтың нарық заңдылықтары туралы түсінігі әлі таяз. Тез байи салғысы келіп тұрады. Сауатты бизнес жүргізіп, іскерлік қабілет пен біліктіліктің арқасында ғана өздері армандаған табысқа жетуге болатынын түсіне бермейді. Сондықтан байып кетудің жеңіл жолдарын көрсетеміз деп ақыл айтқан «инстажұлдыздарға» ұйып қалады бірден. Кітабын алғанда да, қалай байып кетудің жолын табам деп алады. Рухани азық алайын деп емес. Кейде басқа кітаптар қолжетімді бола қоймаған соң осындай авторларға жүгінеді еріксіз. Үшіншіден, бұл баспалардың емес, жекеленген авторлардың өнімі. Сондықтан бұған кәсіби баспагерлерді айып­таған жөн емес», – дейді. Баспагерлер қандай кітап шығарған тиімді? Олар кітап нары­ғында ұтылмас үшін не істегені жөн? Бұған баспагерлердің айтар уәжі қандай? «Біз сөз бостандығына ерік берген елміз. Демек, баспа мен авторларға «мынадай кітапты шығарасың, мынадай кітапты шығармайсың» деп шектеу қоя алмаймыз. Бұл жерде кемшілікті отандық кітап нарығының да­муына жол аша алмай отырған саясаттан іздеу керек шығар. Қоғамдық ұйымдардың зерттеуі бойынша, Қазақстандағы кітап нарығының ең аз дегенде 75 па­йызы – ресейлік баспалардың еншісінде. Егер тек көркем әдеби кітаптарды алып қарасаңыз – 90 пайызы Ресей баспаларының өнімі. Осылайша, қорғансыз қалған ҚАЗАҚ кітап нарығы саяси шешімдерге зәру болып тұр. Қазақ тілінде шығатын кітаптар нарығына саяси шешімдер ар­қылы жол ашса, шөліркеген оқыр­ман рухани бай мұраға бас қойып, жақсы кітаптарға қарқ болып, ал әлгіндей «ақыл айтқыш» кітаптар өзінен-өзі ығысып қалар еді», – дейді баспагер. Жазушы Ырысбек Дәбейдің «адам қолымен жазылған кітап­тардың бәрі оқырман тәр­биелейді» деп кесіп айтуға да болмас, оның ішінде оқитыны да, өртейтіні де толып жүр» деген пікір айтып еді. Бүгінгі оқырман оқитын кітап оқып жүр ме, жоқ, әлде «өртейтін» кітап оқып жүр ме, ол жағын таразыға салып өлшемей-ақ қояйық. Бастысы, мотивациялық болсын, психологиялық болсын, қоғамға қажет шығарма оқылып жатыр. kniga Бір кездері Джек Лондон шығармасын бастыра алмай, 600 рет тауы шағылған екен. Қазір Джек Лондонның мықтылығын әлем жұртшылығы мойындап отыр. Сол секілді мықты кітап бәрібір електен өтіп, саф алтындай сақталып қалады. Бүгін «жеңіл, оқуға ыңғайлы» кітаптардың көші салтанат құрып тұрғаны жасырын емес. Бұл кезеңнен де өтерміз.  

Гүлзина БЕКТАС