Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласы ұлттық бірегейлікті сақтау, сана ашықтығы мен білімге баулуды дәріптеу, прагматизм, бәсекеге қабілеттілікті арттыру мен қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызын алға тартады. Осы тұста ақын Қадыр Мырза Әлінің «Рухани биік кісі – ұлттың ұйытқысы» деген сөзі еске түседі. Бүгінгі қазақстандықтардың бойында қандай қасиет болуы тиіс десе, рухани биіктік дер едім.
Рухы мықты, ата-баба дәстүрін жалғастырып, тарихымызды дәріптеуді азаматтық борышы санайтын ел ағаларының қатарынан Мұрат Рахметовтың табылуы кездейсоқ емес. Әдебиетке жаны құмар, әрбір сөздің қадірін жете түсінетін Мұрат Дүйсенбайұлы рухани дүниесін кемелдендіретін кітаптарды ерекше ынтамен оқиды. Ондай адамдар ел алдына да шыға бермейді, көптің көлеңкесінде жүріп-ақ ірі іс атқара біледі. Мұрат ағамыз орта мектепті бітіріп, Павлодарда зооветтехникумды, одан кейін зооветинститутта Мал дәрігерлік факультетін тамамдаған. Бас мал дәрігерліктен бастап, еңбек жолында қызметтің барлық сатысынан өтіп, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудан әкімінің орынбасары болды. 1977 жылы Баянауыл ауданында «Жаңажол» совхозын басқарып жүргенде іскерлігімен, жауапкершілігімен көзге түсті. Ол кеңес дәуірінде-ақ коммунистік идеология үстемдігіне қарамастан, Мүшһүр Жүсіп бабамызға арнап музей ашу мәселесін көтерді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұлы ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, көріпкел, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы болғанын әр қазақ жақсы біледі. Өткен тарихымыз ұмыт қалмасын деген ағамыз бас болып, көптеген азаматтың көмегімен музей ашылды. 1983 жылы аудандық партия комитетінің хатшысы болып жүргенде Жүсіпбек Аймауытовтың туған жеріне ескерткіш тас орнатуды қолға алады. Павлодар облысында еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы болып іргесі қаланған Майқайың кентіндегі мешітті салуды ұйымдастырған да – осы кісі. Шоң мен Шорман ескерткіштерінің, Үкібай бидің, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Баянауылдан шыққан ішкі істер саласындағы генералдар басына кесене орнатуға да басшылық жасады. Осының бәрін қалай атқарғанын өзінен сұрағаным бар, сонда:
– 1952 жылы жұрт басына жиі баратын болған соң, партия органдары Мәшһүр Жүсіптің бейітін қиратып тастаған. «Жаңажол» совхозына директор болып келгенімде, Мәшһүр Жүсіптің кенже баласы Фазылдың әйелі Нұрапа бұзылған бейітті көтеремін деп шапқылап жүр екен. Кеңес Одағының Батыры, Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы Махмет Қайырбаевқа да, аудан басшыларына да барған. Екібастұз қаласының шахтерлері өз еріктерімен келіп, бейіт іргесін тегін қалап беріпті. Ары қарай құрылысы жүрмей тұр екен. Содан Мәшһүр Жүсіп атамыздың бейітінің басына прорабты, құрылысшыларды алып барып, құрылысты ары қарай жалғастырып, екі бөлмелі үй тұрғыздық. Сөйтіп, Мәшһүр Жүсіп қабірінің басын қалпына келтіруге аз да болса, үлес қостық. Бейіт құрылысы біткеннен кейін ақсақалдар ауылда Мәшһүр Жүсіп музейін ашу мәселесін көтерді. Алматыда тұратын осы елдің азаматы Мәди ағамыз Дихан Әбілов екеуі ауыл ақсақалдарының музей ашу жөніндегі өтініш хатын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне дейін апарған екен. Бірақ еш нәтиже шықпай, елге келді. Олар ақсақалдар жазған өтініш хатты маған әкеп тастады. Мәди де, Дихан да «Жоғары жақтан еш қолдау таппадық. Енді қалғанын өздерің шешіңдер» деді.
