Құлагер тағдырлы қазақ
Құлагер тағдырлы қазақ
692
оқылды

«Айқын» газетіне «Жасырын» лауреат немесе Ленин сыйлығын алған қанша қазақ бар?» деген мақаламыз жарық көрген күннің ертесіне белгілі журналист, қазақ журналистика­сының жампозы Жанболат Аупбаев ағамыз қоңырау шалып: «Тізіміңе тағы бір кісіні қосып қой, академик Мұрат Айтхожин, Ленин сыйлығын 1976 жылы алған» деді.

Өткенде жазғанбыз: қазақтан Ленин сыйлығын алған азаматтар – Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Шахмардан Есенов, Халел Өзбекға­лиев және Халел Әубәкіров деп. Кеңестік заманда Ленин сыйлығы кім көрінгенге берілмейтін. Себебі бұл сыйлық бүкіл Одақтағы ғылыми жетістіктер үшін берілетін атақтар­дың ең жоғарғысы болатын. Ленин сыйлығы сол заманда әйгілі Нобель сыйлығымен пара-пар тұратын.

Осы топтың басында тұрған Мұхтар мен Қаныш Алаш идеясы­мен қаруланған азаматтар. Кезінде «Сендерде тарих та, мәде­ниет те болмаған» деген шовинистік көз­қарас Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Ясауи еңбектерін мүлдем елеусіз қалдырды. Дүниеден аққан жұл­дыз­дай жарқ етіп өте шыққан Шоқан Уәлихановтың біраз мұра­сын Әлкей Марғұлан саналы ғұмы­ры­ның біраз бөлігін сарп етіп, жинақтап беріп кетті.

Тарихшы Төкен Ибрагимов айтты деген бір әңгіме бар: «Аума­лы-төкпелі 20-жылдары Ташкент қаласында Алаш арыстары бір түнде қамауға алынады да, бір каме­раға тоғытылады. Ахмет Байтұр­сы­нов бастаған Алаш арыстарының ара­ла­рындағы ең жасы Мұхтар Әуезов екен. Бір күні, кезекті қатал тергеу­ден кейін, өзара әңгіме барысында Мұхтар Әуезов «Сіздер қиналма­ңыздар, мен бәрін өз мойныма алайын», – дейді. Сол кезде Ахаң жарық­тық: «Мойныма аламын дей­ді, естідіңдер ме? Мұх­тар-ау, бізге мына қара халқы­мыз­дың амандығы үшін, ұлты­мыз­дың бүтіндігі, теңдігі, бостандығы, өзі­нің дербес астанасы бар тәуелсіз ел болуы үшін мына сен сияқты көзі ашық, көкірегі ояу жастардың амандығы керек! Мұндай қызба­лыққа салынба, біз бір ретін табар­мыз, сендер аман болыңдар! Сен­дер­дің амандықтарың болашақ­қа қажет!», — деген сөзді айтқан көрі­не­ді.

Әдебиеттен Мұхтар Әуезов тұңғыш Ленин сыйлығын алған қазақ болса, одан кейін 1942 «Руд­ные месторождения Джез­каз­ган­ского района» деген 15 жылғы үздіксіз ғылыми еңбегі үшін Қаныш Сәтбаевқа Сталин сыйлығы беріл­ген болатын. Сталин сыйлығы деген – Ленин сыйлығы!

1947 жылы Англияға сапар жаса­ған кеңес парламентарийінің ішіндегі қазақ ғалымына Ұлыбри­танияның экс премьер-министрі Уинстон Черчилль: «Барлық қазақ­тар сіз сияқты биік пе?» деп сұрап­ты. Сонда академик Қаныш Сәтбаев: «Жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі – мен, менің халқым – менен де биік» деп жауап берген екен.

Бұл әңгімелерден не түйеміз? Алаш азаматтары бір-бірін қолдай білген және ұлт мұраты жолында барынша адал, керек жерінде ұлық та, кішік те болғандығын байқай­мыз.

