Мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен қалай танысқанын айтып берді.
«Менің Елбасын алғаш көргеніме де 35 жылдың жүзі болыпты. Нұрсұлтан Әбішұлы 1985 жылдың қыркүйегінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы кезінде Қытайға келген еді. Ол кезде елшілікте жұмыс істейтінмін. Сонда Үкімет басшысының қытайлықтармен келіссөз барысында байқалған мол біліміне, тоталитаризм тұсында қалыптасқан жайлар жөніндегі батыл ойларына, сөзінің жүйелілігіне бәріміз қатты разы болғанбыз. Елшілік қызметкерлерімен бас-аяғы екі жарым сағатқа созылған бейресми әңгімеден кейін бас қосқанымызда мен әріптестеріме қарап: «Тегінде, біз Қазақстанның болашақ басшысымен сөйлескен шығармыз» дедім.
Арада бес жыл өткенде Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің басшылығына келді. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тәуелсіздік таңындағы алғашқы кадрлық шешімдерінің бірі менің де тағдырымды айқындап берді. «Беласу» атты кітабымда: «Бұл үлкен жүректі адам менің қабілетіме сенді, сенді де оны өзім туып-өскен Қазақстан игілігі үшін аямай жұмсауыма жол ашты» деп жазған болатынмын», – деп жазады Қасым-Жомарт Тоқаев.