Ауыл азаматтарын, мамандарды жинап алып, «Музейді ашайық. Жұмыстан шығарса мені, партия ұйымының хатшысын шығарады. Сендерге қауіп-қатер жоқ» деп музей құрылысын ешкімнің рұқсатынсыз бастап жібердік. Музейге экспонаттар жинау үшін Торайғыр ауылынан Аманкелді Омаров деген мұғалімді көшіріп алып, жауапты міндетті соған жүктедік. Мәшһүр Жүсіптің үлкен ұлы Төлеубай ақсақал бастаған туыстарына Мәшекеңнің пайдаланған бұйымдарын, жазбаларын, кітаптарын, заттарын музейге берулерін сұрадық. Шыны керек, ол кісілер біздің музей ашатынымызға сене қоймады, – деп еске алады ағамыз.
Бұдан кейін Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мүсінін жасау керек болады. Сұлтанмахмұттың бір шығармасында жақсы суреті берілген екен. Бір қолында қағаз, жанарын шыңға қадап, таста терең ойда отырған суретін сол қалпында тастан қашатып орнатты. 2005 жылы зейнеткерлікке шыққалы жүргенде, Қаныш Сәтбаевтың да ойлы мүсінін жасатып, құтты орнына қондырып кетті.
Расында, Мәшһүр Жүсіпке арналған музейді ашу оңайға түскен жоқ. Салуын салса да, оны тіркеу қиынға соғыпты. «Дін – апиын» атанып тұрған заманда Мәшһүр Жүсіптің атын атау қауіпті болатын. Сондықтан салынған мәдени ошақты «Халық музейі» деп атауларына тура келген. Музейге мемлекеттен көк тиын да жұмсалмаған. Шығынын халық көтеріпті. Бұл музейді заңдастыруда марқұм Балтабай Сейсенбековтің көп жәрдемі тиген. Ол облыстық мәдениет бөлімнің бастығы болатын. Музейді Баянауылдағы Қ.Сәтбаев мемориалды музейінің филиалы етіп заңдастырды. Осылайша, «Жаңажол» совхозында Мәшһүр Жүсіпке арналған «Халық музейі» ашылды. Оның ашылу салтанатына мектеп оқушылары мен ауыл ақсақалдары ғана қатысыпты. Облыс, аудан басшыларынан, тіпті Мәшекеңнің туыстарынан да адам болмаған. Ағамыз Мұрат Дүйсенбайұлы «Жаңажол» совхозында бес жыл директор болғанда, ұрпаққа үлгі болар осындай екі ізгі із қалдырған.
Бұдан кейін аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып, он жыл қызмет етті. Аудандағы мал қыстату қорытындысы бойынша одақтық жүлдені бес рет жеңіп алады. Аудан әкімінің орынбасары болып жеті жылдай еңбек еткенде Екібастұз көмір бірлестігімен жақсы қарым-қатынаста болды. Солардың көмегімен Майқайыңда жаңа мешіт ашуға қол жеткізді. Одан кейін аудан әкімі Қорабай Шәкіров елдің тарихын білетін, аузы дуалы, жөн білетін, сыйлы ақсақалдарды жинап, «Даналар даңқы» аллеясын ашу жөнінде кеңеседі. Бұған бюджеттен қаржы бөлінбейтіні, халық қаражатымен салынатыны айтылады. Елдің бәрі қостап, Мұрат ағамызды осы жұмысты атқаруға басшы етіп қояды.
