Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа үндеу жолдады
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа үндеу жолдады
308
оқылды

Қымбатты отандастар!

Қадірлі достар!

Өздеріңіз білетіндей, коронавирус инфекция­сы­ның қатерлі пандемиясы әлемнің көптеген елдерін, соның ішінде Қазақстанды да шарпыды. Мил­лион­даған адам осы ауыр дертпен сырқаттанды, ол мені де айналып өткен жоқ. Бірқатар шет мемлекеттер мен Үкімет басшыларының, көрнекті саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің шынайы жанашырлығын та­нытып, маған моральдық қолдау көрсеткені көңілімді тебірентті. Баршасы қалтқысыз ниеттестігін жет­кізіп, сергектік тілеп, тезірек сауығып кетуіме ті­лек­­тестігін жолдады, сол үшін бәріне зор риза­шылы­ғымды білдіремін. Олардың қатарында Ресей президенті Владимир Путин,  Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин, Қырғыз Республикасы президенті Сооронбай Жээнбеков, Өзбекстан президенті Шав­кат Мирзиеев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рах­мон, Түрікменстан президенті Гурбангулы Берды­муха­медов, Түркия президенті Реджеп Тайип Ердо­ған, Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео, Біріккен Араб Әмір­ліктері­нің президенті Халифа Заид Әл Нахаян, Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди, Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ, Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Армения президенті Армен Саркисян, Украина президенті Владимир Зеленский, Корея Республикасының президенті Мун Чже Ин, Пәкістан президенті Ариф Алви, Израиль президенті Реувен Ривлин, Сербия президенті Александр Вучич, Хорватия президенті Зоран Миланович және т.б. бар. Бәрін түгел атап шығу мүмкін емес, бірақ мен олар­дың барлығының жолдаған хат-хабарымен таныс­тым. Қымбатты достар, сіздердің шын көңілден шыққан тілектеріңіз, ыстық ықыластарыңыз маған күш беріп, өмірге құлшыныс-қуатымды арттырды. Бар­шаңызға басымды иіп, зор денсаулық пен табыс тілеймін. Мен еліміздің көптеген өндіріс ұжымдарынан, еңбек ардагерлерінен, әскери қызметшілерден, сту­денттер мен оқушылардан – өз қолдауы мен тілек­тестіктерін жеткізіп, маған мықты денсаулық тілеп, толық сауығып кетуіме ниеттестік білдірген көп қазақстандықтардан хаттар мен жеделхаттар, сондай-ақ әлеуметтік желі арқылы жолданған хат-хабарлар алдым. Маған шынайы жанашырлығы мен қолдауын ғылыми қоғамдастық пен шығармашылық зиялы қауым өкілдері де білдіргенін ризашылықпен айта кеткім келеді. Олардың арасында Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенова, Бибігүл Төлегенова, Төрегелді Шарманов, Мырзатай Жолдасбеков, Сұлтан Ор­а­залин, Ғарифолла Есім, Несіпбек Айтұлы, Жандарбек Мә­лібеков, Талғат Теменов және басқа да Қазақстанға кеңінен танымал қайраткерлер болды. Менің атыма Ольга Рыпакова, Дмитрий Балан­дин, Илья Ильин, Әлия Юсупова, Зарина Диас сияқты белгілі спортшыларымыз ізгі тілектерін біл­дірді. Баршаңызға көп рақмет айтамын! Мен бәріңіз­ді де білемін. Сіздер және басқа да жастар – тәуелсіз­дік перзенттерісіздер. Денсаулық пен бақыт тілеймін! Дәрігерлердің күш-жігері және олардың талап­тарын мүлтіксіз орындаудың, сондай-ақ баршаның қолдауы мен жылы сөздерінің арқасында мен сыр­қаттан сауығып шықтым, қазір өзімді жақсы сезі­немін, толыққанды жұмысқа кіріскелі отырмын. Хал­қыммен бірге бұл сырқаттың бүкіл ауырт­па­шы­лығын сезіндім, қазір емделіп жатқандардың бәріне төзім мен қажыр-қайрат және тезірек сауығып кету­лерін тілеймін. Біз өткеріп жатқан күрделі кезең – бүкіл адамзат­тың басына түскен сын-сынақ. Сырқатпен күрестің ең алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлер адамдарды аман алып қалу үшін барлық күшін жұмсауда. Бұл ретте медицина қызметкерлерінің еңбегіне баға жет­пейді – мұны қазіргі уақыт айқын көрсетіп отыр. Бо­ла­шақта да отандық денсаулық сақтау саласына баса көңіл аударып, оны дамытуға қажетті қаржылық және материалдық ресурстар бөлу керек. Осы орайлы сәтте еліміздің медицина қызметкерлеріне ерекше ризашылығымды білдіремін. Естеріңізде болар, тәуелсіздіктің бастапқы жыл­дары менің шешіміммен арнаулы Ұлттық қор құры­лып, алтын-валюта резерві жасалды. Бұл бізге әлем­дік екі бірдей дағдарысты жеңіп шығуға септігін ти­гізді және сол қаражат қазір Үкіметке пандемияға қар­сы ауқымды жұмыс пен тұрмысы төмендерге қолдау көрсету барысында көмегін тигізуде. Егер алдағы уақытта оны ақылмен, үнемдеп пайдалана білсек, өзге сын-қатерлерді де тиімді еңсере аламыз. Қазақстанның басқа елдер алдында қарызы ең төмен мемлекеттің бірі екені де  біздің артықшылығымыз. Еліміздің Президенті мен Үкіметі қалыптасқан жағ­дайды түзету үшін қажетті барлық шараны қабыл­дауда. Бірақ көп нәрсе өзімізге байланысты. Дәрі­герлер біз үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасап жатыр. Алайда бұл ауруды жұқтырудан сақтану көбі­несе әр адамның өзіне байланысты. Төзімді болу ке­рек, әсіресе, жастарға. Қажетті гигиена талаптарын орын­дап, тезірек вакцина пайда боларына үміттене оты­рып, ауру жұқтырудан барынша ұзағырақ уақыт сау болуға тырысқан жөн. Тәртіп сақтап, өз ден­саулы­ғымызды, туған-туыстар мен жақындардың аман­дығын ойлауымыз қажет, дәрігерлерге сену керек. Халқымыз басқа түскен қиындықты өзінің қай­рат-жігері, ұйымшылдығы, болашаққа деген ұмты­лысы арқылы бүкіл халықаралық қоғамдастықпен бірге лайықты түрде еңсеріп, аман-есен шығарына сенім­дімін. Біз тағы да жеңімпаз боламыз. Еліміздің жақ­сы күндері алда. Біз біргеміз! Біз жеңеміз! Біздің ұра­нымыз осы. Барлық отандастарымызға мықты денсаулық пен игілік, елімізге бақ-береке тілеймін!