Қазақ зиялылары ұлттың рухын асқақтатып, тәуелсіздігін алу жолында аянбай күресті. Кеңес билігі кезінде саяси қуғын-сүргін құрығына жаппай ілікті. Қаншама зиялы азамат жазықсыз сотталып, көбісі ату жазасына кесілді.

Негізі Абай – қазақ баласын ХХ ғасырға даярлаған тұлға. Алаш арыс­тары сол Абай идеялары мен рухынан нәр алған жандар. Олар ХХ ғасырдың басындағы қазақ хал­қының ұлттық санасының оянуы­на тікелей ықпал етті. Өкінішке қарай көбісі Абай аманатын ақырына дейін орындай алмай, зұлмат за­ман­ның соққысына ұшырап мерт болды. Ілияс Жансүгіровтің «Құла­гер» деген поэмасы бар. Құлагер мәреге жете алмай кетті...Алаш арыстары да сол тұлпар тағдырын бастан кешті...

Мұстафа Шоқай: «ұлттық зия­лы­лар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеу­мет­тік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре ала­ды», – деген болатын.

Алаш зиялыларынан қалған сөз бар: «Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды. Дүниядағы жер билігі күннен-күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады. Еуропада ұлық патша атанған жұрт халықтың ақылды ұсталығына сүйеніп, ұлық патша болып отыр».

Алаш арыстарының алды аты­лып, арты сотталып жатса да ұлттық рухы өлмеді. Отаршыл билік әркез ұлтқа тұтқа болатын азаматтарды қуғынға салып, қысым көрсетіп отыр­ды. 40 жылдардың соңы мен 50 жылдардың басында саяси айыптауларға белгілі ғалымдар мен мемлекет қайраткерлері М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, А.Жұбанов, Х.Жұма­лиев, Е.Исмаилов, Т.Тәжібаев ілікті. Бірқатар биолог ғалымдарға, дәрігерлерге, геологтарға «космо­по­лит» деген айып тағып, қыз­мет­тен қуды. Қазақ халқы интеллиген­ция­сының басын қырқып отыру саясаты 20-30 жылдар мен 40-50 жылдар аралығымен шектелмей, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде де қылаң берді...

Қазақ баласының оқу-білім қуғандарының баратын жері Мәскеу мен Ленинград еді. Семе­нов-Тянь-Шанский қазақтар тура­лы жазбасында: «Бұларды оқы­тудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері – түгел тұнып тұрған бі­лім», – деген екен. Сонда да жаңа ғасырда қазақтың талай та­лант­ты да талапты баласы оқуды кеңестік орталықтың төрінен алуға ұмтылды. Бұл қазіргі Окс­форд пен Гарвардқа барып оқы­ған­мен тең дәреже-тұғын.

Мәскеуде оқыған бір топ қа­зақ жастары 1963 жылдың қараша айын­да «Жас тұлпар» атты ұйым құрды. Олардың көш басында Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжа­нов, Мұрат Айтхожин, Алтай Қыдыржанов, Қайрат Қадыржа­нов, Әнуар Сартбаев, Болат Хиса­ров, Мұрат Ғылманов, Темірхан Бектібаев, Серік Байкенов, Ізба­сар Рахымбаев, Мақаш Тәті­мов, Жәмилә Намазбаева, Советқазы Ақатаев, Марат Балтабаев, Алдар Тұңғышбаев тәрізді азаматтар болды.

Әміржан Әлпейісовтің «Жас тұлпар дүбірі» атты деректі пове­сінде: «Алаш идеясы жастұл­пар­лықтарды дүниеге әкелді, ал, олар қазақ жастарын оятты. Тәуелсіз, бостандықтағы ел болу үшін ұлтының көзқарасын өзгертіп жаңа болмыс, ойлы санаға жете­леді. Жастұлпар­лықтар әсіресе, Мұрат Әуезов пен Болатхан Тайжан қазақ жастарын мектептен кейін сыны­бы­мен ауылда қалдырып, мал баққызуды геноцид­тің бір түріне санады. Салпаңдап мал соңында жүре берсе аштан өлмес, бірақ көштен қалып қоя­ты­ны айдан анық. «Ой еңбе­гін ұршықша иіретін қазақта қабілет жетеді», – деп Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезовті мысалға келтіріп жүрді. Әсіресе, Болатхан Тайжан барлық кезде­су­лерде ауылды жерде мектеп бітірген балаларды сыныбымен комсомол ұйымдарының қой бағуға жіберетінін әшкерелеп, «бұл адам құқығын бұзу» деп ай­тып та, дәлелдеп те жүрді. «Бәріміз бірдей қойшы болсақ, құл болармыз, бәріміз бірдей тойшыл болсақ, жын болармыз» деп айтудан жалықпады. Шынын­да да, жас түлекке аттестатын бер­мей, қой баққызып қою барып тұр­ған надандық еді. Мұндай көрсо­қыр­лықтар ұлттың дамуын тежеу үшін әдейі істелінді», – деп жазды.