– Қорабай Алматыда белгілі мүсінші Бақытжан Әбішевпен кездесіп, келісті. Ол кезінде Карл Маркс, Тоқаш Бокин, Жамбыл Жабаевтың мүсіндерін қойған шебер мүсінші екен. Сәулет академиясында қызмет істейді. Біз оған Бұқар жыраудың мүсінін жасауды тапсырдық. Ол Бұқар жыраудың үш түрлі мүсінін жасап әкелді. Бізге бірінің бас киімі ұнамады. Бұқар жыраудың туған жері, негізгі мекені Баянауыл ғой. Сондықтан Арқаның сеңсең бөркін киген келбетті мүсінін сомдауды жөн көрдік. Оны Баянауылдың өз тасынан қашауды ұйғардық. Екінші Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бейнесін жасауды қолға алдық. Мәшекеңнің өмірінде бір-ақ рет түскен суреті бар. Сол суретін сақтайық деп ұйғардық. Мүсіншіміз «Мәшһүр Жүсіптің бет-бейнесін келтіре алмаймын ба деп қорықты. Мәшһүр Жүсіптің немересі Сүйіндікті шақырып алып, «Мына жігітті үйіңде үш күн қонақ етіп қайт. Мәшекең атаңның басына апар, құран оқыт. Сенің де пішінің Мәшекеңе келеді. Саған да қарасын, Мәшекеңнің суретіне де қарасын» дедім. Мүсінші Мәшһүр Жүсіп ауылына барып келгеннен кейін бір айдың ішінде Мәшекеңнің мүсінін қашап шығарды. Сөйтіп, Мәшһүр Жүсіп мүсінін де орнаттық. Бабамыздың кесенесінің жанынан «Ескелді» қонақүйі бой көтерді. Бұл іске демеушілік еткен қазақстандық кәсіпкер Тимур Құлыбаевқа алғысымызды білдіреміз, – дейді өткен күндерге шолу жасап.
Бұдан кейін Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мүсінін жасау керек болады. Сұлтанмахмұттың бір шығармасында жақсы суреті берілген екен. Бір қолында қағаз, жанарын шыңға қадап, таста терең ойда отырған суретін сол қалпында тастан қашатып орнатты. 2005 жылы зейнеткерлікке шыққалы жүргенде, Қаныш Сәтбаевтың да ойлы мүсінін жасатып, құтты орнына қондырып кетті.
Аудан әкімі Қорабай Шәкіров екеуі ақылдаса келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Баянауылға бірінші келген сапарын тасқа ойып бейнеледі. І. Жансүгіровтің поэмасында бейнеленген Сағынайдың асындағы ат жарыста Ақанның Құлагерінен кейін екінші және үшінші болып мәреге жеткен Айтбақаның күреңі мен Шорманның шораяқ қарақасқасының құйрық тістесіп шауып келе жатқан суретін де тасқа қашаттырды. Сабындыкөлдің жағасында үш жүз жиналып, Абылайды ақ киізге отырғызып, хан сайлаған сәтін де тасқа бедерлеп түсіртті. Сағынайдың асында бас жүлдеге ие болған баянауылдық палуан Таутан Жақыптың қарсыласын көтеріп алып, лақтырайын деп тұрған сәті де таста бедерленіп тұр. Бұл ағамыздың тарихи деректерді ұрпақ жадында қалдыру үшін жасаған игі ісі деп есептеймін.
Жүсіпбек Аймауытовтың үйіне үлкен он тонналық тас қойып, оған «Осы жерде белгілі жазушы Жүсіпбек Аймауытов дүниеге келді» деп жаздырды. Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдығы қарсаңында Қаныштың әкесі жерленген үлкен қорымның сыртына көлемді де көрнекті тас орнатып, оған сол қабырстанда жатқан марқұмдардың тізімін жариялады. Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген үйіне де ескерткіш белгі қойды. Онда бұл үйде Қаныш Сәтбаев туған деген жазу бар. Бұл екі тасты да ағамыз өз қаражатымен, жүрек қалауымен орнатқан. Кейінгі ұрпаққа үлгі болсын, ардақты аталарын құрметтесін деген оймен жасатты.
