Бір аптада – 61 адам...
Бір аптада – 61 адам...
475
оқылды

Қазір – жазғы демалыс мезгілі. Аптап ыстықтан қашқан адамдар салқын суға түсіп, жан шақырғысы келеді. Жаздың әрбір қолайлы күнін еңбек демалысына шыққандар да тиімді пайдаланғысы келетіні тағы бар. Шетелге шыға алмайтындар Қазақстанның өзен-көлдерін жағалайды. Жолдың жайсыздығына қарамай, көлікпен сапар шегетіндер де жеткілікті.

Халқымыздың даналық дәп­терінде «Апат айтып келмейді» деген сөз бар. Өткен апта біраз өңірдегі отбасы үшін қаралы болды. Бір аптаның ішінде ел аумағында 61 адам суға батып кеткен көрінеді. Олардың 22-сі бала екен. Екі күн­нің ішінде – сенбі-жексенбі күндері Қазақстан бойынша 22 адам суға кеткен. Оның 7-еуі бала боп шықты. Күн сайын суға кетіп өле беретіндей баласы көп ел ме едік?

Бір аптада 61 адамның қайтыс болуы алаңдатпай ма? Төтенше жағдай комитетіндегілер мұның себебін «Тұрғындар қауіпсіздік шараларына селқос қарайды. Қай­ғылы оқиғалардың басты себебі – осы. Жабдықталмаған орында шомылу, балаларды қараусыз қал­дыру да бір себеп» деп түсіндіреді. Елімізде 50 мыңнан астам суға шомылатын орын бар. Солардың негізінде 607 ресми жағажай жасақталған. Оның тек 107-сі ғана коммуналдық меншікте көрінеді. ІІМ Төтенше жағдайлар коми­те­тінің төрағасы Владимир Беккер: «Төтенше жағдай қызметінің құтқарушылары 607 жағажайдың тек 27-сін ғана бақылайды. 113 сти­хиялы жағажайда 53 құтқару пос­тары орнатылды. Оның әрқай­сысында 2-3 құтқарушы, 1 қайық бар. Жыл басынан бері 880 құтқару жасақшыларын тегін дайындадық. Солардан жеке меншіктегі жаға­жайлар аумағында 335 құтқару жасағы құрылды», – дейді.

Осындай шараларға қарамастан, суға кеткендер саны былтырғыдан асып түскен. Демалыс маусымы басталғалы бері 154 адамның ажалы судан болыпты. Оның 58-і – бала. 2018 жылы бұл кезеңде 148 адам суға кеткен екен. «Биыл суға кеткен 14 бала ата-анасының қарауынсыз қалған. Соның салдарынан олар­дың ажалы арық пен елеусіз көл­шіктен келген. Мені бәрінен бұрын осы алаңдатады», – дейді комитет төрағасы.

Алматы облысы әкімінің бас­пасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел Алматыдан Алакөлге барар жолда аударылған автобустан 17 адам зардап шеккенін хабарлады. «Жол-көлік оқиғасында автобустағы 17 адам зардап шеккен. Оның 5-еуі түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Екі науқас Қабанбай ауы­лындағы, ал тағы 3 адам Сар­қан қаласындағы ауруханаға жатқызыл­ды». Көлікте 47 адам болған.

Ел ішіндегі демалыс орын­дарына баратын автожолдар сапасы сын көтермейді. Әбден ойылып, кей жерлері қазан шұңқыр болып кеткен жолдарда көліктердің жыл­жуы да бір машақат. Өзен-көл жаға­лауларында сақтық шаралары то­лық жасалмаған. Жабайы жағажай­ларда құтқару құралдары атымен жоқ.

«Сақтансаң – сақтаймын» деген тегін айтылмаған ғой. Түрлі апат-күлпаттан халқымыздың аман болғаны керек.