Жастұлпарлықтардың үгіт-насихаты негізінде әр жерде түрлі бірлестіктер, жасырын ұйымдар, сырттан оқитын студенттер ара­сында өзге қалалардан бөлімшелер құрылды. Алаш зиялыларынан кейін қазақтың тілінің көркем­дігін, ұрпақ санасына ұлтшыл ұғымын сіңдіруге үлес қосқандар да жастұлпарлықтар еді. Оларға «Бүлікші, Алашорданың күшік­тері өсіп, Кеңес өкіметін құлат­пақ­шы», – деп айып таққандар да болды. Жастұлпарлықтардың бәрі негізінен алғанда Ресейде оқитын қазақтың қайсар ұлдары мен қыздары еді. Олар Алаш зиялы­ларындай басшысы дана, қоғамы дара, ел еңсесі биік, ердің бағы жанып, ұлты бақытты болатын кезеңді аңсады.

Мұрат Айтхожин:Шынайы ғалым өз қызметін жарнамалауды ұнатпайды. Алайда ғалым өзінің өмір жолын бағалап, қорытынды жасаса  – бұл басқа мәселе. Бұл жағдайда ғылымды насихаттауға айтарлықтай ықпал етеді. Бірақ бұл тәжірибесі мол, көп өмір сүрген, бай өмірбаяны бар ғалымның нақыл өсиеті болуы керек.

Ұлттық мүдде, болашақ ұрпақ қамы болатын ой-арман Мәскеу, Ленинград және басқа Ресей қалаларында оқитын қазақ жастарының басын біріктірді. Олар ұлт тағдыры үшін өздерінің жауапкершіліктерін сезді. Қазақ ұлтының өркениет көшінен қалмай, әлемде өзіне тиесілі орын алуын көкседі. Жастұлпарлықтар үш бағытта жұмыс істеген екен. Бірінші бағыт – Қазақстаннан тыс жерде оқитын қазақ жастары­на көмек көрсету. Ұйымшылдық, бауырмашылық және қолқабыс мәселелері. Екіншісі – қысқы-жазғы демалыс кездерінде қазақ ауылдарын аралап, елмен танысу, бұқара халықпен тікелей байла­ныс орнату. Үшінші бағыт, бұл – ұлт мәселесі. Ұлттық мәселеге байланысты көне мұра­ларды, ескі кітаптарды зерделеу. Тарихы­мызды түген­деу­ге, рухани болмы­сы­мыз­ды бүтіндеуге жол іздеді. Ана тілін, дінін, ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрін күрес құралының көзіне айналдырды.

«Жас тұлпар» қозғалысы мың­да­ған жастардың басын қосып, санасын оятты. Жастұлпарлықтардың қата­ры­нан қазақ зиялы қауымының жаңа буыны өсіп шықты. Ұлтты сүю деген қасиеттің арқасында Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет болуына үлес те қосты, өздері де өсті. Әсіресе, білім, ғылым, өнер және өнеркәсіп саласының талай көшбас­тар майтал­мандары шықты. Олардың қатарында Қазақстан Ғылым академиясының президенті, Ленин сыйлығының лауреаты Мұрат Айтхожин, лазерлік қару саласының маманы, КСРО Мемлекеттік сыйлығы лауреаты, Қазақстан вице премьер-министрі Ғалым Әбіл­сейітов, Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметов, Қазақстан ұлттық ядролық орталығы бас директоры Қайрат Қадыржанов, «Алматы энергия жүйесі» бас директоры Алтай Қадыржанов, Қазақстанның биотех­нологиялық ұлттық орталығы­ның бас директоры, академик Мұрат Ғылманов, Ғылым академиясының биоинженерлік институтының директоры, академик Ізбасар Рахым­баев, дефектология саласының ұйымдастырушысы, ака­демик Жәмилә Намазбаева, Қа­зақ­стан Байланыс министрі орынбасары Алдар Тұңғышбаев болды.

