«Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық онлайн конференциясы өтті
«Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық онлайн конференциясы өтті
416
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық онлайн конференциясы өтті. Аталмыш шара ҚХА-ның 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» жобасын жалғастырып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы жолындағы ерен еңбегін айшықтауға бағытталған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың республикалық «Ана тілі» газетінде жарияланған «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты мақаласын талқылау және  «Қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдау» тапсырмасын жүзеге асыруды көздейді. Онлайн конференцияға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Бибігүл Жексенбай, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қазыбек Иса, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, ҚХА мүшелері, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымының өкілдері қатысты. Конференция жұмысына қатысушылар ZOOM конференц-платформасы және ҚХА-ның Фэйсбук желісіндегі ресми парақшасында көрсетілген тікелей эфир арқылы онлайн режимде қосылды. Ұлы дала Қазақстандық журналист және белгілі блогер Максим Рожин жүргізген онлайн конференцияны Ассамблея Төрағасының орынбасары Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев ашып, сөз сөйледі: «Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл ел тұрғындарының мүддесін көздейтіндіктен, азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына, әлеуметтік, саяси-экономикалық жағдайға қатысты мәселелердің барлығын назарда ұстап,  мемлекет дамуына ықпал ететін бастамаларды талқылап, өз ұстанымымызды білдіріп отыратынымыз өздеріңізге белгілі. Бүгінгі дөңгелек үстелдің күн тәртібі де сондай мәселеге арналған. Ел тәуелсіздігінің негізін қалаушы Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тілге деген көзқарас – шындап келгенде, елге деген көзқарас» деп, адамның, қоғамның болмысына бір-ақ ауыз сөзбен сипаттама берген. Өзі Төрағасы болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларында «Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс!» деп үнемі айтып отырғанына да осы жиынға қатысып отырған көбіміз куәміз. Республиканың түкпір-түкпірінде тұратын, қазақ тілін ана тіліндей меңгерген түрлі этнос өкілдері өздерінің тіл үйрену жолдарын ғана емес, өзге елдердегі мемлекеттік тіл мәртебесін мысал ете отырып баяндауы Мемлекет басшысының мәселені дер кезінде көтеріп отырғанына көз жеткізді.  Бұрын басқа ұлттың ұл-қызы ана тілімізде сөйлесе қилы заманда бауырға басқан қазақ халқына деген құрметі деп қабылдайтын болсақ, Ассамблея форумы Жолдауда жасалған «ұлтаралық тіл» туралы тұжырымның өміршең екендігін танытты». Ұлы дала Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Алмасұлы Әзілханов Қасым-Жомарт Кемелұлының «Ана тілі» газетіне берген арнайы сұхбатына орай ой бөлісуге ниет білдіріп, шараның өтуіне ықпал еткен Ассамблея мүшелері мен конференция қатысушыларына алғысын білдіре отырып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, онлайн конференция жұмысына қатысып, өз ойларын білдірген спикерлер қатарында қазақ тілін жаңадан үйренуші, карантин кезінде де мемлекеттік тілді меңгеруді тоқтатпаған Анатолий Ким, Нұр-Сұлтан қаласындағы «LINGVA TEN» тіл үйрету орталығының директоры Владислав Тен және т.б. бар.