– 1983 жылдан бастап, ауданда айтыс ұйымдастырғанбыз. Әр совхоздың өз айтыс ақындарын даярладық. Сөйтіп, жарысушы шаруашылықтардың суырып салма ақындарын өзара айтысқа шығардық. Олар көбіне совхоздардағы кемшіліктерді сынға алды. Мұндай айтысты үзіліссіз төрт жыл бойы өткіздік. Бізден бастау алған айтыс өнерін Екібастұз ауданы да қостады. Осыдан кейін Павлодарда облыстық деңгейде айтыс өткізіле бастады. Расында, айтыс өнерін облыс бойынша ең бірінші бастаған біздің аудан екен. Мәдениет үйінің сахнасында екі үстелге екі ақынды үкілеп отырғызып, бірімен-бірін айтыстыратынбыз. Қымыз сапырылып жататын. Халық көп жиналатын. Айтыста ауылдағы тазалық жайы көбірек айтылатын. Айтыстың жергілікті жерлердегі кемшіліктерді дер кезінде түзетуге ықпалы болғанын айтуымыз қажет, – деп әңгімесін аяқтады Мұрат Дүйсенбайұлы.
Ағамыздың елі үшін атқарған істері атаусыз қалмады. Аудан, облыс көлемінде марапаттары жетерлік. 2011 жылы Баянауыл ауданының Құрметті азаматы атанды. Павлодар облысы әкімінің бұйрығымен облыс алдында сіңірген еңбегі үшін төс белгісімен марапатталды. 2016 жылы Павлодар облысының Құрметті азаматы атағы берілді. Қазір Баянауыл ауданының ақсақалдар алқасын басқарып жүр.
«Жақсы әкенің даналығы – балаға мың жылдық азық» деген дана халқымыз. ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 24 қарашадағы №735 қаулысы бойынша Баянауыл ауданындағы Ақсан ауылының жалпы орта білім беру мектебіне әкеміз Дүйсенбай Рахметовтың аты берілді. Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 72 жылдық мерекесі қарсаңында майдангер ұстазға мектеп аты беріліп қоймай, мүсіні мен музейі салтанатты түрде ашылды.
Мұрат ағамыз, Рымкеш жеңгеміз майдангер ұстаз, қоғам қайраткері Дүйсенбай Рахметұлы әкеміз бен тыл еңбеккері, «Күміс алқа» иегері Қапса қажы Рахымқызы анамыздың жанында елінен алшақ кетпей, туған жеріне, халқына өнеге болатындай еңбек етті. Балаларының да тәрбие, білімдеріне үлкен көңіл бөлді. Нәтижесінде, әке-шешеміздің немерелері заң, денсаулық сақтау, жоғары білім беру салаларында қызмет етіп жүр. Рымкеш жеңгеміз 2016 жылы 30 мамырда ұзақ уақыт бойы меңдеген ауыр науқастан о дүниелік болды. Жаны жәннәтта болсын дейміз. Мұрат ағамыз биыл 80 жасқа толады.
Нұрлан ініміз Әділет министрлігінің генерал-майоры Ойрат Дүйсенбайұлы ағасы сияқты әскер қатарында болып, азаматтық борышын өтеді. Түрлі қызмет сатысынан өткен ол қазіргі таңда Бас прокуратурада қызметте. Гүлхан келініміз – филология ғылымдарының кандидаты, Астана медицина университетінде ұстаз. Ұлы Еркебұлан шетелде магистр академиялық дәрежесіне оқып білім алуда. Қызы Альмира Қазақ гуманитарлық заң университетінде халықаралық құқық мамандығы бойынша білім алып жүр. Анар жұбайы Маратпен Қарағандыда дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты. Айжан – Павлодарда тіс дәрігері, жеке кәсіпкер, Айбота – Қарағанды экономикалық университетінің банк жұмысы кафедрасының оқытушысы.
Бүгіндері Рымкеш жеңгеміздің орнын жоқтатпай балалары кезек-кезек еңбек демалысын алып, ағамызға балалық қамқорлығын көрсетіп жүр. Оларға ағамызға деген ыстық ықыласы мен бала махаббаты үшін алғыс айтамын.
Қайролла РАХИМОВ,
академик