Өткен ғасырдың 60-шы жылдары Кентау, Жаңатас, Рудный тәрізді шағын қалалар бой түзеп, кейін олардың саны 47-ге жетті. Сол тұста Қарағанды металлургия комбинаты тұңғыш прокат болатын өндіріп, дүниежүзіне паш етті. Ермак жылу-электр стансасы, Қапшағай су электр стансасы іске қосылды, кейінірек 80-ші жылдардың басында Одаққа мәшһүр аса қуатты Екібастұз электр стансасының алғашқы блоктарының генераторлары ток бере бастады. Ақтөбе, Ақсу ферроқорытпа, жаңа Жамбыл фосфор зауыттары, Петро­павл, Орал мәшине жасау өнеркәсіп орындары сапалы, тың өнімдер өндіріп шығарды.

Қазақстан ғылымы да қарыштап дамыды. Биотехнология өркендеп, академик Мұрат Айтхожин бастаған ғалымдар Ленин сыйлығының лауреаты атанды. Математик Мұхтар Өтелбаев жарқ етіп шықты. Ғылым академиясында ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын зерттеу секторы ашылды. Есік қорғанынан «Алтын адам» табылып, қазақтың сонау сақ заманынан бергі тарихы­ның жаңа парақтары ашылды. Әдебиет пен мәдениетіміз де кең қанат жайды. 1974 жылы Халық артисі Серке Қожамқұлов, 1976 жылы Халық жазушысы Ғабит Мүсірепов Социалистік Еңбек Ері атанды, көптеген ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлері КСРО, Қазақ КСР мемлекеттік сый­лық­тарының лауреаттығына, КСРО Халық артисі атақтарына ие болды. Ол кезде бұл үлкен дәреже, зор абырой саналды.

Солтүстік Қазақстан өңірі қазаққа Евней Бөкетов, Ғазиз Ташенов, Еренғайып Шайхутдинов, Аманжол Қошанов, Мұрат Айтхо­жин, Оразгелді Баймұратов, секілді ғалымдарды берген қасиетті өлке.

Мұрат Айтхожин – 1939 жылы 29 маусымда Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар қаласында дүниеге келген. Айтхожиндер әулеті – түгел дерлік ғылымға ден қойған жандар. Нариман Айтхожин радиоаспап құрылғылары саласында үлкен жетістіктерге жетіп, Кеңестік зымыран қаруынан қорғаныс жүйесінің пайда болуына әсер еткен ғалымдардың бірі болса, Сабыр Айтхожин – жартылай тоқ өткізгіштік және транзистор саласында елеулі еңбек еткен ғалым. Ал Нағима Айтхожина – геномика сала­сын­дағы халықаралық дәрежеде таны­мал ғалым. Назира Айтхожина – биология ғылымдарының докторы, фитопатогенді микроорганизмдер саласындағы ірі ғалым. Марат Айтхожин – геология саласындағы білікті ғалымдардың бірі. Мұрат 1962 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің биологиялық-топырақ саласын­дағы факультетін бітірген, бірақ оқудың көп уақытын М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде өткізеді. Студент ретінде Мұрат Әбенұлы нуклеин қышқылдары бойынша А.Белозер­ский және А.Спирин басшылығы­мен зерттеу жұмыс­тарын бастайды. 1961 жылы Ашхабадта өткен Орта Азия және Қазақстан студенттерінің IV ғылыми конференциясында «РНКазы диаминдермен ингибир­леу» атты оның курстық жұмысы бірінші сыйлыққа ие болады.

