«Биылғы алғашқы жартыжылдық барлық әлем елдері секілді Қазақстанға да оңай тимеді. Жаһанды әбігерге салған пандемия бізді де айналып өтпеді. Бұл сын-қатерлер халқымызды біріктіре түсті. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз тәуелсіздікті сәт сайын қорғауымыз керек!» деген қанатты сөзі бар. Жер шарының тұрғындарына қауіп төндірген қатерлі дерттен азаматтарымызды қорғау – тәуелсіздігімізді де қорғау деп білемін.
Індетпен күрес шаралары әлі жалғасады. Елбасы осы сындарлы кезеңде де елімен етене екенін білдіріп, өзі жетекшілік ететін Nur Otan партиясының жалпыхалықтық «Біз біргеміз!» акциясын жариялады. Үндеу тастап, үнемі бір-бірімізге қолдау көрсетуге шақырды. Күллі ел Елбасының ізгілікке шақыруын қабыл алып, күрделі кезеңде береке-бірліктің үлгісін көрсетуде. Бұл игі бастама Нұрсұлтан Әбішұлының халықты мемлекеттік мүддеге жұмылдырушы тұлға екенін тағы да айқын танытты.
Елдегі әлеуметтік ахуалды оңалту – біздің негізгі міндетіміз. Әлеуметтік қолдаумен бірге халықты еңбекке тартудың маңызы зор. Сондықтан жаңа жұмыс орындарын құруға күш салатын боламыз. Қазақстанның білімі мен ғылымын дамытуға ден қоямыз. Бұл – ел экономикасы мен келешегі жолындағы нақты қадам. Болашақта қазақстандықтардың адами әлеуеті жоғары болуы қажет», – деп жазды.