Елімізде Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды дамыту бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы табысты іске асуда.
Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде аталған жоба аясында мемлекеттік тілге аударылған 30 оқулықтың таныстырылымы өтті.
Аталған мақсатта үкіметтік және коммерциялық емес «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры аударып ұсынған 30 оқулықтың 11 мыңнан астам данасы жоғары оқу орнына жеткізілген.
М.Әуезов атындағы ОҚМУ Қоғамдық сананы жаңғырту жобалық кеңсесінің жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Г.Жанысбекова жаңа 30 оқулықтың мазмұны жайлы таныстырды.
Ал кеңсе жетекшісі Гүлнар Әмірбайқызының айтуынша, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті елімізде алғашқылардың бірі болып жаңа оқулықтарды оқу үдерісіне енгізудің нақты алгоритмін әзірлеген. Нәтижесінде, өткен оқу жылында университет студенттері қазақ тіліне аударылған 18 оқулықты оқу барысында толыққанды қолданған. Оқулықтарды таныстыруға арналған жиынға қатысқан университет оқытушылары жаңа кітаптарды алдағы оқу жылының оқу процесіне енгізу жайлы пікір алмасып, тың дүниелердің жас буынға пайдалы тұстары туралы ой бөлісті.
Е.МҰРАТБЕК,
Шымкент қаласы