Ғылым жолына бет бұрған Мұрат Айтхожинның «Рибосомның жасырын деградациялануы туралы» дипломдық жұмысының нәтиже­лері «Биохимия» журналында жарияланады. Ғылыми жұмыс М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспи­ран­турасында биология ғылым­дарының докторы, кейіннен академик, Ленин сыйлығының лауреаты, ақуыз институтының директоры А.Спириннің жетекші­лігімен жалғасады.

Алаш зиялыларынан қалған сөз бар: «Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды. Дүниядағы жер билігі күннен-күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады. Еуропада ұлық патша атанған жұрт халықтың ақылды ұсталығына сүйеніп, ұлық патша болып отыр».

1966 жылы Мұрат Айтхожин «рибонуклеин қышқылдары вьюна Misgurnus fossilis ерте эмбрио­генезінде» тақырыбында диссерта­ция қорғайды. Биология ғылымда­ры­ның кандидаты атанады. Осы зерттеулерде белгіленген ең маңыз­ды фактор – жануарлардың цитоплазмасында рибонук­леоп­ро­теид­ті бөлшектер ақпараттық РНК (мРНК) өмір сүруінің жаңа түрінің ашылуы – информосом түрінде. Кейінірек, Қазақстанда М. Айтхо­жин өсімдік жасушаларында информосом бар екенін анықтады, бұл мРНК рибонуклеопротеидтік ұйымының әмбебаптығын дәлел­дейді.

1966 жылдан бастап Мұрат Айтхожиннің ғылыми қызметі ҚазССР Ғылым академиясымен байланысты болды. Республикада молекулалық биологияны дамыту қажеттілігі, оның ҚазССР ҒА Бота­ника институтында ақуыз және нуклеин қышқылдары зертха­насын ұйымдастыруға ықпал етті. Бұл жұмыстарда бірінші рет өсімдік­тердің рибонуклеопротеид­те­рінің әртүрлі кластарының физикалық-химия­лық қасиеттерінің толық сипат­тамасы берілді, бидай ұрық­тары­ның жетілуі мен өсуі кезінде информосоммен синтездеу зерттел­ді, функционалдық белсен­ділігі бар гибридті рибосомды құру және зерттеу бойынша бірегей экспери­мент­тер жүргізілді. Айтхожин бидай дәнінің эмбриогенезі, пісіп-жетілуі, тұқымынан өнуі кезінде оның клеткаларында жүретін құбылыстарды: ақпараттық РНК-ның биогенезін, түзілуін, сақталуын және оның құрылымдық ерекше­ліктерін зерттеді. Өсімдік рибосо­ма­ларының физикалық-химиялық қасиеттерін анықтап, олардың жануар рибосомаларына ұқсас екенін байқады. Жануар мен өсімдік клеткаларының суббөлшек­терінен тұратын әрекеті күшті будан рибосомалар алуға, оларды зерттеуге болатынын тәжірибе жүзінде дәлелдеді. Бұл зерттеулер эволюция теориясы үшін үлкен маңызға ие болды және М.Айтхо­жин­ның «жоғары өсім­дік­тердің рибонуклеопротеид­ті бөлшектері» атты докторлық диссертациясында толық сипатталды. Айтхожин 1976 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университе­тінде «молекулалық биология» мамандығы бойынша ғылым докторы дипломын алады. Сол жылы Мұрат Айтхожинге «инфор­мо­сомның ашылуы – жасушаішілік бөлшектердің жаңа класын ашу» жұмыс циклі үшін Ленин сыйлығы берілді.

Ленин сыйлығын алғанда Мұрат Айтхожин бар болғаны 37 жаста екен. Отыз жеті жасыңызда сіз не бітірдіңіз, біз не бітірдік?

Мұрат Әбенұлы бүкіл білімі мен бойындағы қайрат-күшін Қазақ­стан ғылымының өркен­деуіне жұмсағанын көреміз. Био­химиялық тәжірибелерді авто­маттандыру саласында бел­сенді басшылық жасайды. Қазақстан ғылым акаде­миясының жанынан Молекулалық биология және биохимия институ­тын аштыртады. Осы институт құрамында клет­калық және гене­тикалық инже­нерия, трансгеноз лабора­то­рия­ларын, Биотехнология орта­лығын ұйымдастырады. Ғұлама ғалым өле-өлгенше ғылым мен білім жолында болғанын аңғаруға болады.

Серік Негимовтың бір жазба­сында «Ленин сыйлығының лауреа­ты, 1986-1987 жылдардағы Қазақ ССР ҒА-ның президенті Мұрат Айтхожин күн сайын «Орталық ғылыми кітапханада» қаншалықты ғылыми қыз­мет­керлер дайындалға­ны жөнінде мәліметтер сұрататын», – деп жазыпты. Қазақстанда биоло­гияның жаңа бағыттарын дамыту үшін Мұрат Әбенұлы 1983 жылы биохимияның молекулалық биоло­гия институтын не үшін ұйымдас­тырды? Ол бұл саланың болашағы зор екендігіне сенді. Институтта жасушалық инженерия, трансгеноз және генетикалық инженерия зертханалары құрылды. Институт құрылғаннан кейін, бір жылдан соң, оның базасында «Биоорга­никалық химия және молекулалық биология болашағы» атты халықа­ралық симпозиум өтті. Симпозиум жұмысына молекулалық биология және биоорганикалық химия сала­сын­дағы әлемнің жетекші ғалым­дары, оның ішінде Нобель сыйлы­ғының лауреаттары Л. Поллинг, Д. Ходжкин қатысты. 1986 жылдың сәуір айынан соңғы күніне дейін академик М. Айтхожин Қазақ ССР Ғылым академиясын басқарды, ғылыми-ұйымдастыру қызметін академиялық ғылымның ғылыми-техникалық прогрестің қазіргі шептеріне шығуын қамтамасыз етуге бағыттады. Мұрат Айтхожин тұңғыш рет Қазақ мем­ле­к­еттік университетінің биоло­гиялық факуль­теті студент­тері үшін моле­ку­­лалық биология және бірқатар арнайы курстар енгізді. Оның жетекшілігімен 12 канди­даттық диссертация қорғалған. Мұрат Әбенұлы – талантты ғалым, мемле­кет және қоғам қайраткері ретінде ел-жұрттың есінде қалды. Биология ғылымдарының докторы, профес­сор, Қазақстан ҰҒА акаде­мигі Ізбасар Рахымбаев «Мұрат өзінің курстастары мен әріптес­терінің арасында ерекшеленетін. Қандай бір іспен айналысса да, Айтхожин әрдайым асығатын, барлығын тезірек тындырғысы келетін. Қазақстандық биоло­гияны, ғылым ретінде, озық деп санайды және бұған оның сіңірген еңбегі зор. Ірі ғалым бола тұра, ол ғылыми кадр­ларды даярлау мәсе­лесіне үлкен көңіл бөлді», – деп еске алады.

Мұрат Айтхожин – халықара­лық Бейбітшілік қорының Алтын медалімен, «Халықтар достығы» орденімен марапатталған.

1987 жылы 19 желтоқсанда Мұрат Айтхожин өмірден өтті. Небәрі – 48 жасында! Шоқан сияқты жарқ етіп көрініп, жалт етіп аққан жұлдыз! Құлагер тағдырлы қазақ!

2005 жылғы 3 наурыздағы Қазақстан Үкіметінің Қаулысына сәйкес В.Ленин атындағы №1 орта мектебі академик Мұрат Айтхожин атындағы №1 жалпы білім беретін инновациялық орта мектеп болып өзгертілді. Алматы­да Айтхожин тұрған үйге мемо­риалдық тақта орнатылған, Молекулалық био­ло­гия және биохимия инсти­туты оның есімі­мен аталады.

Биыл аса көрнекті ғалымның туғанына 80 жыл толды. Әлем мойындаған ғалымды біз қанша­лықты ардақтай алдық? Ардақтап жүрміз бе?

Бұл сұрақтың жауабына келген­де тосылып қалатын тәріздіміз...Солай...